Ащы судың азабы ауыр

Қар 12, 2026

Ішімдікке әуестік – тек жеке адамның денсаулығына зиян келтіретін әдет емес, тұтас қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақтылығына әсер ететін әлеуметтік проблема. Оның салдары отбасындағы жанжалдан бастап, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жол-көлік оқиғалары, қылмыс пен ұрпақ тәрбиесіне дейін жетеді. Өкінішке қарай, алкогольдің зиянын біле тұра, оған тәуелділіктен арыла алмай жүргендер аз емес. Дегенмен, ащы суды ауылына жолатпай, тұтас бас тартқан елді мекендер қатарының артқаны бүгінде қоғам болып осы мәселемен күресе бастағанын аңғаруға болады.

Қылмыс кеміді ме?

Осы ретте, алкогольді шамадан тыс тұтыну және оның салдарынан туындайтын құқықбұзушылықтардың алдын алуға полиция органдары баса мән береді. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі таңда полиция органдарының профилактикалық есебінде алкогольге тәуелділігі бар екі мыңнан астам азамат тұр. Бұл бағытта олармен тұрақты профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, учаскелік полиция инспекторлары тарапынан тұрғылықты жерлері бойынша бақылау жүзеге асырылатын көрінеді.

– Сонымен қатар, алкоголь өнімдерін заңсыз сату, белгіленген уақыттан тыс саудалау және қоғамдық орындарда алкоголь тұтыну фактілерін анықтау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, жыл басынан бері Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 200-бабы бойынша алкоголь өнімдерін өткізу саласындағы 400-ден астам құқықбұзушылық анықталды. Ал 440-бап бойынша қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келуге қатысты 9 мың құқықбұзушылықтың жолы кесілді. Бұл көрсеткіштер алкогольді тұтынудың салдарымен күресу ғана емес, оның алдын алу бағытында да жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді, – дейді облыстық полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығы орынбасарының міндетін атқарушы Арман Каптаев.

Бір қуантарлығы, қабылданып жатқан кешенді шаралардың нәтижесінде оң динамика қалыптаса бастапты. Атап айтқанда, ағымдағы жылы облыс аумағында мас күйінде жасалған қылмыстар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23 пайызға төмендеген. Бұл – профилактикалық жұмыстың нәтижелі жүргізіліп жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіш.

– Қылмыстың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері бірнеше бағыт бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Біріншіден, алкогольді шамадан тыс тұтынатын және құқықбұзушылық жасауға бейім азаматтар анықталып, профилактикалық есепке алынады. Учаскелік полиция инспекторлары олардың тұрғылықты жерлеріне барып, әсіресе кешкі және түнгі уақытта тексеру жұмыстарын жүргізеді. Екіншіден, алкогольге тәуелділігі бар, айналасындағыларға қауіп төндіретін азаматтарды мәжбүрлеп емдеуге жіберу бойынша материалдар сотқа жолданады. Сондай-ақ құқықбұзушылыққа бейім адамдарға қатысты сот шешімімен мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленіп, алкоголь тұтынуға шектеу қойылады, – дейді полиция өкілі.

Тағы бір бағытқа тоқталсақ, құқық қорғау органдары сауда орындарында алкоголь өнімдерін өткізу талаптарының сақталуына бақылауды күшейткен. Жыл басынан бері ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабы бойынша 442 құқықбұзушылық анықталған. Сонымен қатар, полицейлер қоғамдық орындарда алкоголь ішудің және мас күйінде жүрудің жолын кесу бағытында рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде өткізеді. Нәтижесінде 440-бап бойынша 9095 құқықбұзушылық анықталыпты.

– Бұдан бөлек, ағымдағы жылы облыс аумағында «Алкогольсіз аула», «Қауіпсіз үй» профилактикалық акциялары өткізілді. Яғни, тұрғындармен кездесулер, түсіндіру жұмыстары және қоғамдық орындарда рейдтер ұйымдастырылды. Біздің басты мақсатымыз – құқықбұзушылық орын алғаннан кейін шара қолдану емес, оның алдын алып, қылмысқа әкелетін себептер мен жағдайларды жою.

