Шарбақты ауданының орталығында футбол манежі қолданысқа берілді. Футбол ойынына ойы ауған жас өрендердің игілігіне берілген спорт нысаны демеушілік қаражатқа салынған.
Аймақ басшысы Асайын Байханов бұл игі іс ылғи ел Президенті басымдық беретін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің жарқын дәлелі екенін атап өтті. Шарбақты ауданының дамуына үлес қосып жүрген әрбір азаматқа алғыс білдірді.
– Бұл – нағыз патриотизмнің, туған еліне, жеріне деген ыстық ықыласы мен сезімінің белгісі. Өңірімізде 352 ауыл, үш қала, жалпы 355 елді мекен бар. 30 мыңнан астам кәсіпорын, 60 мың жеке кәсіпкер бар. Бүгінгі нысанды салған кәсіпкер сияқты орта бизнес өкілдері де жеткілікті. Бірақ, олардың әрбірі, тіпті, онның бірі бұлай табысын аудан-ауылдың инфрақұрылымын дамытуға салмайды. Сондықтан жерлестеріне жасаған игі ісіне алғысымыз шексіз, – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі Шарбақты ауданы соңғы жылдары мемлекеттің, кәсіпкерліктің қолдауымен қарқынды дамып жатқанын атап өтті. Жолдар жаңарып, асфальт жоқ көшелердің өзіне тас жол төселген. Барлық ауылда санитарлық көлік, шалғай ауыл мектептерінің автобустары жаңарған. Аймақ басшысы мұның бәрі бірлік пен келісімнің, бір мақсат аясына ұйыса білудің нәтижесінде екенін атап өтті. Осы орайда өңір кәсіпкерлерін осындай игі іспен жарысуға шақырды.
Спорт нысанын тарту еткен кәсіпкер алдағы уақытта да бұл қолдауын жалғастыра беретінін мәлім етті.
– Президент ауылдардағы жағдайды қаламен теңестіру туралы айтқан еді. Соңғы жылдары көппен бірлесіп, осы бағытта жұмыс атқарудамыз. Ауылдарды көгалдандырумен айналысып жатырмыз. Былтыр әрбір мектеп маңына, ауылдарға бақ салдық. Аудан орталығын ғана емес, мемлекет, облыс қолдауымен ауылдық елді мекендерді де дамытуға ден қойдық. Жолдар салынып, мектептер жөнделуде. Әркім шама-шарқынша үлес қосса, ауданымыз алға баса береді. Кезінде ауданда болған өндірістер де қайта өріс алатын шаққа жетеміз. Бұған дейін мұз айдынын салып берген едім. Биыл футбол манежі, алда бәлкім бассейн де салынар, – дейді кәсіпкер.
Ауданның спорт ардагері Андрей Ходанов балаларға жасалған жайлы жағдайға ерекше ықыласын білдірді.
– Спорт бұл жай ғана жарыс және жеңіс емес, бұл – денсаулық, жігер, достық, тәртіп, мықты ұрпақ тәрбиелеу. Президентіміз Жолдауында спорт нысандарын салуға ерекше назар аударды. Елді дамыту тек үлкен қалалардан басталмайды, әр ауылдан, балаларға жасаған әр мүмкіндіктен тұрады. Осы жаңа манежде спорт дарындары туатыны сөзсіз, – деді ардагер.
Шарбақты ауданының жаттықтырушылары да, жас спортшылары да жағдай жасап, қыста да қысылмай футболмен айналысуға мүмкіндік туғанына риза.
– 2000 жылдан бері Шарбақты ауданында футболдан жаттықтырушымын. Сол уақыттан бері 8 шәкіртімді олимпиадалық резерв мектебіне жібердім. Кейбірі әлі оқуын жалғастыруда, кейбірі оқуын сәтті тәмамдады. Қазіргі таңда алдымда жаңа буын. 80-ге жуық өрен футболмен айналысады. Үлкені 2010 жылғы болса, 2020 жылғы балалар да ала топ тебуге келіп жүр. Қызығушылық жоғары. Енді, міне, бізге тамаша жағдай жасады. Мұндай зал тағы да қатарымызға балалардың көптеп келуіне септігін тигізетіні сөзсіз, — дейді футбол жаттықтырушысы Василий Просеков.
Бұған дейін балалар жазда далада, қыста аудан орталығындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде футбол ойнайтын. Кешеннің едені паркеттен болса, жаңа футбол манежінде — шөпті жабынды. Яғни, доп тебуге айтарлықтай жайлырақ. Киім ауыстыратын орындар да қарастырылған. Ата-аналар дені сау ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосып жатқан билікке, кәсіпкерге алғыс білдірді.
Г.МАҒЖАН,
Шарбақты ауданы.
