«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы бүгінде бір күндік шарамен шектеліп қалып жатқан жоқ. Әр елді мекенде тұрақты түрде тазалық, көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Осындай кезекті игі іс Екібастұз қаласында атқарылды.
Мұнда шаһар басшысы Аян Бейсекин бастаған қала азаматтары Кеншілер саябағына ағаш отырғызды. Қалада көпшіліктің серуендеуіне жан-жақты жағдай жасалған, жаңартылған аталмыш саябақта жасыл желектің көбеюіне көңіл бөлінуде. Бұл шараға қала әкімі, мемлекеттік қызметшілер, шаһардың аға буын өкілдері, жастар қатысты.
– Ең бастысы – жасыл желектің жерсініп, өсіп кетуін қамтамасыз ету. Ол үшін күтім сапалы болуы тиіс. Жауапты қызмет мамандарына осы бағытта тапсырма берілді. Оларға сенім артамыз, – деді қала әкімі Аян Бейсекин.
Г.МАҒЖАН.
Екібастұз қаласы
Қарақат көшеттері егілді
Шарбақты ауданында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында ауқымды шара өтті. Игі іске «Ертіс орманы» табиғи резерваты мұрындық болды. Аталмыш акцияға түрлі сала мамандары, студенттер, жастар мен мектеп оқушылары белсенді қатысты.
Экологиялық акция барысында резерваттың туризм және экологиялық ағарту бөлімінің мамандары Ботабас орманшылығының мемлекеттік инспек-торларымен бірлесіп, Ғабдыл Уахит хазірет кесенесіне апаратын жол бойына 200-ден астам қарақат көшетін отырғызды.
Бұл шараның басты мақсаты – қоршаған ортаны көгалдандыру, табиғи байлықты сақтау және қоғам арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, – дейді ұйымдастырушылар.
Акция аясында қатысушыларға экологиялық дәріс оқылып, Ғабдыл Уахит хазірет кесенесіне экскурсия ұйымдастырылды. Сондай-ақ, «Қарағай алаңы» қонақ үйінде командалық тимбилдинг өтіп, қатысушылар өзара тәжірибе алмасты.
Мұндай экологиялық шаралар тұрғындардың табиғатқа деген жанашырлығын арттырып, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған ортақ іске жұмылдыруда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Әсіресе, жастардың осындай бастамаларға белсенді қатысуы жас ұрпақтың бойында туған жерге деген сүйіспеншілік пен табиғат алдындағы жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді, дейді резерват өкілдері.
Н.ШОДЫР.
Шарбақты ауданы
Балалар қауіпсіздігі бақылауда
Елімізде балалар қауіпсіздігін бақылауға баса мән берілуде. Осы мақсатта Баянауыл ауданында мобильдік топ құрылып, белсенді жұмыс істеуде. Жақында олар Майқайың кенті мен Үшқұлын ауылындағы ерекше назардағы отбасыларына рейд жүргізіп, балалардың жағдайымен танысты.
Аталған іс-шара барысында отбасылардың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалы мен балалардың қауіпсіздік талаптарының сақталуы назарға алынды. Сонымен қатар, отбасыларға қажетті қолдау көрсету, әлеуметтік мәселелерді шешу және профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізу бағытында тиісті шаралар қарастырылды.
Атап өтерлігі, бұған дейін мұндай шара Баянауыл ауылында да қолға алынған. Рейд барысында кәмелетке толмаған балалары бар отбасылардың бірінде ата-ананың алкогольдік ішімдіктерді шамадан тыс тұтыну фактісі анықталған.
– Аталған отбасының жағдайы Баянауыл ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысында қаралатын болады. Мұндай профилактикалық іс-шаралар балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау, отбасыларға уақытылы көмек көрсету және қолайлы әлеуметтік орта қалыптастыру мақсатында тұрақты түрде жүргізіледі, – деп атап өтті аудан әкімінің орынбасары Альмира Аманқызы.
Н.ШОДЫР.
Баянауыл ауданы
Күзгі жәрмеңке
Железин ауданы орталығында күзгі ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Бұл кезең — жиын-терім аяқталып, қоймаға мол өнім түскен шақ. Сәйкесінше, бағасы да қолжетімді.
Жәрмеңке тұрғындар үшін сапалы әрі балғын өнімдерді нарықтық бағадан төмен бағамен сатып алуға, тауар өндірушілері мен кәсіпкерлерге тұтынушыға тікелей сатуға мүмкіндік берді. Сауда сөрелеріне ет, құс еті, сүт өнімдері, бал, картоп қойылды. Сонымен қатар, отын және басқа да қажеттілік тауарлары сатылған.
– Мұндай жәрмеңкелер халықты қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар жергілікті тауар өндірушілерді қолдауға, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді, –
дейді аудан әкімі Айтуған Шайхимов.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.
Железин ауданы
Береке бастауы — жергілікті өнім
Ақтоғай ауданының орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Онда тұрғындарға жергілікті өндірушілердің өнімдері ұсынылды.
Жәрмеңке сөрелерінде ет, сүт өнімдері, көкөністер, мал азығы мен қысқы науқанға қажетті шөп сатылымға шығарылды. Әсіресе, мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындар үшін жем-шөптің қолжетімді болуының маңызы зор болды. Ал күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерінің бір жерден ұсынылуы тұрғындарға қажетті тауарларды таңдап, тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік берді. Мұндай сауда алаңы тұрғындардың сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, жергілікті өнім өндірушілердің еңбегін бағалауға да жол ашты.
А.БОРАНБАЕВА.
Ақтоғай ауданы
Арықтарды қоқыстан арылтуда
Успен ауданында қар түскенге дейін айналаны күл-қоқыстан тазартуға баса көңіл бөлінуде. Әр ауылда осы бағытта жұмыс жүргізілуде.
Мәселен, аудан орталығы Успен ауылында көктемгі су тасқынына қарсы шаралар аясында көшелерден өтетін нөсер арықтарын күл-қоқыстан арылтуда. Успен ауылдық округі әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшасындағы ақпаратқа сүйенсек, бұл жұмыстарға қоғамдық жұмыскерлер жұмылдырылған. Олар арық маңайын өсімдік қалдықтарынан тазартуда.
Бұдан бөлек, аудан орталығында балалар алаңдарын да реттеуде. Мұнда жапырақтарды, қоқыстарды жинап, ойын алаңындағы әткеншектердің кем-кетіктерін түгендеп, жөндеуде. Сонымен бірге, көшелердегі жарық жүйесіне де жөндеу жүргізуде.
Г.МАҒЖАН.
Успен ауданы
