Цифрландыру заманында ақшаны жедел аударудың тетіктерін көпшілік күнделікті өмірде кеңінен пайдаланады. Алайда, алаяқтардың, кейбір әккілердің айласын асырып, дәл осы ақша аударымы арқылы жастарды заңсыз істерге тарту мәселесі де туындап отыр. Осыны ескерген Құрылтай депутаттары Қазақстанда 14-22 жастағы азаматтардың 50 мың теңгеден жоғары аударымдарын биометриямен растауды ұсынып отыр. Мұндай өзгеріс жеңіл табысқа қызыққан кейбір жастарды дропперлік істерден арашалай ала ма? Әрбір аударым кезінде биометриялық растау жасау азаматтарға қолайсыздық туғызбай ма? Ұсыныстың осы және өзге де оңы мен солын «Алаңда» талқылап көрдік.
Зарина ӘДІЛОВА,
заңгер:
– Әрине, қауіпсіздік маңызды, бірақ, биометрия міндетті болмауы тиіс. Биометрия енгізу артық қадам деп есептеймін. Бір рет қана өтпей, ақша аударған сайын биометрияны міндеттеу, керісінше, алаяқтарға жол ашып беретін сияқты. Бүгінде банктен бөлек емханаға кіргеннен бастап биометриядан өтесің. Онсыз ем-дом шарасын көбінде өткізбейді. Алаяқтар айласын асырған заманда биометрия қауіпті деп есептеймін. Әрбір күнделікті тұрмыстық операцияны сәйкестендіру үрдісіне айналдыруға болмайды.
Меніңше, биометрия емес, оның орнына банк тарапынан аударымдарға шектеу қою мүмкіндігін қарастырған жөн болар. Жастар дроппер болып, қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Алаяқтар миллиондаған ақшаны бір күнде жас азаматтың шотына түсіріп, одан кейін ол арқылы бірнеше тұлғаға аудартады. Міне, осындай әрекеттерге банк тарапынан талдау жасалуы керек деген ойдамын. Өзіңіз ойлаңызшы, 18 жастағы азаматқа 1 күнде 3 000 000 теңге түсуі күмәнді ғой. Ол ақша бірнеше тұлғаға сол күні аударылса, бірден күдік тудырады. Бір сөзбен айтқанда, банктер транзакциялық мониторингті күшейтуі керек. Аударылғанда қосымша тексеру жүргізуі керек.
Елена ЯРОВЕНКО,
қоғам белсендісі:
– Мен мұндай ұсынысты қолдар едім. Себебі, пысықайлар кейде балалардың телефонын алып, банктік қосымшасындағы ақшасын жасырын аударып алу жағдайларының жолын кесуге де көмегі болар еді. Сонымен қатар, дропперлік істер жетегінде, алаяқтардың арбауында өскелең ұрпақ кетпеуі үшін сақтық шараларының бірі ретінде іске қосса, оның тек пайдасы ғана болады деп ойлаймын. Яғни, жастардың шоттарын үшінші бір тұлғалардың пайдалануына мүмкіндік бермейді.
Бұл ретте, Құрылтай депутаттары 14-22 жас аралығын қамтуды
ұсыныпты. Меніңше, 14-18 жас деп алған жөн болады. Олай дейтінім, кейбір жастар 20 жаста жұмысқа орналасып, еңбек етеді. Олардың әрбір аударымы кезінде биометрияны міндеттеу қисынсыз болуы мүмкін. 18 жастағы азаматтар оң-солын біліп қалады. Әр әрекетіне өзі жауап беретін жас деп санаймын.
Шыңғыс ЖАНБОЛАТ,
студент:
– Қазіргі кезде заманауи тәсілдерді енгізіп, сақтықты күшейткенді өз басым құптаймын. Биометрияны міндеттеу, ең алдымен, қауіпсіздік тұрғысынан аса қажет деп ойлаймын. Яғни, SMS-код немесе парольмен шектелмей, биометрияны қосса, ақшаны қолды ету қиындатылады. Алаяқтардың өзгенің телефонынан ақша аударуының жолы кесіледі. Мұндай жаңашылдық арқылы күдікті операцияларды жылдам анықтау мүмкін болар еді. Маған биометрия жасау еш қиындық тудырмайды. Мен қатарлы замандастарым да жылдам биометриядан өте алады. Негізі, елімізде кейбір банктік жекелеген операциялар кезінде биометриялық сәйкестендіру бұрыннан қолданыста бар. Адамдар да оған үйреніп қалды.
Жеңіл ақша соңына түсіп, шотын «жалға беру» арқылы дропперлікке ұрынып жатқан жастардың да барын естіп жүрміз. Оның алдын алу үшін сақтық шараларымен қоса, түсіндіру жұмыстарын көбейту керек. Мұндай әрекет қылмыстық жауапкершілікке жетелейтінін де жастарға жиі айту артық етпейді. Ата-аналары да артық ақша баласына қайдан келіп жатқанынан хабардар болып, қадағалап отыруы тиіс.
«Алаңды» үйлестірген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
