Шыны керек, бүгінде қазақстандық балалар мен жастардың басым бөлігі фастфуд өнімдерін жиі пайдалануда. Соның салдарынан түрлі дертке шалдыққандар қатары азаймай тұр. Бұған басты себеп – фастфудтың шектен тыс жарнамалануы, дейді мамандар. Бұл мәселені биыл мұғалімдердің тамыз кеңесінде Мемлекет басшысы да көтеріп, Үкіметке тиісті шара қолдануды тапсырған болатын.
Қазіргі таңда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі балаларға бағытталған фастфуд, тәтті сусындар және құрамында қант, тұз, қаныққан май мөлшері жоғары өнімдердің жарнамасын шектеу жөнінде заңнамалық ұсыныстар әзірлеуде. Сол арқылы жеткіншектердің тағам таңдауына маркетингтің ықпалын азайту көзделіп отыр. Алайда аталған мәселе ел арасында қызу талқыланып жатқан жайы бар. Кейбіреулер жарнамаға шектеу қою балалардың денсаулығын қорғаудың тиімді жолы десе, енді біреулер бұл жағдай кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтіруі мүмкін деген пікірде. Сонымен, не істемек керек? Қоғамда түрлі пікір-талас тудырған тақырыпты «Алаңның» талқысына да салып көрген едік.
Айжарқын БАЛТАЖАН,
дәрігер-педиатр, «Poliklinika №1» ЖШҚ балалар бөлімінің меңгерушісі, Павлодар облысы бойынша мектеп медицинасының координаторы:
– Дәрігер ретінде жеткіншектердің фастфуд өнімдерін пайдалануына қарсымын. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігінің бұл ұсынысы өте дұрыс деп есептеймін. Шынымен де, қазіргі балалар фастфуд өнімдерінің жарнамасына қарап қызығатыны айтпаса да түсінікті. Өйткені, олар ненің пайдалы, ненің зиян екенін айыра алмайды. Сондықтан балаларға бағытталған құрамында қант, тұз және қаныққан майы жоғары өнімдердің жарнамасын шектеу – денсаулық сақтау тұрғысынан талқылауға тұрарлық мәселе деп есептеймін. Бірақ жарнамаға тыйым салу арқылы фастфуд өнімдеріне толық тосқауыл қою мүмкін емес екенін де түсінгеніміз жөн. Сол үшін мектептерде оқушыларға дұрыс тамақтану туралы білім беріліп, ата-аналармен де жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілуі тиіс деп ойлаймын.
Біздің мақсатымыз – балаға «мына тағамды жеуге болмайды» деп қорқыту емес, пайдалы тағамды өзі саналы түрде таңдайтын мәдениет қалыптастыру. Сол үшін жұмыс істеуіміз қажет.
Тілектес ЖҰМАНИЯЗОВА,
ардагер ұстаз:
– Әрине, кез келген баланың фастфудқа қызығатыны белгілі. Әсіресе, әлеуметтік желідегі жарнамадан көрген тағамын үйде сұрап жататын балалар да бар. Ата-анасына келіп: «Менің достарым осындай тамақ жейді, мен де соны алғым келеді», «Анау жерде акция болып жатыр, барайықшы», – деп айтатын жеткіншектер көбейді. Мұндай әңгімелерді үйде де жиі естиміз. Бұған қарап, жарнаманың әсері аз емес екенін байқаймыз. Сол үшін жас ұрпақты агрессивті жарнамадан қорғау керек деп санаймын. Бірақ барлық жауапкершілікті жарнамаға артып қоюға да болмайды. Ең дұрысы, баланың тамақтану мәдениеті отбасында қалыптасуы қажет. Егер үйде пайдалы тағам дайындалып, ата-ананың өзі дұрыс тамақтануға мән берсе, бала да соған үйренеді деп ойлаймын.
Тағы бір мәселе – фастфуд арзан әрі тез дайындалатындықтан қолжетімді болады. Ал бала ағзасына пайдалы өнімдердің бағасы қымбаттау тұрады. Яғни, екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Осы мәселеге де мемлекет тарапынан мән берілгені жөн. Егер біз балаға фастфудтың орнына дәмді, сапалы әрі бағасы қолжетімді тағам ұсына алсақ, оның таңдауы да біртіндеп өзгереді деп ойлаймын.
Б
іржан МҰРАТБЕК,
кәсіпкер:
– Қандай өнімнің жарнамасына қатысты шектеу қойылса да, нарықта белгілі бір өзгеріс болатыны анық. Себебі, кез келген жарнама – бизнестің тұтынушыға жету жолдарының бірі. Десе де, бұл мәселені тек бизнеске жасалған қысым ретінде қарастыруға болмайды. Егер мемлекет балаларға бағытталған зиянды өнімдердің жарнамасын шектейтін болса, кәсіпкерлердің де пайдалы тағам өндірулеріне мүмкіндік жасауы қажет. Мысалы, құрамында қант пен тұзы аз тағамдар, көкөністен жасалған өнімдер, табиғи сусындар мен басқа да пайдалы тіскебасарлар нарықта көбірек ұсынылса, тұтынушының да таңдауы өзгеретіні сөзсіз.
Менің ойымша, бұл жерде мәселе тек «фастфудты жарнамаламау қажет!» деген талаппен шектелмеуі тиіс. Одан да мектеп маңында, сауда нүктелері мен қоғамдық тамақтану орындарында ағзаға пайдалы тағам түрлерін көбейтуге басымдық беру керек. Сонда ғана нарықтағы осынау өзгерістер кәсіпкерлер үшін қауіп емес, жаңа бағытқа бет бұруға мүмкіндік болар еді деп үміттенемін.
Нұржайна ШОДЫР.