Тұтас ауыл аузына алмайды

Елімізде, соның ішінде аймағымызда да ащы судың азабын білетін, ешкімге абырой әкелмейтінін түсінген тұрғындар бүгінде бас біріктіріп, тұтас ауыл болып алкоголь ішімдігін ауыл маңына жолатпайды. Облыстық полция департаменті өкілінің айтуынша, бұл бағытта аймағымызда жақсы тәжірибе қалыптасып келеді. Бүгінде облыс аумағында алкоголь өнімдерін сатудан және тұтынудан ерікті түрде бас тартқан 51 ауыл бар.

– Бұл бастама мәжбүрлеу арқылы емес, ең алдымен ауыл тұрғындарының өздерінің саналы шешімімен жүзеге асырылуда. Аталған жұмыста ауыл ақсақалдарының, қоғамдық кеңес мүшелерінің, жергілікті атқарушы органдардың, прокуратураның, кәсіпкерлердің және учаскелік полиция инспекторларының рөлі ерекше. Атап айтқанда, ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлердің қатысуымен кездесулер өткізіліп, алкоголь өнімдерін сатудан бас тарту жөнінде ортақ шешім қабылданады. Дүкен иелері өз сауда орындарында алкоголь өнімдерін сатуды тоқтатады, – дейді Арман Нұрмұқаматұлы.

Сондай-ақ, аталған бастама құжат жүзінде де рәсімделеді. Яғни, жергілікті әкімдік, полиция, прокуратура органдары, ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлер арасында тиісті меморандумдар жасалып, қабылданған шешімдер қолдау тапқан тұрғындардың қолдарымен бекітіледі.

Мысалы, бұған дейін Екібастұз өңіріндегі Құлакөл, Қарасор, Құдайкөл және басқа да ауылдарда осындай тәжірибе енгізілген. Сондай-ақ Баянауыл ауданындағы Жаңатілек ауылы – алкогольден бас тартқан елді мекендердің қатарында. Бұл жерде басты мәселе тек дүкендерде алкоголь сатылмауында емес, ауыл тұрғындарының өздері қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауында жатқанын атап өткен жөн.

Игі бастаманың нәтижесі де жоқ емес. Ащы судан арылған ауылдарда қоғамдық ахуал жақсарған.

– Тәжірибе көрсеткендей, алкогольді тұтынудың азаюы отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың, бұзақылықтың, қоғамдық тәртіпті бұзу фактілерінің алдын алуға оң ықпал етеді. Мысалы, Екібастұз қаласына қарасты Құлакөл ауылын атап өтуге болады. Ауылда 500-ден астам тұрғын тұрады. Бұрын алкоголь тұтынумен байланысты мәселелер мен отбасылық жанжалдар кездескен. Алайда дүкендерде алкоголь сатуды тоқтату туралы шешім қабылданғаннан кейін ауылдағы ахуал айтарлықтай жақсарған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, соңғы екі жылда бұрын мазасын алған отбасылық жанжалдар тоқтаған. Соңғы жылдары ауылда бірде-бір қылмыс тіркелмегені де атап өтілген, – дейді А.Қаптаев.

Мамандар мұндай мысалдар алкогольсіз орта қалыптастырудың қоғамдық қауіпсіздікке оң әсерін көрсететінін айтады. Дегенмен, мұны тек алкоголь сатуға тыйым салумен байланыстырмайды. Мұнда ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі, ақсақалдардың ықпалы, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спорттық және мәдени іс-шараларды өткізу де маңызды рөл атқаратынын алға тарты. Яғни, қауіпсіз ауылды тек полиция күшімен қалыптастыру мүмкін емес. Ол үшін тұрғындардың өздері де қоғамдық тәртіпті сақтауға мүдделі болуы керек .Сондықтан құзырлы орган алкогольден бас тартқан ауылдардың тәжірибесін облыстың басқа елді мекендеріне тарату жұмыстарын жалғастыра бермек.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.