Осы жылдың алғашқы 8 айында облысымызда қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші 20,4 пайызға төмендеген. Алайда миокард инфарктісі бойынша өлім-жітім көрсеткішінің 15,5 пайызға артуы алаңдаушылық туғызып отырған жайы бар.
Павлодар облыстық кардио-хирургиялық орталығының ақпа-раты бойынша аймағымызда жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу, оларды дер кезінде анықтау және медициналық
көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар үздіксіз жалғасуда. Соған қарамастан, 2026 жылдың 9 айында аймағымызда жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдығу көрсеткіші 2 пайызға өскені байқалады.
Мамандардың айтуынша, жүрек-қан тамырлары аурула-рының асқынуларына тұрғындардың медициналық көмекке кеш жүгінуі, жүректің ишемиялық ауруын дер кезінде анықтатпай жүре беруі және науқастардың дәрігер тағайындаған ем-домды уақтылы ішпеуі себеп болуда. Сондай-ақ, артериялық гипертензия, қант диабеті, артық салмақ, созылмалы бүйрек ауруы бар науқастарда да жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдығу қаупі жоғары көрінеді. Өкінішке қарай, соңғы уақытта өңірімізде миокард инфарктісінің салдарынан болған өлім-жітім көрсеткіші артқан. Бұған көбінесе қандағы холестерин мен қант деңгейінің көтерілуі, қимыл-қозғалыстың аздығы және зиянды әдеттер кері әсерін тигізуде, дейді дәрігерлер.
Павлодар облыстық кардио-хирургиялық орталығының интер-венциялық кардиолог дәрігері Айбек Төребекұлы тұрғындарға дұрыс тамақтанудың маңызы зор екенін алға тартты.
– Күнделікті тамақтану кезінде тұз бен майлы тағамдарды шектеу, тұрақты дене белсенділігі мен қалыпты салмақты сақтау, темекі шегуден және алкогольді шамадан тыс тұтынудан бас тарту жүрек-қан тамырлары ауруларының асқыну қаупін едәуір төмендетеді. Сонымен қатар, қазіргі таңда көптеген жастар энергетикалық сусындар ішеді. Құрамында кофеин мен басқа да сергітетін заттар бар мұндай өнімдер жүрек соғысын жиілетіп, артериялық қысымды көтеруі және жүрек ырғағының бұзылуына әкеліп соғуы мүмкін. Сол үшін денсаулыққа зиянды заттарды мүлдем тұтынбаған жөн, – деді Айбек Төребекұлы. Сондай-ақ, ол мамандандырылған және жоғары технологиялық кардиологиялық көмекті облыс тұрғындары алысқа бармай-ақ өз өңіріңізде алуына мүмкіндік мол екенін атап өтті.
Қазіргі таңда облыстық кардиологиялық орталық заманауи кардиология, интервенциялық кардиология және кардиохирургия бағыттары бойынша қызмет көрсетуде. Емдеу мекемесі заманауи жабдықтармен толық қамтылған әрі білікті медицина мамандары жұмыс істеуде.
Қуантарлығы, аталмыш орта-лықта ашық жүрекке жасалатын операциялар, интервенциялық араласулар, жүрек қақпақшаларының патологиялары мен жүрек ырғағының бұзылуын хирургиялық жолмен емдеу шаралары сәтті жүзеге асуда. Бүгінде бұл медициналық ұйым Қазақстандағы ашық жүрекке күрделі операциялар жасайтын санаулы клиникалардың қатарына кірген.
Облыстық кардиохирур-гиялық орталығы ұсынған ақпа-ратқа сүйенсек, 2026 жылдың 10 айында осында 5 мыңнан астам науқасқа медициналық көмек көрсетілген. Мамандар 500-ден астам ашық жүрек операциясын, 1100-ден астам интервенциялық хирургиялық араласу және 1700-ден астам интервенциялық зерттеу жасаған екен.
Нұржайна ШОДЫР.
