Жыл сайын жоғары оқу орындарына арман қуып, сан мыңдаған жас студент аттанады. Бірі туған жерінен жүздеген шақырым алыстап, білім іздеп өзге қалаға барса, енді бірі шекара асып, шетелдік оқу орындарын таңдайды. Қай қалаға немесе елге барғанына қарамастан, әрбір студент үшін оқу орнымен қатар маңызды мәселенің бірі – баспанамен қамтамасыз етілуі.
Әсіресе басқа өңірден келген жастар үшін жатақхана тек тұратын орын емес, оқу жылдарындағы екінші үйі. Пәтер жалдау ақысының қымбаттығын ескерсек, студенттер үшін қолжетімді жатақханалардың болуы әлеуметтік тұрғыдан да маңызды. Сондықтан білім алушылардың қауіпсіз әрі жайлы жағдайда тұруы олардың оқуына, қоғамдық өмірге араласуына және жаңа ортаға бейімделуіне де әсер етеді.
Павлодар облысында жоғары білім беретін бірнеше оқу орны бар. Олардың студенттер үйінде жастарға қандай жағдай жасалған? Жатақхана ақысы қанша? Студенттер қандай мүмкіндіктерді пайдалана алады? Білім алушылардың жатақхана жағдайына қаншалықты көңілі толады? Осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.
Жаңарған студенттер үйі
Ең алдымен болашақ ұстаздарды даярлайтын Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетіне ат басын бұрдық. Мұндағы екі студенттер үйінде де жаңа оқу жылымен бірге студенттердің қызу тіршілігі басталған.
Университет қызметкерлерінің айтуынша, білім алушыларды жатақханаға орналастыру кезінде олардың әлеуметтік жағдайына ерекше мән беріледі. Бұл — әсіресе әлеуметтік осал санатқа жататын студенттер үшін маңызды мүмкіндік.
Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің әлеуметтік қолдау бөлімінің маманы Арайлым Сүндеттің айтуынша, оқу орнында жалпы саны 584 орынға арналған екі студенттер үйі бар.
– Біздің оқу орнында 584 орыннан тұратын екі студенттер үйі бар. Осы жылы бірінші студенттер үйінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, барлық жиһаздар ауыстырылды. Жатақханаларға орналастыру кезінде студенттердің әлеуметтік статустарына басты назар аударамыз. Көпбалалы отбасылардан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін ерекше жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар Ауғанстан, Түркіменстан, Түркия, Моңғолия мемлекеттерінен келген шетелдік студенттер үшін де бөлек жеңілдіктер бар. Білім алушыларға жатақханаға орналасу кезінде барлық ішкі ережелер мен өрт қауіпсіздігіне байланысты ақпарат беріледі. Бұдан өзге студенттер үйі жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстарынан өтіп тұрады, – деді ол.
Жатақханадағы жағдайды жақ-сарту үшін тек ғимараттың ішкі көрінісіне емес, студенттердің күнделікті қажеттіліктеріне де көңіл бөлінеді. Әсіресе биыл бірінші студенттер үйінде жүргізілген күрделі жөндеу мен жиһаздардың жаңартылуы білім алушыларға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Студенттер үйінің ақысы да білім алушылардың қалтасына салмақ салмайтындай деңгейде белгіленген. Екінші жатақханада жылдық төлем 260 мың тең-гені құраса, бірінші ғимаратта 210 мың теңге. Яғни 10 айлық төлем шамамен 21 мың теңге көлемінде.
Екібастұз қаласынан келіп, университеттің бірінші курсында білім алып жүрген Жансая Сердалиева үшін жатақханада тұру — қалада жеке пәтер жалдауға қарағанда тиімді нұсқа.
– Бастауыш білім беру факультетінің бірінші курсында оқимын. Бізге қажетті техникалық жабдықтардан бөлек, кілем, перде сияқты заттар да берілді. Ең бастысы ас үйі мен жуынатын орын бөлменің ішінде орналасқан. Құжаттарды тапсыру кезінде де қиындық туғызатын ешнәрсе болған жоқ. Айына 26 мың теңге төлемақы да біз үшін қолжетімді болып тұр, – деді студент.
