Тұрғындар тілегі — назарда

Қар 5, 2026

Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин аталған шаһарға қарасты Құдайкөл ауылының тұрғындарымен кездесіп, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Кездесу барысында ауыл тұрғындары көкейде жүрген сауалдарын ортаға салып, бірқатар ұсыныс-тілегін жеткізді. Шаһар басшысы көтерілген мәселелердің назарға алынатынын және алдағы уақытта кезең-кезеңімен шешімін табатынын атап өтті.

Жиында сөз алған ауыл тұрғыны Қайрат Мәлікұлы келер жылы Құдайкөлдің құрылғанына 60 жыл толатынын айтып, осы айтулы мерейтой қарсаңында елді мекеннің инфра-құрылымын жақсартуға қатысты өтінішін білдірді.

Тұрғынның айтуынша, ауылдың орталық көшесі саналатын Жаяу Мұса көшесінде көше жарығы мүлдем жоқ. Соның салдарынан қараңғы түскеннен кейін тұрғындардың қатынауы қиындай түседі. Ал өзге көшелер жарықтандырылған. Сонымен қатар, ауыл көшелеріне асфальт төсеу және балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған ойын алаңын салу мәселесін де көтерді.

– Ауылдың Жаяу Мұса атындағы орталық көшесінде көше жарығы жоқ. Түнде жүру қиын. Ал басқа көшелерде жарық бар. Сондай-ақ, мүмкіндік болса, көшелерімізге асфальт төселіп, балаларға арналған ойын алаңы салынса екен, – деп уәжін жеткізді тұрғын.

Өз кезегінде Аян Уахитұлы ауылдың мерейтойына орай мерекелік іс-шара ұйымдастыру жоспарда бар екенін жеткізді. Ал тұрғындар көтерген мәселелердің шешілуі бюджет мүмкіндігіне байланысты екенін алға тартты.

– Көше жарығына қатысты мәселені келесі жылдың бюджет жоспарына енгізетін боламыз. Асфальт төсеу мәселесі де қарастырылып жатыр. Жоспарда бар. Қаржы жеткілікті болса, оны 2028 жылға дейін жүзеге асыру ойымызда. Балалар ойын алаңын салу мәселесін де жоспарға енгіземіз. Дегенмен, келесі жылы міндетті түрде салып береміз деп нақты уәде бере алмаймын. Барлығы бюджетке байланысты. Қаражат қарастырылса, келесі жылы, болмаса одан кейінгі жылы жүзеге асырылады, – деді қала әкімі.

Кездесу барысында өткен жылы өңірде болған табиғи апаттың салдары да сөз болды. Тұрғындардың айтуынша, қатты жел салдарынан бірқатар баспананың шатыры ұшып, байланыс желілері үзілген. Сол кезде зардап шеккендерге дер кезінде көмек көрсетілгенімен, алдағы уақытта қосымша қолдау қарастырыла ма деген сауал қойылды.

Бұл мәселеге қатысты қала әкімі табиғи апаттан зардап шеккен азаматтарға заң аясында тиісті көмек көрсетілгенін түсіндірді.

– Табиғи апатқа байланысты барлығыңызға түсініктеме бердік. Құжаттары талапқа сай азаматтарға заңға сәйкес 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржылай көмек берілді. Бұдан бөлек қосымша қаражат қарастырылмаған. Қазіргі таңда құжаттары толық реттелмеген бір ғана тұрғын қалды. Ол қажетті құжаттарын рәсімдеген бойда көмек ала алады. Қазір қажетті құжаттар дайындалды. Қараша айының соңына дейін тиісті қаражатын алады, – деді Аян Бейсекин.

Бұдан бөлек, кездесу кезінде ауылдағы білім беру нысанының жай-күйі де назардан тыс қалмады. Шаһар басшысы мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу мәселесі қарастырылатынын жеткізді. Егер қажетті қаржы көлемі аса ауқымды болмаса, бұл мәселені оң шешуге мүмкіндік бар екенін атап өтті. Сондай-ақ, ауылдың болашақтағы дамуына серпін беретін тағы бір маңызды мәселе – қосымша тұрғын үйлер салу жоспары да айтылды.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Құдайкөл ауылы,

Екібастұз қаласы.