Құрылыс жұмыстары қарқын алуда

Қаз 29, 2026

Павлодарда тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, қалалық ортаны жақсартуға бағытталған жұмыстар жалғасуда. Мәселен, ересектерге арналған оңалту орталығы жаңғыртылып, жаңа мектеп пайдалануға дайындалуда. Сонымен қатар, көлік қозғалысын жеңілдететін жаңа көпірге апаратын жол да жаңартылып жатыр. Жуырда Павлодар қаласын аралаған облыс әкімі Асайын Байханов аталмыш нысандардағы жұмыстардың барысын тексерді.

Оңалту орталығы ашылады

Алдымен Асайын Қуандықұлы шаһардағы психоневрологиялық аурулары бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға арналған оңалту орталығындағы күрделі жөндеудің барысын бақылады. Бүгінде нысандағы жөндеудің 90 пайызы аяқталған. Қазірде орталықтағы жылу жүйелері жөндеуден өтуде. Сондай-ақ, 22 терезені ауыстыру көзделіп отыр. Одан бөлек, қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында психиатр, әлеуметтік қызметкер, тәрбиеші секілді 69 маман жұмысқа тартылатын болады. Ал орталықтың өзін 2027 жылдың наурыз айының соңына қарай іске қосу жоспарланған.

Жөндеудің барысымен таныстырған Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышеваның айтуынша, 1982 жылы іргесі қаланған нысанның аумағы 1 248 шаршы метрді құрайды. Бұл жерде енді ересектерге арналған мемлекеттік оңалту орталығы ашылады. Жөндеуден соң орталықта шамамен күніне 100-ден аса адамға қызмет көрсету және 4 бөлімше ашу жоспарланып отыр. Оның екеуі психоневрологиялық аурулары бар ерлер мен әйелдерге жеке-жеке қызмет көрсетсе, қалған екеуі тірек-қимыл аппараты бұзылған ерлер мен әйелдерге арналған. Сонымен қатар, қызмет алушыларға оңалтудың толық кешенін ұсыну үшін қажетті жабдықтар сатып алынады. Медициналық және оңалту жабдықтарын алу жеке мемлекеттік сатып алу рәсімі арқылы жүзеге асырылады.

Айта кетейік, ғимараттың болашағына қатысты тұрғындар мен қоғам белсенділері арасында көптеген сұрақ туындаған еді. Осыған байланысты аймақ басшысы бұған дейін нысанның сенімгерлік басқаруда болғанын, кейін «Самал» оңалту орталығы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында қызмет көрсеткенін атап өтті.

Павлодар қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өкілі Гүлбарам Белялеваның түсіндіруінше, «Самал» орталығымен келісім жасалған кезде мекеме 18 жасқа дейінгі балаларға да, психоневрологиялық аурулары бар кәмелетке толған адамдарға да қызмет көрсеткен. Алайда арнаулы әлеуметтік қызметтерді міндетті лицензиялау талабы енгізілгеннен кейін орталықтың бұл бағыттағы қызметін жалғастыруына мүмкіндік болмаған.

— Бұған қоса, мекеменің кадрлық қамтамасыз етілуі мен ғимаратты пайдалану тәртібіне қатысты мәселелер де туындады. Жартылай стационар жағдайында қызмет алушылардың күндізгі уақытта 4 сағаттан 10 сағатқа дейін болуы қарастырылған, – деп түсіндірді Г.Белялева.

Облыс әкімінің айтуынша, орталық күндізгі стационар режимінде жұмыс істеуге тиіс болғанымен, балалар мен ересектерді түнге қалдырған. Бұл белгіленген талаптарға қайшы келген.

– Ата-аналар маған балаларын орталықта тәулік бойы қалдыруға неге болмайтынын сұрап жүгінді. Бірақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында мұндай қызмет көрсету мүмкін емес. Әлеуметтік мекеме өзіне заңнамада көзделмеген жауапкершілікті ала алмайды, – деді А.Байханов.