Жатақханаға орналасқан жас үшін оның бағасымен қатар, күнде-лікті тұрмысқа қажетті жағдайлардың болуы да маңызды. Ас әзірлейтін орынның, жуынатын бөлменің, қажетті жиһаз бен техниканың болуы студенттің оқуына алаңдамай, жаңа ортаға тез бейімделуіне мүмкіндік береді.
ИнЕУ-дегі студенттер үйі
Жатақхана мәселесі өзге жоғары оқу орындарының студенттері үшін де маңызды. ИнЕУ студенттеріне арналған жатақхана ғимаратында 216 орын қарастырылған. Мұнда әр бөлмеде алты студенттен тұрады.
Студенттер үйіне соңғы рет күрделі жөндеу жұмыстары 2024 жылы жүргізілген. Ал жиһаздар пайдаланылу мерзімі мен күтіміне қарай тұрақты түрде ауыстырылып отырады. Әр қабатта білім алушыларға арналған ас бөлмелері және қажетті техникалық жабдықтар қарастырылған.
Жатақхана — жастардың тек білім алып, тынығатын орны ғана емес, олардың студенттік ортасы қалыптасатын кеңістік. Мұнда түрлі ортадан келген жастар бір бөлмеде тұрып, бірге білім алып, бос уақыттарын өткізеді. Сондықтан студенттер үйіндегі тәрбие жұмыстары да назардан тыс қалмайды.
ИнЕУ университетінің тәрбие-шісі Жұлдыз Зейнуллинованың айтуынша, оқу жылы бойы білім алушылардың қауіпсіздігіне қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
– Оқу жылы басталған кезден аяқталғанға дейін барлық студенттерге өрт қауіпсіздігіне байланысты жиналыстар, ескерту шаралары өткізіледі. Мұндағы студенттер жылына 220 мың теңге көлемінде ақы төлеп тұрады. Студенттердің денсаулығы мен ғимараттағы тазалықты сақтау мақсатында жиі тексеріс жұмыстарын жүргізіп тұрамыз, – деді ол.
Бұл жатақханада да студенттердің бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалған. Білім алушыларға оқуына қажетті орындар, ас үй, жуынатын және кір жуатын бөлмелер қолжетімді.
Жатақханада бірінші курстан бері тұрып келе жатқан Айым Бектұр үшін студенттер үйінің өзіндік орны бар.
– Бірінші курстан бері жатақханада тұрамын, биыл екінші курстамын. Жатақханадағы студенттік өмір маған ұнайды. Студенттерге қажетті жағдайлар жасалған. Оқуымызға қажетті орындар, ас үй, жуынатын бөлмелер және кір жуатын орындар бар. Сонымен қатар жатақханада студенттердің бірге уақыт өткізіп, түрлі іс-шараларға қатысуына мүмкіндік қарастырылған, – деді ол.
Жаңа талап
Өңіріміздегі тағы бір білім ошағы Торайғыров университетінде студенттерге арналған 3 кампус бар. Қазіргі таңда үшеуі де білім алушыларға лық толы. Ағымдағы жылы жатақханалардағы тәртіп өзгерген. Дәлірек айтқанда, ер балалар мен қыз балалар екі бөлек ғимаратта тұрады. Ал бірінші кампус жоғары курс пен шетелдік студенттерге арналған.
Аталған оқу орнындағы жаңа кампустардың жылдық ақысы бір адам үшін жылына 148 мың теңгені құрайды. Мұнда да техникалық жабдықтар мен санитарлық тазалық, өрт қауіпсіздігі талаптары сақталған.
Жатақхана студент үшін маңызды
Жоғары оқу орнына түскен жас үшін жаңа қалаға бейімделу оңай емес. Әсіресе ата-анасынан алғаш рет алыстап, өзге ортаға келген студент үшін тұратын жерінің қауіпсіз әрі жайлы болуы маңызды. Жатақханада тұрудың тағы бір ерекшелігі – жастардың өзара араласуы. Әр өңірден келген студенттер бір шаңырақ астында тұрып, жаңа достар табады, бір-біріне көмектеседі. Бірі оқуына қатысты тәжірибесімен бөліссе, енді бірі қалаға бейімделуге қол ұшын созады. Осылайша студенттер үйі жастардың әлеуметтік ортасына да айналады.
Сара ӘБДОЛ.
Суреттерді түсірген —
Есенжол Исабек.
