Үйіңіздегі су есептегіш құралдарыңыздың қолдану мерзімі аяқталса, жаңасын қоюда жаңашылдық барын ескеріңіз. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің 2025 жылғы тамыздағы бұйрығына сәйкес, тұрғындар үйлеріне деректерді қашықтықтан беретін есептеуіштерді орнатуға міндеттеліп отыр.
Құнын қалта көтермейді
Осындай талаптың қойылғанына бүгінде тұрғындар наразы. Өйткені, радиомодульдік есептеуіштердің бағасы да арзан емес. Бір құрылғының құны 35 мың теңгеден асады. Ал бір үйде бірден бірнешеуін орнату қажет болса, қомақты қаржыңыз болуы қажет. Мұндай қаражат екінің бірінің қалтасында бола бермейтінін ескерсек, әлбетте, азаматтарға әжептәуір салмақ түсіреді.
Бүгінде сан сұрақты павлодарлық тұрғындар әлеуметтік желіде «Павлодар водоканал» кәсіпорнына жаудырып жатыр. Усолка шағын ауданының тұрғыны, зейнеткер Клара Бәйтенқызы қазіргі таңда есептеуіш құралдың қайсысын орнататынын білмей, абдырап қалғанын айтады.
– «Павлодар-Водоканалға» бардым. Үйімдегі екі есептеуіш құралының бірінің мерзімі өтіпті. Екіншісіне әлі екі жыл бар. Содан уақыты өткенін жаңа түріне ауыстыру керектігі айтылды. Біреуінің құны 35 мың теңгеге жуық деп түсіндірді. Екіншісіне мамандарды шақыртып, тексертіп, әлі екі жыл қолдануға болатынын айтты. Бірден екеуін ауыстырып, орнату беруді сұрадым. Сөйтсем, екеуіне 70 мыңнан астам ақша қажет. Орнату үшін сырттан сантехникті өзім іздеп, ақылы түрде орнатқызады екенмін. Орнатқаннан кейін пломба қоюға «Павлодар-Водоканалға» өтініш қалдыруым керек. Пломбалау тек қараша айында мүмкін болатыны ескертілді. Кезекте тұрған азаматтардың бірі ескі есептеуіш құралын жекеменшік фирмаларға тексертіп, ары қарай жарамды деген сертификат алу мүмкіндігі барын айтып, кеңес берді. Екі ойлы күйде үйге кеттім. Жаңа үлгідегі есептеуішті орнатуға дайынмын. Бірақ, мұның бәрін түрлі мекемеге барып, маман іздемей, өздері орнатуды ұйымдастырса деймін. Әйтпесе, қаншама егде жастағы адамдарға ыңғайсыз, – дейді Клара Бәйтенқызы.
Бұл тұрғынымыздың қалтасы көтергенімен, қаншама зейнеткер әлеуметтік желіде зар илеп отыр. Мәселен, әлеуметтік желіде павлодарлық зейнеткер осы радиомодульді есептеуіш құралдарына қатысты тағы бір мәселені көтергенін көзіміз шалды.
– «Павлодар-водоканал» ЖШС-іне сұрағым бар. Радиомодульді есептеуіштер 5 қабатты ескі үйлерге көлемі жағынан келмейді. Сонда не істейміз? Есептеуіштің біреуінің құны 40 мың теңгеден асады, үйге төртеуін орнату үшін 160 мың теңгені қайдан аламыз? Зейнеткерлер судың құнын қалай төлейді?,– деп ашынады қала тұрғыны.
Орнату міндет пе?
Осы тектес сұрақтың алуан түрі айналамызда да, әлеуметтік желіде де жетерлік. Ал «Павлодар-Водоканал» кәсіпорны бәріне бір ғана жауап қатып, мұндай құрал орнату бастамасы бізден шыққан жоқ деумен шектелуде.
