Бұлғыннан Баянауылға дейін

Қар 5, 2026

Биыл қазақ халқының тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі – Ұлы көшке 35 жыл толып отыр. Осы айтулы датаға орай еліміздің түкпір-түкпірінде тағылымды кездесулер мен мәдени-рухани шаралар ұйымдастырылуда. Осындай игі бастамалардың бірі С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада өтті. Мұнда ақын, жазушы, қоғам қайраткері, көші-қон саласының ардагері Мұхит Жақсылықұлының «Бұлғыным – бақыт мекенім» және «Ескірмейтін естеліктер» атты қос кітабының тұсауы кесілді.

Бұл оқиғаны Ұлы көштің тағы бір рухани жемісі, елге оралған азаматтардың ұлттық әдебиет пен мәдениетке қосқан үлесінің айқын көрінісі деуге болады. Ал сиясы кеппеген қос туындыдан қаламгердің Бұлғыннан Баянауылға дейінгі көрген-білгендерін, одан кейін ел ісіне араласып, еңбек еткен жылдарындағы түрлі хикаяларды оқуға болады.

Шараға «Әділет» партиясы облыстық филиалының төрағасы Асылбек Туғанбай, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Павлодар облыстық филиалының басшысы Болат Заутұлы, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Елікбай, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, аудармашы, «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының иегері Абай Мауқараұлы, Қазақстан Журналистер одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы Болат Аманбай және өзге де қаламгерлер сөз сөйлеп, авторды қос бірдей кітабының жарық көруімен құттықтады.

— Біз Мұхит ағаны кішкентай кезімізден білеміз. Өзінің жұмысына адал, әрбір іске  жауапкершілікпен қарайтын тиянақты адам ретінде жастарға үлгі болды. Тәуелсіздіктен кейінгі 35 жыл ішінде шеттен келген қандастардың құжаттарын рәсімдеп, елге қоныстануына өзінің айрықша үлесін қосқан азамат ретінде тарихта қалды.  Әсіресе, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында келген ағайындар арасында Мұхит ағамыздың шарапаты мен жақсылығын көрмеген адам аз деп ойлаймын. Осы еңбегіңіз бағаланып жатыр, әлі де зор құрметке бөленесіз деп ойлаймын. Бүгінде Мұхит ағаның естелік-әңгімелерін әлеуметтік желі қолданушылары іздеп оқитындай деңгейде. Міне, осы жазбаларының кітап болып шыққанына қуаныштымыз. Облыстық мәслихатқа Мұхит Жақсылықұлына Павлодар қаласының Құрметті азаматы атағын беру ұсынылды. Алдағы уақытта оң шешімі болады деп санаймыз, — деді Асылбек Туғанбайұлы.

Осы кітаптың әрқайсысы өзіндік мазмұнымен ерекшеленіп, оқырманға тағылымды ой салады. «Бұлғыным – бақыт мекенім» атты еңбекте автордың кіндік қаны тамған, балалық шағы өткен туған ауылы – Бұлғынның тарихы, тыныс-тіршілігі мен рухани болмысы кеңінен сөз болады. Кітапта ауылдың көркем келбеті ғана емес, осы топырақтан түлеп ұшып, әдебиет пен өнерге, елдің қоғамдық өміріне үлес қосқан ақын-жазушылардың шығармашылық жолы да қамтылған. Автордың айтуынша, осы алақандай ауылдың өзінен жүзден астам қаламгер шыққан. Олардың бір шоғыры кейін Атажұртқа қоныс аударып, өз елінің мәдени-рухани өркендеу жолында еңбек етуде.

Ал «Ескірмейтін естеліктер» кітабына автордың әр жылдары жазған өлеңдері, эсселері мен әңгімелері топтастырылған. Түрлі жанрды қамтитын жинақтан ақынның өмірге деген көзқарасын, замандастарына деген құрметін, ел мен жерге деген сүйіспеншілігін аңғаруға болады. Естелікке құрылған шығармалар арқылы оқырман өткен күндердің тынысын сезініп, уақыт бедерінде сақталған тағылымды оқиғаларға қанығады.

Тілеуберді САХАБА.