Ауыл шаруашылығы күніне орай осы салада маңдай терін төгіп жүрген қарапайым еңбек адамдарының жұмысын насихаттауды дәстүрге айналдырған едік. Бұл жолғы кейіпкеріміз – Қуанәлі Тілеуғазы. Ол Павлодар ауданына қарасты «Жаңа қала» шаруа қожалығында еңбек етеді.
Қуанәлі Қытай Халық Республикасынан көшіп келіп, осыдан бес жыл бұрын Жаңа қала ауылына қоныстанған. Содан бері қазақтың ата кәсібі – мал шаруашылығына білек сыбана кірісіп, жергілікті шаруа қожалығының сенімді қызметкерлерінің біріне айналған.
Алғашында бұзаушы болып жұмысқа орналасқан ол жаңа туған төлдерді күтіп-баптап, сүт беріп, аяқтандырумен айналысқан. Кейін тәжірибе жинақтап, жемшөпке іліккен бұзауларды бағуға ауысады. Қазіргі уақытта жас төлдерді күтумен қатар, бұзаулауға жақындаған және жаңа туған сиырлардың жай-күйін бақылап, күтіміне жауап береді.
– Басында бұзаушы болып жұмысқа кірген едім. Жаңа туған бұзауларға сүт беріп, бағып-қағып, өсірумен айналыстым. Екінші жылдан бастап жем-шөпке іліккен бұзауларды бағатын жұмысқа ауыстым. Сонымен қатар бұзаулауға таяған, желіндеген және жаңа туған сиырлардың жай-күйін бақылап, күтіміне көңіл бөлемін. Өйткені әр малдың жағдайы әртүрлі. Арасында арық-тұрағы да болады. Ондай малдар әл жинап, күй алғанша ерекше күтімге алынады. Уақытылы жем-шөбін беріп, жағдайын қадағалап отырамыз, – дейді Қуанәлі.
Кейіпкеріміз өзіне жүктелген жұмыстың ұнайтынын айтады. Оның үстіне шаруа қожалығы қызметкерлеріне де қолайлы жағдай жасап отыр. Еңбекақысы көңілінен шығады, зейнетақы жарналары тұрақты аударылады. Жұмыс кестесі де тиімді: аптасына бес күн, күніне сегіз сағат еңбек етеді. Бұған қоса, жылына бір рет жартылай соғым беріледі.
Қуанардың айтуынша, соңғы жылдары ауыл жастарының арасында ауыл шаруашылығына, соның ішінде мал бағу ісіне қызығушылық танытатындар көбейіп келеді. Дегенмен бұл салада тұрақтап қалу әр адамның ынтасына ғана емес, шаруа қожалығының еңбек жағдайы мен жұмысшыға деген көзқарасына да байланысты.
– Қалада өскен жастардың кей-бірі мал шаруашылығына бірден бейімделе алмайды. Жұмысқа орналасқанымен, көп ұзамай кетіп қалып жатады. Сондықтан жастарды жастайынан ауыл өміріне бейімдеп, оның тыныс-тіршілігімен таныстырған жөн. Әрине, барлығы ауылда қалып, мал бағуы керек демейміз. Бірақ әрбір қазақ баласы ауылдың тіршілігін, малдың жайын біліп өскені дұрыс. Өйткені мал шаруашылығы – ата кәсібіміз, – дейді ол.
Расымен де, ауыл шаруашылығының дамуы тек техника мен заманауи технологияға ғана емес, осы саланың жүгін көтеріп жүрген еңбек адамдарына да тікелей байланысты. Малдың жайын біліп, күнделікті күтіміне жауапкершілікпен қарайтын Қуанәлі секілді азаматтардың еңбегі қашан да құрметке лайық.
Т.САХАБА.
