Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде неміс тұтқынында болған қазақтың көрнекті күйшісі, Қазақ КСР-інің Халық әртісі Рүстембек Омаровтың бұрын белгісіз болып келген фотосуреті табылды. Тарихи суретте жас өнерпаз өзі жасаған домбыраға ұқсас ұлттық аспапты ұстап отыр. Бұл жәдігер күйшінің соғыс жылдарындағы өміріне қатысты тың деректерді ашуға мүмкіндік берді.
Фотосуретті Норвегияда қаза тапқан кеңес әскери тұтқындары туралы мәліметтер жинайтын халықаралық еріктілер тобының жетекшісі Татьяна Торесен тапқан. Ол бұған дейін Иса Байзақов атындағы облыстық филармониясы мен «Ключ» телестудиясы бірлесіп түсірген Рүстембек Омаров туралы фильмді көрген. Сондықтан Норвегияның солтүстігінде болған кеңес әскери тұтқындарының суреттерін қарап отырып, күйшіні бірден таныған.
Рүстембек Омаров Ленинград консерваториясы жанындағы П.Чайковский атындағы музыкалық училищеде оқып жүрген кезінде кеңес-фин соғысына шақырылған. Ал 1941 жылы әскери бөлімі қоршауда қалып, немістердің тұтқынына түседі. Ол соғыстың соңына дейін Германия мен Норвегияда тұтқында болып, 1945 жылы өзге әскери тұтқындармен бірге Отанына оралған.
Қиындыққа толы тұтқындық жылдары күйшінің өнерге деген сүйіспеншілігін бәсеңдете алмады. Лагерьде қолда бар жұмыр ағаш пен тақтайшаларды пайдаланып, ішек орнына қармақ жібін тағып, домбыраға ұқсас аспап жасап алады.
Бірде осы аспаппен Моцарттың «Рондосын» орындап отырғанында, оны неміс офицері тыңдап тұрады. Музыкант екенін білген соң офицер тұтқындарға бұрынғыдан өзгеше қарап, оларға көмектесе бастаған.
Рүстембек Омаров бұл оқиғаны естелігінде былай деп жазған: «Осы сәттен бастап неміс офицері бізге басқаша қарай бастады. Көмектесіп, тіпті қорғап жүрді. Ол менің қасымда үш қазақ жерлесім барын білетінін айтты. Бізге білдірмей азық-түлік, нан, консервілер беріп тұратын. Осылайша, мен және жолдастарым тұтқында аман қалдық». Күйшінің бұл естелігі өнердің ең ауыр жағдайда да адамға рухани күш беретінін аңғартады.
Иса Байзақов атындағы облыстық филармония баспасөзі хабарлағандай, фотосуреттің табылуы – филармония, «Панфилов-шылар» іздестіру жасағы және норвегиялық зерттеушілердің бірлескен жұмысының нәтижесі. Ізденістер барысында күйшінің Германия тұтқынына түсіп, Киркенес қаласындағы Шталаг 322 лагерінде болғаны туралы бұрын белгісіз деректер анықталған.
Фотосуреттің авторы – соғыс жылдарында Норвегияда неміс тау-атқыштар әскерінің екінші дивизиясында қызмет еткен Густав Швант. Ол әскери бөлімде жылқылар мен көлікке жауапты аға қызметкер болған.
Филармонияның бас редакторы Салауат Темірболатұлының мәліметінше, тұтқындар лагерінде түсірілген фотосуреттер жақында аукционға шығарылған. Олардың жеке коллекцияларға өтіп кетпеуі үшін норвегиялық еріктілер мен зерттеушілер көмек көрсеткен. Ослода тұратын Рамиль Кафаровтың қолдауымен аукционға қойылған жеті фотосуреттің төртеуі сатып алынған. Солардың бірі – Рүстембек Омаровтың бейнесі.
Жақын арада норвегиялық зерттеушілер күйшінің өзі жасаған домбырасын Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияға табыстауды жоспарлап отыр. Бүгінде филармонияның қазақ ұлт аспаптар оркестрі Рүстембек Омаровтың есімімен аталады.
Айта кетейік, биыл дәулескер күйшінің туғанына 107 жыл толып отыр. Ал Норвегиядан табылған тарихи фотосурет – оның өмір жолын тереңірек тануға мүмкіндік беретін құнды олжа. Тұтқында жүріп те ұлттық өнерден қол үзбеген Рүстембек Омаровтың тағдыры –
төзім мен өнерге адалдықтың жарқын үлгісі. Оның бейнесі мен өзі жасаған аспап туралы деректердің елге жетуі қазақ мәдениетінің тарихын толықтыра түсетіні сөзсіз.
Айдана БОРАНБАЕВА.
