Тәпеновтің театрдағы тұлғасы

Қаз 1, 2026

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Тәпенов мұрасы: дәстүр, ізденіс, заманауи театр» атты республикалық ғылыми конференциясы өтті. Аталған жиында Бұқар жырау музейі қызметкерлерінің құрастыруымен архивтік деректер негізінде жарық көрген «Қырсекциядан» Аймауытов театрына дейін» атты тарихи зерттеу кітабының тұсауы кесілді.

Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының ұйымдастыруымен өткен ауқымды жиынға облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова қатысып, Тәпенов мұрасының руханияттағы орнына тоқталды.

— Театрдың өткенін зерделеп, бүгінгімен ұштастыру – тұтас бір дәуірдің мәдени келбетін, сол жолда еңбек еткен тұлғалардың тағдырын, ізденісін, шығармашылық ұстанымын тану деген сөз. Бүгінгі конференцияның танымал режиссер Ерсайын Тәпеновтің шығармашылық мұрасына арналуы да – осы тұрғыдан алғанда аса маңызды. Оның шығармашылық жолы – дәстүр мен ізденістің, кәсіби шеберлік пен жаңашылдықтың тоғысын көрсететін тағылымды мектеп. Басқосудың тағы бір айтулы жаңалығы – Павлодар облыстық Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының тарихына арналған тарихи кітаптың тұсаукесері болмақ. Бұл кітап – жай ғана анықтамалық басылым емес. Бұл – театрдың қалыптасу жолын, сахна саңлақтарының еңбегін, әр кезеңдегі шығармашылық ізденістерін кейінгі ұрпаққа жеткізетін рухани мұра, — деді Айгүл Қайыртасқызы.

ХХ ғасырдың 1960 жылдарының соңы мен ХХІ ғасырдың басындағы қазақ театр өнерінің даму серпінін, режиссурадағы жаңа ізденістерді Ерсайын Тәпеновтің есімімен байланыстырмай қарастыру мүмкін емес. Ол — театр кеңістігінде тек қоюшы режиссер ретінде ғана емес, ұлттық мәдениеттің өзекті мәселелерін сахна тілінде сөйлеткен кемел суреткер ретінде танылған тұлға. 1990 жылдың 7 желтоқсаны – Ертіс-Баян өңірінің рухани шежіресіндегі айрықша күндердің бірі. Дәл сол күні Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының шымылдығы Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясымен алғаш рет түрілді. Ал сол тарихи қойылымды сахналап, жаңа театрдың шығармашылық бағытын айқындаған тұлға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, білікті режиссер Ерсайын Қандержанұлы Тәпенов еді.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Ақбеттау» журналының бас редакторы Сайлау Байбосын сөз сөйлеп, қазақ театрының арғы тарихынын сөз қозғады.

— Ерсайын Тәпенов ағамыздың қазақ театрларының қалыптасуына сіңірген еңбегі зор. Оны бүгінгі буын жоғары бағалап, осындай ірі шара өткізгеніне қуаныштымын. Біз қазақ театр өнері дегенде Жұмат Шанинді еске аламыз. Бірақ қазақ театрының ең тұңғыш режиссері Жүсіпбек Аймауытов екенін ұмытпау керек. Жүсекең 1919 жылы Семейде Біржан-Сара айтысын пьеса қылып жазып, оған өзі режиссер болып сахнаға шығарды. Өзі Біржан салдың рөлін ойнады. Одан кейін де қазақ театры қазақ руханиятының дамуына айрықша үлес қосты, — деді Сайлау Байбосын.

Сонымен қатар, белгілі театртанушылар да арнайы келіп, Е.Тәпеновтің театрдағы тұлғасы, режиссерлік шешімдері мен шебер-лігі жайлы баяндамалар жасады. Олардың қатарында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Бақыт Нұрпейіс, Қазақстан Театр сыншылары бірлестігінің төрағасы, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының меңгерушісі Анар Сайымжанқызы, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының аға оқытушысы Айжан Қадырбайқызы сынды өнер майталмандары бар.

Осы жиын барысында қазақ театрларының тарихын зерттеген тағы бір сүбелі зерттеу еңбек – «Қырсекциядан» Аймауытов театрына дейін» кітабының тұсауы кесілді. Кітап авторлары – белгілі қаламгер, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің басшысы Ербол Қайыров және журналист-публицист Мұрат Аяғанов. Тұсаукесер лентасын театрдың аға буын өкілдері Жұмахан Доспаев, Бейбіт Шәнім, Рауза Тәжібаева және Талжібек Атамбек сынды өнер қайраткерлері кесті.

Тілеуберді САХАБА.