19 қыркүйек күні облыста «Таза Қазақстан» жобасы аясында жалпыоблыстық сенбілік өтті. Сенбілік аясында Павлодар қаласының Усолка шағын ауданында тазалық, абаттандыру және қаланың жасыл қорын жаңарту жұмыстары жүргізілді. Шағын аудан аумағында жаңа жөке аллеясы бой көтеріп, Академик Сәтбаев көшесінің бойына 60 түп ағаш отырғызылды. Бұған қоса, сенбілікке қатысушылар өзен жағалауын қоқыстан тазартты.
Қазірде шаһардағы жасыл желектерді қалпына келтіру жұмыстары бірнеше кезең бойынша жүргізілуде. Ал 2024–2026 жылдар аралығында 819 ағаш отырғызылған. Көшеттер Астана, Академик Бектұров, Қайырбаев, Естай көшелеріне, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылына және басқа да аумақтарға егілді.
Биыл күзде қала аумағына тағы 650 түп ұсақ жапырақты жөке ағашын отырғызу жоспарланып отыр. Олар Нұрсұлтан Назарбаев даңғылының бірнеше учаскесіне, Сәтбаев, Ладожская және Олжабай батыр көшелеріне және басқа да аумақтарға егілмек.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Академик Сәтбаев көшесінің бойына 60 түп ағаш отырғызылды. Бұл бастама шағын аудан тұрғындарының ұсынысы негізінде жүзеге асты. Тұрғындар осы аумаққа ағаш отырғызу жөнінде қала басшылығына бірнеше рет өтініш білдірген болатын. Алайда көгалдандыру жұмыстары жаңа көшеттер отырғызумен ғана шектелмейді. Қалада индустрияландыру жылдарында егілген көптеген ағаш бүгінде «қартайып» отыр.
«Берегиня-Био» қоғамдық қорының сарапшы-биологы Татьяна Пономареваның айтуынша, негізгі міндеттердің бірі – қаланың жасыл қорын жүйелі түрде жаңарту.
– Көптеген ағаштың жасы 50-60 жылға жетті. Қалалық ортада кейбір ағаш түрлері мұндай жағдайға төтеп бере алмайды. Сондықтан ескі ағаштардың орнына ересек көшеттер отырғызылады. Олардың тамыр жүйесі мен тәжі қалыптасқандықтан, жаңа ортаға тез бейімделіп, екінші-үшінші жылдан бастап белсенді өсе бастайды. Олар бірден экологиялық әрі эстетикалық қызмет атқарады, – деді маман.
Жаңадан отырғызылған жөке ағаштары кемінде үш жыл бойы бақылауда болады. Мердігер ұйым келісімшарт бойынша көшеттерді күтіп-баптауға жауап береді. Сарапшылардың бақылау нәтижесіне сәйкес, ересек ағаштардың жерсіну көрсеткіші 100 пайызды құрап отыр.
Жаңа аллеяны отырғызу жұмыстарына облыс әкімі Асайын Байханов пен Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков қатысты. Ағаштардың жақсы жерсінуі үшін арнайы технологиялар қолданылды. Атап айтқанда, топырақтың жоғарғы қабаты ауыстырылып, құмның орнына құнарлы топырақ төселеді. Шұңқырлар кеңірек қазылып, құрамында азот, фосфор, калий және басқа да макроэлементтер бар кешенді тыңайтқыш пайдаланылады.
Асайын Қуандықұлы жасыл қорды жаңартуды стратегиялық міндеттердің бірі деп атады. Оның айтуынша, өткен ғасырдың 50–60-жылдарында жаппай отырғызылған ағаштардың басым бөлігі бүгінде қартайған.
– Қаланың әр бөлігінде ескірген ағаштар көп. Оларды кезең-кезеңімен ауыстырып, жасыл қорды жаңарту керек. Бұл жұмысты басқа қалаларда да жалғастырамыз. Бірінші кезекте Ақсу қаласына назар аудару қажет. Дендроплан әзірлеп, жасы үлкен ағаштардың санын анықтаймыз. Павлодарда бұл жұмыс басталып кетті, – деді аймақ басшысы.
2023 жылы Павлодардың қоныстанған аумағындағы жасыл қор түгенделіп, дендроплан әзірленген. Нәтижесінде 10 мыңнан астам ағаш қартайған санатқа жатқызылды. Олардың бір бөлігі апатты жағдайда тұр.
Көпқабатты үйлердің маңындағы ағаштар да өзекті мәселе болып отыр. Қартайған ағаштардың шамамен жартысы кондоминиум аумақтарында орналасқан. Тұрғындарды олардың тамырларының ғимарат іргетасы мен инженерлік коммуникацияларға зиян келтіруі алаңдатады.
Сарапшының айтуынша, барлық ескі ағашты бірден кесуге болмайды. Жаңа көшеттерді ғимараттардан
5 метрден жақын жерге отырғызуға рұқсат етілмейді. Қолданыстағы ағаштарға қатысты арнайы стратегия әзірленіп, оны мәслихат қарауына ұсыну жоспарланып отыр.
– Ағаштардың тәжін қысқартуға тура келеді. Бұған дейін қолдануға қарсылық білдірілген топинг әдісіне қайта оралуымыз мүмкін. Бұл тәсіл ағаштың жоғарғы бөлігін алып, діңін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Оны тұрғын үйлердің маңындағы ағаштарға қолдану қауіпті жүктемені азайтуға көмектеседі, – деді Татьяна Пономарева.
Облыс әкімі қала әкіміне 2027 жылы Павлодардың жасыл қорын жаңарту көлемін ұлғайтуды тапсырды.
Ағаш отырғызу жұмыстары аяқталған соң сенбілік Усолка көпірінің маңында жалғасты. Бір мыңнан астам павлодарлық өзен жағалауын қоқыстан тазартуға атсалысты. Тазалық жұмыстарына мемлекеттік қызметшілер, бизнес және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, еріктілер мен қала тұрғындары қатысты.
12 қыркүйек пен 12 қазан аралығында Павлодарда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында тазалық және абаттандыру айлығы өтуде. Акция басталғалы бері қала аумағынан 2 мың тонна қоқыс шығарылды. Айлық барысында қалалық полигон тұрғындардан қоқысты тегін қабылдайды. Сонымен қатар, тұрғындардың өтініші бойынша қоқыс шығару жұмыстары ұйымдастырылады.
Кейін аймақ басшысы Ақсу қаласының белсенді азаматтарымен бірге ағаш көшеттерін отырғызып, қала тұрғындарымен тілдесті.
— Кез келген үлкен істің бастауы алғашқы қадамнан басталады. Бүгінгі жасалып жатқан жұмыстар да қаламыздың көркеюіне бағытталған маңызды қадам деп есептеймін. Саябақтың абаттандырылып, жасыл желекпен толықтырылуы тұрғындар үшін қолайлы демалыс орнының қалыптасуына мүмкіндік береді, — деді А.Байханов.
Сенбілік аясында жаңа саябақ алаңында ағаш көшеттері отырғызылып, қала көшелері мен аумақ қоқыстан тазартылды. Аталған жұмыстарға жалпы, 1500-ге жуық қала тұрғыны мен мекеме қызметкері және 30-дан аса техника жұмылдырылды.
Болашақта саябақтың екінші бөлігінде пирамидалы теректер отырғызу жоспарланған. Сонымен қатар, аумақта көгал егілiп, оны күтіп-баптауға қажетті суару жүйесі қарастырылған.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.

