Үйдегі үнсіздік: әйелді зорлықтан кім қорғайды?

Қыр 24, 2026

Тұрмыстық зорлық-зомбылық — бір күнде пайда болатын құбылыс емес. Ол кейде жылдар бойы қалыптасқан қорқыныштан, психологиялық қысымнан, экономикалық тәуелділіктен және қоғамның «отбасының ішкі мәселесі» деген түсінігінен тамыр алады. Сондықтан әйелді зорлықтан қорғау тек жазалаумен шектелмей, оның қауіпсіздігін, психологиялық жағдайын және әлеуметтік тұрғыдан қайта аяққа тұруын қамтамасыз ететін кешенді жұмысты қажет етеді.

Махаббаттан — зорлыққа

Айсұлу Жансейітова (есімі өзгертілініп алынды) есімді бойжеткен бала кезінен өзі қалаған менеджмент мамандығы бойынша жоғары білім алып, өзіне ұнайтын саланың маманы болуды армандайды. Сөйтіп, сол арманына жетіп, жоғары білім алған соң, өзі сүйген азаматқа тұрмысқа шығады. Алғашқы жылдары жас отбасының өмірі көп отбасындай қалыпты өтеді. Жолдасы қамқор, жанашыр көрінеді. Болашаққа бірге жоспар құрып, шаңырақ көтерген екі жастың бақытты өмір сүретініне сенім мол еді. Алайда уақыт өте келе жолдасының мінез-құлқында өзгеріс байқала бастайды. Әуелі көңіл көтеру үшін ғана ойнайтын казино біртіндеп оның өмірінің ажырамас бөлігіне айналады. Құмар ойынға әуестік күшейген сайын отбасындағы қаржылық қиындықтар да көбейеді. Қарыз, ашу-ыза, ұрыс-керіс жиілеп, ерлі-зайыптылардың арасындағы бұрынғы сенім мен тыныштық бұзыла бастайды.

Кейін бұл жағдай психологиялық қысымға ұласады. Жолдасының ашуға беріліп, әйелін кемсітуі, қорқытуы, оның жүріс-тұрысын бақылауы күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналады. Бір кездері өзі сүйіп, болашағын бірге елестеткен адамның осындай қырын көру оған ауыр тиеді. Соған қарамастан, отбасының бұзылмауын, балаларының әкесіз қалмауын ойлаған әйел жағдайдың түзелуін күтеді.

Бұл  — тұрмыстық зорлық-зомбылықтың бір мысалы ғана. Мұндай оқиғалардың барлығы бірден күш қолданудан басталмайды. Кейде оның алғашқы белгілері қызғаныш, бақылау, кемсіту, қаржыны шектеу немесе қорқыту түрінде байқалады. Ал құмар ойын, ішімдікке тәуелділік және қаржылық қиындықтар отбасындағы шиеленісті одан әрі күшейтуі мүмкін.

Әйел неге үндемейді?

Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы сөз болғанда, қоғамда жиі қойылатын сұрақтың бірі — әйелдің неге ұзақ уақыт бойы зорлыққа шыдап жүретіні. Алайда бұл сұрақтың жауабын тек оның жеке таңдауынан іздемеу керек. Бұл үрдіс мәселенің әлеуметтік және психологиялық себептерін назардан тыс қалдырады.

Зорлық көрген әйелдің жағдайын сырттай бақылаған адамға «үйден кетіп қалу» ең қарапайым шешім болып көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде, мұндай шешімге бірқатар фактор әсер етеді. Әйелдің тұрақты табысы болмауы, баспана мәселесі, балалардың жағдайы, туыстарының қолдауының жеткіліксіздігі, зорлық көрсетушінің қысымы және ұзақ уақыт қалыптасқан психологиялық тәуелділік — оның нақты таңдау мүмкіндігін шектейтін себептердің бірі.

Кей жағдайда әйел полицияға жүгінуге дейін бірнеше жыл бойы психологиялық қысымға ұшырауы мүмкін. Әуелі күйеуінің қызғанышын қамқорлық деп қабылдауы ықтимал. Кейін оның кіммен сөйлесетініне, қайда баратынына, қандай киім киетініне араласу басталады. Қаржыны бақылау, туыстарынан оқшаулау, кемсіту мен қорқыту қосылады. Физикалық күш қолдану осы үдерістің кейінгі кезеңінде пайда болуы мүмкін.

Мұндай жағдайда әйелдің бойында «жағдайды өзгерте алмаймын» деген түсінік қалыптасуы ықтимал. Сондықтан жәбірленушінің арызын кейін қайтарып алуы немесе зорлық көрсетушімен қайта бірге тұруы әрдайым оның мәселені түсінбейтінін білдірмейді. Керісінше, бұл оның әлеуметтік және психологиялық тұрғыдан қаншалықты күрделі жағдайда тұрғанын көрсетеді.

Полиция назарында

Облысымызда әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі полиция мамандарының үнемі бақылауында. Соңғы жылдары бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар күшейтіліп, зорлық-зомбылықты ерте кезеңде анықтауға басымдық беріліп келеді.

Облыстық Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Индира Жүсіпованың айтуынша, жыл басынан бері полиция департаментіне әйелдерге қатысты тұрмыстық жанжалдар мен зорлық-зомбылық фактілері бойынша 4447 өтініш пен хабарлама түскен. Әрбір хабарлама белгіленген тәртіппен қаралып, жағдайдың мән-жайына қарай құқықтық баға берілген.

