Ұстаздық жол – зор жауапкершілікті, үздіксіз ізденісті талап ететін абыройлы мамандық. Әсіресе еңбек жолын ауыл мектебінен бастаған жас маман үшін бұл – тәжірибе жинақтап, шәкіртпен бірге өсіп, кәсіби тұрғыдан қалыптасудың маңызды кезеңі. Биыл Май ауданындағы білім беру ұйымдарына түрлі бағыттағы 21 жас маман келіп, ұстаздық қызметке кірісті. Олардың қатарында бірнеше пән мұғалімімен қатар, бастауыш сынып ұстаздары, тәрбиеші және инженер-программист те бар.
Олардың қатарында қазақ тілі, математика, информатика, химия, ағылшын тілі, тарих, дене шынықтыру пәндерінің мұғалімдері, бастауыш сынып ұстаздары, тәрбиеші және инженер-программист бар. Түрлі бағыттағы мамандардың аудан мектептеріне қызметке орналасуы білім беру саласындағы кадрлық құрамды жаңартып қана қоймай, заманауи білім беру талаптарына сай жаңа бағыттарды дамытуға мүмкіндік береді.
Сондай жас мамандардың бірі – Меруерт Асан. Павлодар қаласындағы Марғұлан университетін үздік тәмамдаған ол Көктөбе ауылдық орта мектебіне конкурссыз қабылданып, ұстаздық жолын осы білім ордасында бастады. Университет қабырғасында алған теориялық білімін енді тәжірибемен ұштастырып, оқушылармен жұмыс істеу арқылы кәсіби шеберлігін қалыптастыруға мүмкіндік алып отыр.
Май ауданына өзге өңірден арнайы келген жас мамандар да бар. Солардың бірі – Қызылорда қаласынан Кеңтүбек ауылдық орта мектебіне келген химия пәнінің мұғалімі Назгүл Бектұрхан. Ол 2023 жылы оқуын аяқтап, өз мамандығы бойынша жұмыс іздеп, Май ауданына келген. Жас ұстаз жаңа ортаға тез бейімделіп, әріптестерінің қолдауын сезінгенін айтады.
— Өз мамандығым бойынша жұмыс таба алмай, Май ауданына келдім. Қазір жұмысым ұнап жатыр. Ұжым да жақсы қарсы алды. Жалпы, жас маман үшін алғашқы еңбек жолы – кәсіби тұрғадан қалыптасудың маңызды кезеңі. Осы уақытта тәжірибелі әріптестердің ақыл-кеңесі мен қолдауы ерекше рөл атқарады. Ауыл мектебіндегі еңбек бізге оқушылармен тығыс жұмыс істеуге, түрлі әдіс-тәсілді тәжірибеде сынауға және өздерінің педагогикалық бағыт-бағдарын айқындауға мүмкіндік береді, — дейді Назгүл.
Ал Малайсары орта мектебінің информатика пәні мұғалімі Аида Ахметжан үшін ұстаздық қызметін туған мектебінде бастау – зор қуаныш. Бір кездері өзі оқушы болып отырған білім ордасына енді мұғалім болып оралған жас маман мектептің тыныс-тіршілігін жақсы біледі.
— Өз мектебімде жұмыс істеген ұнайды. Барлық мұғалімдерді, оқушыларды танимын. Өзім білім алған мектепте еңбек ету — мен үшін үлкен жауапкершілік. Сондай-ақ, информатика пәнінің жас маманы үшін бұл-жауапкершілікпен қатар, оқушыларға заманауи технологияларды меңгертуге өз үлесін қосуға берілген мүмкіндік. Бүгінде цифрлық сауаттылық пен ақпараттық технологияларды игеру білім алушылар үшін аса маңызды дағдылардың біріне айналып отыр, — дейді ол.
Жалпы, жас мамандардың аудан және ауыл мектептеріне тартылуы білім беру саласының бірнеше бағытын қатар қамтиды. Қазақ тілі мен тарих пәндерінің жас мұғалімдері оқушылардың гуманитарлық білімін тереңдетуге атсалысса, математика, химия және информатика мамандары жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерге қызығушылықты арттыруға үлес қоса алады. Ал ағылшын тілі мамандары оқушылардың шет тілін меңгеруіне мүмкіндік беріп, олардың білім көкжиегін кеңейтуге жол ашады.
Жас маман – ертеңгі тәжірибелі ұстаз. Оның кәсіби қалыптасуына жасалған қолдау болашақта мектептің дамуына да әсер етеді. Жастардың тың идеясы мен заманауи білімі аға буын мұғалімдердің тәжірибесімен ұштасқанда, білім беру үдерісінің сапасы арта түсері сөзсіз.
Айдана БОРАНБАЕВА.
