Өнімді өндірістер аймағына айналды

Қыр 24, 2026
Foto Valeriy BUGAYEV

Елімізде біраз жыл бұрын инвестиция тартып, өндірістік әлеуетті арттыру жолында әр өңірде арнайы экономикалық аймақтар құру қадамы жасалды. Әр өңірде осындай аймақ ашылды. Солардың бірі – 2011 жылы негізі қаланған «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы. Бүгінде мұнда ірілі-ұсақты 24 кәсіпорын жемісті жұмыс істеуде. Тағы 16-сын іске асыру жұмыстары қарқынды. Міне, өндіріс пен инвестиция тоғысқан, жаңа жобаларға жайлы жағдай жасалған арнайы аймақтың құрылғанына 15 жыл толып отыр.

Айтулы датаға орай Павлодар қаласындағы «Достық үйінде» салтанатты шара өтті. Мерейтойлық кешке облыс әкімінің орынбасары Әйгерім Қабылтаева, өзге өңірлердегі арнайы экономикалық аймақ өкілдері, инвесторлар, кәсіпорын жетекшілері қатысты.

– 15 жыл — тарих үшін қысқа кезең, алайда осы уақыт ішінде атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелерге қарасақ, үлкен еңбек пен маңызды жетістіктерге толы болғанын аңғарамыз. «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы бүгінде өңіріміздің индустриялық дамуының маңызды орталықтарының біріне айналды. Толыққанды инвестициялық өнеркәсіптік алаң қалыптасты. Ондаған жаңа өндіріс ашылып, ішкі, сыртқы нарықта сұранысқа ие өнім шығарылуда. Тұрақты жұмыс орындары ашылды. Ауқымды инвестициялық жобалар іске асуда. Соның ішінде республика бойынша 17 ірі жобалар тобына енгендері бар. Бұл Павлодар облысының жоғары инвестициялық әлеуетін дәлелдеді. Өңіріміздің алдында бүгінде жаңа кезең міндеті тұр. Яғни, инвестиция тартып қана қоймай, шикізатты терең өңдеуге жағдай жасау, озық технологиялар енгізу, кәсіпорындар жаңа экспорттық нарыққа шығуы қажет. Павлодар облысының өнеркәсіптік кооперацияның одан әрі қуатты орталығына айналуға барлық мүмкіндіктері бар, – деді Әйгерім Қабылтаева.

Салтанатты жиын басталмас бұрын арнайы аймақтың іргесі қаланған сәттен бері басы-қасында жүрген азаматтардың бірін әңгімеге тарттық. Бүгінде «Павлодар» АЭА басқарушы компаниясы» акционерлік қоғамының менеджері қызметіндегі Биеке Болатов облыс орталығында инвестиция тартып, жаңа өндірістер шоғырланатын аймақ туралы Президенттің жарлығы шығып, іле іргелі істер атқарылған кезден бері осында еңбек етеді.

– 15 жыл – біздің нәтижелеріміздің куәсі. Қазіргі таңда біздегі жобалардың жалпы портфелі 800 млрд теңгеге жуықтады. 288 млрд теңге игерілді. 40 жоба іске асуда. Олардың ішінде 24 кәсіпорын өнімді еңбек етуде. «Павлодар» арнайы аймағында 1780 адам жұмыспен қамтылған.  Химия, мұнай-химия, металлургия салаларын дамытудамыз. Дайын металл, резеңке, пластмасса өнімдері шығарылады. Көптеген жобалардың инновациялық негізі бар, ұлттық технологиялық даму агенттігі тарапынан қолдау тапқан. Коагулянт, дезинфекциялық құралдар, силикаттық микросфералар өндірісі және басқа да жеке ғылыми негізі бар жобаларды ғылым қоры қолдады, – дейді Биеке Қожабекұлы.

Сондай-ақ ол «Павлодар» арнайы аймағындағы алғашқы кәсіпорынның аяқалысына да тоқталды. Бұл – «Каустик» АҚ. Мұнда өзіміздің жергілікті тұзды көлдердің тұзынан каустикалық сода өндіріледі. Сода өндіргенде шығатын хлор газының тұзды қышқылынан дезинфекциялық заттар шығарылады. 15 жылда бұл табысты кәсіпорынға айналған. Бұдан басқа да өндіріс орындары жергілікті шикізатты кәдеге жаратып, елдегі сұранысты қанағаттандыруда. Кей жағдайларда импортты алмастырып, өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып отыр.

Қазіргі таңда арнайы экономикалық аймаққа 288,5 млрд теңге инвестиция тартылса, соның 177,4 млрд теңгесі – шетелдік инвестициялар. Өндірілген өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 455,6 млрд теңгені, экспорт көлемі 203,3 млрд теңгені құраған. Мұндағы кәсіпорындар 100-ден астам өнім түрін шығарады. Инвестиция құйып, өндіріс ашуға қадам басқандарға жеңілдіктер, мол мүмкіндіктер қарастырылған.

Павлодарлық әріптестерін Қазақстан арнайы экономикалық аймақтар қауымдастығының атқарушы директоры Елена Павлихина мерейтоймен құттықтап, өңіріміздегі өнімді істерге алғысын білдірді.

Өңіріміздегі арнайы аймақтың дамуына үлес қосқан азаматтарға облыс әкімінің, арнайы аймақтар қауымдастығының марапаттары табысталды. Бірқатар қызметкер облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды. Бір топ азаматқа арнайы аймақтың мерейтойлық медалі табыс етілді. Сондай-ақ, «Павлодар» арнайы аймағының басқарушы компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Мәдениет Ахметов пен компанияның менеджері Биеке Болатовқа салалық қауымтастықтың «Арнайы экономикалық аймақтың даңқы» медалі табысталды. Тағы бірқатар қызметкерлері «Арнайы экономикалық аймаққа сіңірген еңбегі үшін», «Арнайы экономикалық аймақтың үздік маманы» медальдарымен марапатталды.

Мерейтойлық кеш концерттік бағдарламаға ұласты. Содан кейін өзге өңірден келген меймандарға павлодарлық арнайы аймақтың артықшылықтары таныстырылды.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.