— Түскен хабарламалардың барлығы бойынша тексеру жүргізіледі. Құқық бұзушылықтың сипатына қарай материалдар қылмыстық немесе әкімшілік заңнама шеңберінде қаралады. Жыл басынан бері 87 факт бойынша қылмыстық іс тіркеліп, 3776 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық дегенде көпшіліктің ойына алдымен күш қолдану келеді. Алайда оның түрі сан алуан. Полиция тәжірибесінде физикалық зорлық-зомбылықпен қатар психологиялық қысым көрсету фактілері де жиі кездеседі. Кей жағдайда әйелге қорқыту, кемсіту, бақылау арқылы қысым жасалып, кейін ол күш қолдануға ұласуы мүмкін. Қаржылық тәуелділікті пайдалану да әйелдің қиын жағдайдан шығуына кедергі келтіреді, – дейді И.Жүсіпова.

Индира Жүсіпованың айтуынша, полицияға хабарласқан әйелдердің кейбірі кейін арызын қайтарып алатын жағдайлар да кездеседі. Оның себебі әртүрлі. Кейбірі отбасын сақтап қалуға тырысса, енді бірі балалардың болашағын ойлайды. Материалдық тәуелділік, зорлық көрсеткен адамның қысымы немесе оның кешірім сұрап, енді қайталамайтынына сендіруі де әйелдің шешіміне ықпал етеді.

— Әйел зорлық-зомбылық туралы хабарлаған сәтте полиция қызметкерлері алдымен оның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Жағдай бағаланып, жанжалдың мән-жайы анықталады. Қажет болған жағдайда медициналық көмек шақырылып, құқық бұзушыға қатысты заңда көзделген шаралар қабылданады. Сонымен қатар, жәбірленушіге оның құқықтары түсіндіріліп, кейін қорғау тетіктері туралы ақпарат беріледі.

Қолданыстағы заңнамада жәбірленушіні қорғауға бағытталған бірқатар шара қарастырылған. Соның ішінде қорғау нұсқамасын шығару, құқық бұзушыға арнайы шектеулер белгілеу, профилактикалық бақылау жүргізу және қажет болған жағдайда жәбірленушіні дағдарыс орталығына орналастыру мүмкіндігі бар. Егер зорлық-зомбылық бірнеше рет қайталанса, отбасының қауіп деңгейі қайта бағаланып, профилактикалық бақылау күшейтіледі. Бұл ретте жәбірленушімен қатар балалардың да қауіпсіздігіне басымдық беріледі, — дейді полиция майоры.

«Неге кетіп қалмайды?»

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың күрделі тұсы — оның әрдайым көзге көріне бермейтіні. Көгерген із жазылады, ал қорқыныш пен өзін кінәлау сезімі ұзақ уақыт бойы санада сақталуы мүмкін. Психологтардың айтуынша, зорлық көбіне күш қолданудан бұрын басталады. Үнемі бақылау, кемсіту, қорқыту, қаржысын шектеу — әйелдің еркіндігін біртіндеп тарылтатын қысымның көріністері.

Психолог Айжан Байзуллинаның айтуынша, мұндай жағдайда әйелдің «неге кетіп қалмайды?» деген сауалға біржақты жауап беруге болмайтынын айтады.

— Ұзақ уақыт қысым көрген әйелдің бойында қорқыныш пен дәрменсіздік қалыптасуы мүмкін. Ол балаларын, баспанасын, материалдық жағдайын ойлайды. Кейде зорлық көрсетушінің кешірім сұрап, өзгеруге уәде беруіне де сенеді. Сондықтан жәбірленушіні кінәлау емес, оған қауіпсіздік пен қолдау ұсыну маңызды, — дейді психолог.

Маманның пікірінше, әйелдің арызын қайтарып алуы да мәселенің шешілгенін білдірмейді. Себебі зорлықтың артында бір ғана жанжал емес, ұзақ уақыт қалыптасқан психологиялық тәуел-ділік жатуы мүмкін.

— Мұндай ортада баланың да жан дүниесі жараланады. Ол ата-анасының арасындағы қарым-қатынасты көріп өседі және үйдегі қорқынышты біртіндеп қалыпты жағдай ретінде қабылдауы ықтимал. Сондықтан зорлықтан қорғау — әйелді ғана емес, баланың болашағын да қорғау, — дейді ол.

Психологтың айтуынша, жәбірленушіге алдымен қауіпсіз орта мен таңдау құқығын қайтару қажет. Өйткені зорлықтан шығу — бір сәттік шешім емес, адамның өзіне деген сенімін қайта қалпына келтіруді талап ететін күрделі процесс.

Түйін:

Зорлық-зомбылықтың алдын алу — тек полицияның немесе жәбірленушінің міндеті емес. Бұл — қоғамның ортақ жауапкершілігі. Үндемей қалу зорлықты тоқтатпайды, керісінше оның жалғасуына жол ашуы мүмкін. Сондықтан әрбір дабылға бейжай қарамай, жәбірленушіге қолдау көрсету, оның құқығы мен қауіпсіздігін қорғау маңызды. Себебі зорлықсыз отбасы — қауіпсіз қоғамның негізі. Ал әйелдің қорқынышсыз өмір сүруі — қалыпты жағдай, оған берілетін артықшылық емес.

Айдана БОРАНБАЕВА.