– Су есептегіштерін радиомодульдік есептегіштерге ауыстыру «Павлодар-Водоканал» ЖШС-нің жеке бастамасы емес. Жаңа талаптарды ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің 2025 жылғы 8 тамыздағы №295 бұйрығына, сондай-ақ Су кодексінің 107-бабының 4-тармағына сәйкес енгізілді. Бұл талап жарамсыз немесе пайдалану мерзімі өтіп кеткен есепке алу құралдарына қолданылады. Радиомодульдік есептегіштерді тек «Павлодар-Водоканал» ЖШС-нен ғана емес, басқа да жеткізушілер – «Chronos», «WAVIoT» және «Astel» компанияларынан сатып алуға болады. Таңдалған есептегіш қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес болуы тиіс. Яғни, ҚР өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесінің тізіліміне енгізілген, деректерді қашықтан беру мүмкіндігі бар және «Павлодар-Водоканал» ЖШС-нің ақпараттық-өлшеу жүйесімен үйлесімді болуы қажет Радиомодульдік есептегіштің жұмыс істеуі үшін интернетке қосылу талап етілмейді, деректер арнайы көзделген байланыс арнасы арқылы беріледі. «Павлодар-Водоканал» ЖШС көрсеткіштерді қабылдау үшін барлық қажетті жабдықпен қамтамасыз етілген, – делінген «Павлодар-Водоканал» ЖШС-нің ресми мәлімдемесінде.
Алайда, жаңа құралды орнатқандардың кейбірі автоматты түрде кетуі тиіс көрсеткіштер кәсіпорынға түспегендіктен, судың ақысы еселеп келгенін айтып, наразылық танытуда. «Павлодар-Водоканал» кәсіпорнының әлеуметтік желідегі парақшасындағы жарияланымның астындағы пікірлерге қарап, бұл жаңа құрылғыға қатысты түйткілдің аз еместігін аңғаруға болады. Тұрғындардың бірі жаңа жабдықты орнатқанымен, көрсеткішті бұрынғыша жолдауға мәжбүр болған. Оның ебебін сұраған қала тұрғынына кәсіпорын былайша түсіндірген екен:
– Радиомодульді есептеуіштерден көрсеткіштердің тікелей жібе-рілмеуінің себептері әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен, радиомодульдің батареясы таусылуы немесе ақауы бар болуы ықтимал. Есептеуіш әрекет ету аймағынан тыс болса, дабыл беру деңгейі әлсіз болуы мүмкін. Радиомодульдің өзі немесе қашықтан таратқышы бұзылса немесе зақымдалса, көрсеткіш жіберілмей қалады. Металл конструкциялар сияқты сигналға кедер-гілер келтіретін жағдайлар да – бір себебі. Әрбір жағдай жеке қарастырылады. Сондай-ақ, есептеуіш құралдың техникалық жағдайына, оның сақталуы мен ақаусыз жұмысына абонент өзі жауапты екенін атап өту керек. Абонент есептеуіштердің жағдайын уақытылы қадағалап отыруы, тиісінше жұмыс істеуін қамтамасыз етуі қажет.
Бұл жауапты оқыған тұрғындар «ал керек болса!» деп тағы дал. Өйткені, оқып отырғандарыңыздай, құралдың әрдайым дұрыс жұмыс істеп тұрғанын әркім өзі қадағалап жүруі керек. Бәрі бірдей мұндай жағдайды қамтамасыз етуге қауқарлы емес. Дұрыс істеп тұрғанын қарапайым тұрғын қайдан біледі? Металл заттар кедергі келтіруі керектігі айтылған. Мұны да тұрғындар түсінер емес. Санитарлық торап бөлмесінде айнала темір құбырлар өтіп тұрса, оның бәрі көрсеткіштің тура түсуіне кедергі келтірсе, не істемек керек?
Бұл мәселемен тұрғындар түрлі органға шағымданып, нақты жауап күтуде. Облыстық табиғи монополиялар департаментіне де сұрақтар көптеп түскен. Құзырлы орган құзыретіне жатпайтындықтан, барлық шағымдар мен сұрақтарды Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне жолдауда. Сонымен қатар, департамент «Павлодар-Водоканал» ЖШС-іне де осы мәселеге байланысты министрліктен ресми түсіндіру алу үшін тікелей хат жолдауды талап еткен. Көпшілік көп сұрақтың жауабы келіп, мәселенің мән-жайы анықталады деген үмітте.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
