Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы өңірде мектеп оқушыларын, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерін тарта отырып, «Біртұтас ел – біртұтас жер» патриоттық акциясын өткізуде. Эстафетаның басты мақстаты — жастардың әскери-патриоттық тәрбиесін арттыру және Отан алдындағы борышын өтеуге аттанатын азаматтарға қолдау көрсету. Ал мұндағы басты шара ҚР Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұлан қатарына жас борышкерлерді салтанатты түрде шығарып салу рәсімін өткізу.
Павлодар қаласының мемлекеттік рәміздер алаңында аталған салтанатты жиын ұйымдастырылды. Біздің облысымыз «Адал азамат – Сарбаз – Отан қорғаушы» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан Қорғаныс министрлігінің «Сарбаз жолы» дәстүрін қолдаған үшінші өңір болды.
Салтанатты шығарып салу рәсіміне Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, Қорғаныс министрлігінің басшылығы, ведом-ствоның ақпараттық-түсіндіру тобының офицерлері, Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің өкілдері, Әскери-техникалық мектептің курсанттары, Қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ әскерге шақырылушылардың ата-аналары мен жақындары қатысты.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміздегі жастардың әскери-патриоттық тәрбиесіне баса мән берілуде. Осы маңызды бағыттағы жұмыстардың бірі – Республикалық «Сарбаз жолы» жобасы. Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтына, жұртына қызмет ету — білімнен емес, мінезден» деген ерекше қанатты сөзі бар. Сол себепті сарбаздың нағыз күші оның мінезінде. Мұндай сәтте сарбаздың да, ата-анасының да жүрегінде толқыныс болатыны қалыпты. Сондықтан ата-аналарға ержүрек азаматтарды тәрбиелегендеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Құрметті ел қорғандары, Отан алдындағы борыштарыңызды аман-есен өтеп, отбасыларыңызға оралыңыздар. Ақ жол! — деді ол.
Жас борышкерлерге жиында салтанатты түрде жаңа конституция кітапшалары табысталды. Сарбаз-дарды азаматтық борышын өтеуге шығарып салуға жиналған ардагерлер, ата-аналар изгі тілектерін білдіріп, жастарды рухтандырды. Солардың бірі — Мақсат Секенұлы.
— Бүгін ұлым Ерсұлтан Қайкен Отан алдындағы парызын өтеуге аттанып барады. Барлық жас сарбаздарға мықты денсаулық тілеймін. Беретін анттарына адал болып, абыроймен оралуға тілектеспін, — деді ол.
Сонымен қатар, ҚР Қорғаныс министрінің тәрбие және идео-логиялық жұмысы жөніндегі орынбасары, генерал-майор Асқар Мұстабеков облыс әкіміне «Сарбаз жолы» жобасын іске асыруға көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді.
— Биылғы жылы мемлекет басшысының тапсырмасымен қарулы күштер қатарына кіретін жас буынды салтанатты түрде шығарып салу шаралары қолға алынуда. Бұл әскерилерді қызметтік жолын аяқтағанға дейін барынша қолдау көрсететін жаңа жоба болып табылады. Бұған дейін де бірнеше облыстарда, аудан орталықтарында өткізілуде. Қазіргі таңда шекара және Ұлттық ұлан қызметіне борышкерлерді жіберудеміз. Жоспар бойынша қазан айынан бастап қарулы күштер бөлімі толықтырылатын болады. «Сарбаз жолы» жобасы шеңберінде жаңа оқу жылынан бастап алғашқы әскери дайындық пәндерінің өткізілу форматы жаңартылды, — деді ол.
Сонымен қатар, ол армияда әскери қызметшілер үшін қажетті жағдайлар жасалып жатқанын атап өтті. Әскери қызметшілерді тұрмыстық қамтамасыз етуге, тамақтандыруға, медициналық қызмет көрсетуге, қауіпсіздікке және ата-аналарымен тұрақты байланысын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінген.
Қатардағы жас борышкерлердің ішінде өз қалауымен әскери қызметке кеткелі тұрған Арсен Жамбыл азаматтық пікірін білдірді.
— Әскерге бару — Отан алдындағы борышым. Әрбір азамат осы бір қасиетті ұғымды жете түсінуі керек деп санаймын. Ата-аналарға айтарым, артық уайым мен қобалжудың керегі жоқ. Себебі, ер азамат болған соң біз үшін бұл кезеңнің маңызы зор, —
дейді ол.
Жоғарыда атап өткендей, өңірге жұмыс сапарымен келген Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Асқар Мұстабеков Павлодар қаласындағы №48 орта мектепте «Жас айбын» сыныбының ашылу рәсіміне және Естай атындағы мәдениет үйінде өткен іс-шараға қатысқан.
Мұнда қала тұрғындары әскери-тарихи экспозициямен, атыс қаруы мен қару-жарақ үлгілерімен танысты. Қорғаныс министрлігі өкілдерінің жастармен кездесуі Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы шығар-машылық ұжымының концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.
Қорғаныс министрлігінің ақпа-раттық-түсіндіру тобы Павлодар қаласындағы №7 және №25 мектеп-тердің жоғары сынып оқушылары үшін Ерлік сабақтарын өткізді. Офицерлер оларға әскерге шақыру және мерзімді әскери қызмет өткеру тәртібі, еліміздің әскери оқу орындарына түсу мүмкіндіктері, үміткерлерге қойылатын талаптар, сондай-ақ әскери қызметтен өткен азаматтарға заңнамада көзделген жеңілдіктер туралы айтып берді.
Сол күні «Batyr Mall» сауда ойын-сауық орталығында Павлодар тұрғындарымен кездесу өткізіліп, олар үшін Қорғаныс министрлігінің Орталық ансамблінің концерттік бағдарламасы ұйымдастырылды.
Әскери қызметшілер сондай-ақ Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Иванович Григорашқа барды. Қорғаныс министрінің атынан майдангерге Алғыс хат пен сыйлық табысталды. Ал Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың ансамблінің солистері оған соғыс жылдарындағы әндерді орындап берді.
Сара ӘБДОЛ.
Суреттерді түсірген -Есенжол Исабек
