Тіл – адамзатты біріктіретін құрал

Қаз 15, 2026

Торайғыров университетінде «Тіл – достық құралы!» атты дәстүрлі тілдер фестивалі өтті. Онда осыдан бір ай бұрын жарияланған тілдер айлығының қорытындысы шығарылып, тіл саясатына өз үлесін қосып жүрген азаматтар марапатталды.

Тілдер фестивалінің басты мақсаты — еліміздегі тіл саясатын насихаттау, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру және Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдері мен мәдениетін құрметтеу. Естеріңізге салсақ, ағымдағы жылдың 1-30 қыркүйек аралығы облыс бойынша «Тілдер айлығы» деп жарияланған болатын. Осы уақыт аралығында облыстың қалалары мен аудандарында елімізде тұратын этнос өкілдерінің мәдениетін, тілін, тарихын және тұрмысын насихаттайтын 200-ден астам іс-шара өткен. Сондай-ақ, тілдерді насихаттауға арналған байқаулар, дөңгелек үстелдер, концерттік бағдарламалар мен конференциялар ұйымдастырылды.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқанның айтуынша, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, түрлі кемшіліктерді дұрыстау бағытында тіл жанашырларының үлесі зор. Мысалы, соңғы екі-үш айдың көлемінде тіл заңнамасын бұзған кәсіпорындарға қатысты 270-ке жуық хаттама толтырылып, оның 43-іне айыппұл салынған.

– Тілге қатысты мәселені айқайламай-ақ заң жүзінде шешу маңызды. Себебі, қазір қызмет көрсету сала өкілдері тілге қатысты талаптарды әбден түсінген. Тіл – ұлттарды бөлетін емес, керісінше, түрлі этнос өкілдерінің бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруіне, бір-бірін түсінуіне және достық қарым-қатынас орнатуына мүмкіндік беретін үлкен құрал. Бір ай көлемінде өңірімізде бес жүзге жуық іс-шара ұйымдастырылды. Кітапханаларда, мәдениет үйлерінде өзге этнос өкілдерімен кездесулер, дөңгелек үстелдер, пікір алмасулар өтті. Осы іс-шараларда тілдің қолданылу аясын кеңейту, оны оқып-үйренуге жағдай жасау және этностар тілдерін дамыту мүмкіндіктері талқыланды, – дейді Медет Тауасқан.

Фестиваль барысында мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге үлес қосқан облыстың бірқатар азаматтары Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамотасымен,  Алғыс хатымен және Павлодар облысы әкімі орынбасарының Алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында Павлодар қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Мейрам Нұғыман, Ертіс аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алтынай Тілеуова, Май аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанаргүл Рахманбергенова, тіл жанашыры Диана Желкобаева сынды азаматтар бар.

– Қазақ тілі мен үшін мемлекеттік тіл ғана емес, туған тілім сияқты. Менің ойымша, қазақ тілін білу – әр азаматтың парызы. Қазақ тілін жастарға ғана емес, ересектерге де қызықты етіп үйретудің жаңа жолдарын қарастырған жөн. Мысалы, жұмыстан кейін жиналып кітап оқып, оны бірге талқылайтын, еркін сөйлесіп, пікір алмасатын қазақ тілі клубтары болса, адамдардың тілді үйренуге деген қызығушылығы арта түсер еді. Ең бастысы, қазақ тілін үйренуді міндет емес, қызығушылықпен қабылдату керек, – дейді Диана Желкобаева.

Тілеуберді САХАБА.