25 қазан – Республика күні. Бұл – еліміздің тарихындағы айрықша маңызға ие, мемлекеттілігіміздің негізін айқындаған мерейлі мереке. 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды.
Аталған тарихи құжат Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасуына жол ашып, елдің саяси және құқықтық дамуына тың серпін берді. Сондықтан Республика күні – халқымыздың елдік мұратын, ұлттық бірлігі мен мемлекеттілікке деген ұмтылысын айшықтайтын ерекше күн.
Егемендік – мемлекеттің өз тағдырын өзі айқындауы, ұлттық мүддесін қорғауы және даму бағытын дербес белгілеуі. Бұл ұғымның мәні тереңде жатыр. Ол – елдің жер тұтастығын сақтау, халықтың бірлігін нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және келешек ұрпаққа баянды болашақ қалдыру. Республика күні бізге осы құндылықтардың қадірін тағы бір мәрте ұғындырады.
Егемен Қазақстанның бүгінгі жетістіктері елдің бірлігі мен жасампаз еңбегінің нәтиже-сінде қалыптасты. Мемлекеттік рәміздеріміз – көк байрағымыз, Елтаңбамыз бен Әнұранымыз ұлттық рухымызды асқақтатып, ортақ шаңырағымыздың айбынын танытады. Ал ұлттық валютамыз – теңге экономикалық дербестігіміздің маңызды нышанына айналды. Қазақ-станның халықаралық қауымдастықтағы орнының нығаюы да — еліміздің мемлекеттілік жолындағы табыстарының бірі.
Қазақстан – табиғи байлығы мол, тарихы терең, мәдени мұрасы бай мемлекет. Кең-байтақ жерімізде ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және басқа да экономикалық салалар дамып келеді. Еліміздің экономикалық әлеуетін арттырумен қатар, қоғамдық келісімді сақтау, ұлтаралық татулықты нығайту және ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіру де маңызды міндет болып саналады. Өйткені елдің басты байлығы – оның табиғи ресурстарымен қатар, бірлігі жарасқан халқы мен білімді ұрпағы.
Бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі ел тірегі. Сондықтан жастардың сапалы білім алып, адал еңбек етуі, ұлттық мұраны құрметтеуі және ел өміріне белсенді араласуы мемлекетіміздің келешегі үшін айрықша маңызды. Әр азамат өз ісіне жауапкершілікпен қарап, қоғам игілігіне үлес қосқанда ғана еліміздің өркендеуіне жол ашылады.
Егемендік – елдігіміздің тірегі, бірлігіміздің тұғыры, болашағымыздың бағдары. Республика күні әр шаңыраққа қуаныш, әр жүрекке мақтаныш сезімін ұялатсын! Еліміздің еңсесі биік, бірлігіміз бекем, мемлекетіміздің мерейі үстем болсын!
Сымбат ТАСҚАЙРАТОВА,
Қазақстан орта мектебінің 8-сынып оқушысы, Қазан ауылы, Май ауданы.
