Соңғы уақытта Павлодар қаласында муралдардың қатары көбейіп келеді. Ғимараттардың қасбеттеріне салынған көлемді суреттер шаһардың көркін келтіріп қана қоймай, оның мәдениеті мен өнерін де дәріптеуге үлес қосуда. Осындай туындылардың қатарын енді қазақтың белгілі әншісі Батырхан Шүкеновтің портреті толықтырды.
Павлодар қаласының тұрғыны Наталья Королёва сүйікті әншісінің бейнесін өзі тұратын үйдің қабырғасына салып, оның шығармашылығына құрмет көрсетті. Енді Малайсары батыр көшесі, 4 мекенжайындағы үйдің жанынан өткен тұрғындар өнер иесінің портретін тамашалай алады.
Наталья бұл туынды арқылы Батырхан Шүкеновтің есімін көпшілік жадында сақтап, әндерін кейінгі ұрпаққа танытуды мақсат еткен. Өнер иесінің шығармашылығын жоғары бағалайтын суретші оның әндері әлі де тыңдалып, халық арасында шырқала бергенін қалайды.
– Батырхан Шүкеновтің есімі ел жадында сақталып, әндері әлі де шырқала берсе екен деймін. Маған әндері де, орындаушылық шеберлігі де ұнайды. Портрет салатын қабырғаны да арнайы таңдадым. Ол өзім тұратын аулада, жұрттың көзіне бірден түсетін, адам көп жүретін жерде орналасқан. Қала тұрғындарына осындай шағын сый жасап, өзім сүйіп тыңдайтын өнер иесінің бейнесін есте қалдырғым келді, – дейді Наталья.
Сурет салуға деген қызығушылығы Натальяда бала кезінен басталған. Ол көркемсурет мектебінде білім алып, өмірін шығармашылықпен байла-ныстырған. Қабырғаларға сурет салу оған таңсық болмаса да, ашық аспан астында мұндай көлемді портретті алғаш рет орындады. Сондықтан бұл жұмыс суретші үшін жаңа тәжірибе әрі шығармашылық жолындағы маңызды қадам болды.
Натальяның айтуынша, туындының басты мақсаты – әншінің өнерін кейінгі ұрпаққа таныту. Ол портретті көрген тұрғындар Батырхан Шүкеновті еске алып қана қоймай, оның әндерін қайта тыңдауға ықылас танытса дейді.
Суретшіге портретті салуға шамамен бір апта уақыт кеткен. Батырхан Шүкеновтің бейнесін қабырғаға түсіру үшін қасбеттік бояуларды пайдаланған. Барлық материалды өз қаражатына сатып алған. Бұл іске достары мен көршілері де қолғабыс еткен. Бірі баспалдақ берсе, енді бірі эскизді қабырғаға түсіруге көмектескен.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Павлодар қаласы.