Аймақ басшысы ғимараттың бұған дейінгі жағдайына да тоқталды. Оның сөзінше, өткен жылдары нысанда тек ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2019 жылы шатыры ғана ауыстырылған.

Құрылыс аяқталуға жақын

Асайын Байханов Павлодардағы жұмыс сапары барысында Усолка шағын ауданында құрылысы жүргізіліп жатқан №49 мектептің жай-күйімен танысып, оқушыларды қабылдауға дайындығын тексерді. Білім ордасы 1 200 оқушыға арналған. Қазірдің өзінде павлодарлықтардан 680-ге жуық өтініш түскен.

Ғимараттағы кабинеттер, асхана, мәжіліс пен спорт залы сияқты негізгі бөлмелер дайын. Қазір жұмысшылар қабырғаларды әрлеп, қалған жабдықтарды жеткізіп жатыр.

Мектепті аралау кезінде Асайын Қуандықұлы қалалық білім беру бөлімінің өкілдерімен педагогтер құрамын жасақтау мәселесін талқылады. Білім беру мекемесінің толыққанды жұмыс істеуі үшін 100-ден астам мұғалім қажет. Алдын ала мәлімет бойынша, 68 маман жұмысқа қабылданған. Тағы 40-қа жуық педагогті конкурс арқылы іріктеу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, мектептің лицензия алуы және ұйымдастыру жұмыстарының аяқталу мерзімі де назардан тыс қалмады. Бұл жұмыстарды 20 қарашаға дейін аяқтау қажет. Мектептің нақты ашылатын күні лицензияның алынуына байланысты болмақ.

Айта кетейік, нысан 2027 жылдың басында қолданысқа беріледі деп жоспарланған.

Жаңа көпірге жол ашылады

Павлодарда жаңа автомобиль көпірін пайдалануға беру қарсаңында оған апаратын жолдардың бірі – Торговая көшесіндегі жол жабыны жаңартылып жатыр. Мамандардың болжамынша, көпір ашылғаннан кейін бұл бағыттағы көлік қозғалысы едәуір жанданады. Әсіресе, жүк көліктерінің саны артуы мүмкін.

Асайын Қуандықұлы қала көшелеріндегі жөндеу жұмыстарының барысын тексеру кезінде жолдардың басым бөлігіндегі жұмыстар маусым айында аяқталғанын айтты. Ал кейбір учаскелерде асфальт төсеу су құбырларындағы гидравликалық сынақтар мен басқа да инженерлік жұмыстарға байланысты кейінге қалдырылған.

Торговая көшесінде жолдың үстіңгі қабатына қиыршықтасты-мастикалық асфальтбетон төселді. Жұмыстар аяқталуға жақын. Жол жабынын алдын ала жаңарту шешімі жаңа автомобиль көпірі іске қосылғаннан кейінгі көлік ағынының артуын ескере отырып қабылданған.

Аймақ басшысының айтуынша, көпірді ерте көктемде, ал ол мүмкін болмаған жағдайда күздің соңына қарай ашу жоспарланып отыр. Қазір көпірдің ванталық жүйесін реттеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл іске нысанды жобалауға қатысқан жапон инженерлері тартылған.

Көпірдің негізгі аралық құрылыстары биыл қазанда түйістірілген болатын. Енді монолитті жұмыстарды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген. Ал 2027 жылы көпірге асфальт төселіп, көлік қозғалысын ашу жоспарланып отыр.

Қаладағы аталған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, алдағы уақытта әлеуметтік қызметтердің сапасын жақсартуға, білім беру мүмкіндіктерін кеңейтуге және көлік қатынасын оңтайландыруға ықпал етпек. Нысандардың белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі мен жұмыстардың сапалы орындалуы басты назарда.

Айдана БОРАНБАЕВА, Павлодар қаласы.

Суретті түсірген —  Константин Шелков.