19 тамыз — Дүниежүзілік фотосуретшілер күні. Атаулы күнге орай Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркем-сурет музейінде фотосуретші Едіге Ниязовтың туындыларынан жинақталған фотокөрменің ашылуы өтті. Оған фото-графтың 40-тан астам туындысы қойылды.
Аталмыш музей басшысының орынбасары Ольга Пашконың айтуынша Едіге Ниязов өмірлік тәжірибесі барысында әлемнің көптеген әдемі жолын суретте бейнелей алған.
— Едіге Ниязов — әйгілі пейзаж суретшісі. Оның ақ-қара портреттері, тіпті орта сипатта түсірілген кейіпкерлердің өзі сөйлей алады. Көрмеге қойылған суреттердің барлығы біздің музейде сақтаулы. Портреттерде өңірімізге белгілі журналистер, қоғам қайраткерлері, жазушылардың бейнесі суреттелген. Осы сәтті пайдаланып Едіге Ниязов жайлы көрермендерге көбірек ақпарат бергіміз келеді. Келесі жылы фотографтың дүниеден өткеніне 15 жыл толады. Фотографты еске ала отырып көлемді көрменің ашылуы өтеді, — дейді О.Пашко. Едіге Ниязов – Ресей Фотосуретшілер одағының мүшесі, «Темный фонтан» атты фотосуретшілер қоғамының Құрметті мүшесі және Ертіс өңірі Дизайнерлер қауымдастығының мүшесі. Дербес көрмелері Мәскеу, Мелитополь, Ухта, Экс-ан-Прованста, Стокгольм, Гамбург секілді қалаларда өткізілді. Оның «Прямая фотография» атты соңғы дербес көрмесі Санкт-Петербургте 2009 жылы «D137» галереясында өтті. Шебердің фотожұмыстары Қазақстан, Ресей, АҚШ, Германия, Франция, Нидерланды, Финляндия елдерінің мемлекеттік және жеке коллекцияларында сақталған. Сонымен қатар, Санкт-Петербург қаласындағы орыс мемлекеттік музейінде, Францияның Бьевр қаласын-дағы және Павлодар облыстық көркемсурет музейінде де бар. Фотосуретшінің есімі ТМД-ның үздік фотографтарының қатарына кіреді. Оның портреттерінде – жеке тұлғаға, пейзаждарда – шындыққа баса назар аударуға бағытталған ерекше және бірегей көзқарасы фотосурет өнерінде жаңашыл бағытты қалыптастырғаны сөзсіз. Көрме бір ай көлемінде жұмыс істейді.
Айдана БОРАНБАЕВА.