Жас театрдың жарқын жолы

Қар 5, 2026

Сахна шымылдығы ашылған сәтте көрермен күнделікті тіршіліктің қарбаласынан бір сәт алыстап, өзге әлемге енеді. Бірде күлкіге кенелсе, енді бірде кейіпкерлер тағдырына алаңдап, терең ойға шомады. Осындай рухани әсер сыйлайтын өнер ордасының бірі – Екібастұздағы «Ертіс-Баян» театры. Құрылғанына 1 жыл болса да, жас ұжым 3 премьера ұсынып, қала мәдениетінің дамуына өзіндік үлесін қосып келеді.

Естеріңізде болса, аталмыш театр өткен жылы Мұқағали Мақатаевтың «Қош, махаббат» мелодрамасымен ашылған болатын. Ал биыл көктемде облыстық Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының режиссері әрі көркемдік жетекшісі Әділет Ақановтың жетекшілігімен Қанат Жүнісовтің «Ғашықтар» комедиясы қойылды. Ал жуырда драматург Қолғанат Мұраттың «Бақытты отбасы» пьесасы негізінде психологиялық драма сахналанды.

Осылайша, жас театр алғашқы жылында мелодрама, комедия және психологиялық драма жанрларын қамтып, көрермен талғамын қалыптастыруға қадам басты. Ұжым өкілдерінің айтуынша, әзірге көрерменге жақын тақырыптарға басымдық берілгенімен, алдағы уақытта репертуарды күрделендіріп, жанрлық ауқымды кеңейту көзделген. Қазірдің өзінде қойылымдарды тамашалаған көрермен саны 10 мыңға жуықтаған.

Театрдың шығармашылық құрамында 20-ға жуық әртіс бар. Олардың басым бөлігі Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен Астанадағы Күләш Бәйсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің түлектері. Сондай-ақ, Павлодар театрларынан келген тәжірибелі өнерпаздар да жас ұжыммен бірге еңбек етуде. Өзге қалалардан шақырылған мамандардың Екібастұзға тұрақтауына жергілікті әкімдік те қолдау көрсетіп, әртістерді баспанамен қамтамасыз еткен.

Театр үшін көрермен ықыласымен қатар кәсіби өсу де маңызды. Осы бағытта ұжым алдағы жылы Екібастұз қаласының 70 жылдық мерейтойына орай республикалық театр фестивалін өткізуді жоспарлап отыр. Оған еліміздің үздік өнер ұжымдарымен қатар көршілес мемлекеттердің театрларын да шақыру көзделген. Бұл – жас театрдың тәжірибе жинақтап, шығармашылық байланысын нығайтуына мүмкіндік беретін маңызды бастама.

Гастрольдік сапарлар да назардан тыс қалмаған. Биыл ұжым Павлодар қаласында өнер көрсетсе, келесі жылдың көктемінде Семей мен Өскеменге баруды жоспарлап отыр. Ал болашақта жас әртістер актерлік шеберліктерін шыңдап қана қоймай, режиссура саласында да өздерін сынап көрмек.

Осындай шығармашылық ортада еңбек етіп жүрген өнерпаздардың бірі – Нұрай Қанатқызы. Ол Астанадағы Күләш Бәйсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде театр әртісі мамандығы бойынша білім алып, 2024 жылы Айгүл Иманбаева шеберханасын тәмамдаған. Жас әртіс үшін «Ертіс-Баян» театры – кәсіби шеберлігін шыңдап, сахнада өзіндік қолтаңбасын қалыптастыруға мүмкіндік беретін шығармашылық орта.

– Театрдың құрылғанына көп уақыт болмаса да, осы аралықта біраз тәжірибе жинақтадық. Әр жаңа қойылым біз үшін үлкен ізденіс пен зор жауапкершілік. Себебі сахнаға шыққан сайын көрерменнің көңілінен шығуға, кейіпкердің жан дүниесін шынайы жеткізуге тырысамыз. Екібастұзда театр өнерінің дамып келе жатқаны қуантады. Көрерменнің қойылымдарға қызығушылық танытып, жылы қабылдауы бізге шабыт береді. Алдағы уақытта жаңа рөлдерді сомдап, кәсіби тұрғыда өскім келеді, – дейді Нұрай.

Бүгінде Екібастұз сахнасында жаңа есімдер танылып, тың қойылымдар дүниеге келіп жатыр. Ал театрдың алдағы жоспарлары оның шығармашылық тынысының кеңейе түсеріне үміт ұялатады. Өйткені сахнаға жан бітіретін әртіс болса, театрдың ғұмырын ұзартатын – көрерменнің ықыласы.

Айдана Жеңісқызы,

Екібастұз қаласы.

Суретті түсірген – Константин Шелков.