Елімізде ұстазға деген құрметті арттыру мәселесі бүгінде өзекті. Балаға тек білім беруге міндетті мұғалімнің түрлі платформаға дерек енгізуге, өзге де жұмыстарға тартылуы жиі айтылады. Одан бөлек, ата-аналардың мұғалімді негізсіз кінәлау, кейде балағаттау жайттары да кездеседі. Өкінішке қарай, оқушылардың да ұстаздың сөзін елемейтін, ерсіз қылыққа баратын сәттері де қоғамда аракідік көрініс табады. Сондықтан мұғалім мәртебесін көтеріп, қоғамда құрмет қалыптастыру қажет. Мәселені ел Президенті де сөз етті. Осы орайда, ғалымдар педагогикалық мамандыққа деген құрмет білім беру жүйесінің ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндетіне айналуы керектігін алға тартуда. Соның бір тетігі ретінде Ұстаздар күнін ресми түрде демалыс күні етіп, жалпыхалықтық мереке ретінде жариялауды ұсынып отыр. Мерекелік күн ету қандай нәтиже береді? Қоғамда құрмет артып, мұғалім мәртебесі биіктей ме? Осы және өзге де сауалдарға «Алаңда» жауап іздеп көрдік.
Бақыт БЕКСЕЙІТОВА,
ардагер ұстаз:
– Ұстаздар күнін жалпыхалықтық мереке немесе ресми демалыс күні ретінде жариялаудың қажеті жоқ деп есептеймін. Себебі бұл – нақты бір кәсіптің, яғни ұстаздардың төл мерекесі. Егер оны жалпыхалықтық демалысқа айналдырсақ, онда дәрігерлер, полицейлер, құтқарушылар сияқты басқа да маңызды әрі жауапты мамандық иелері әбден әділетті түрде наразылық білдіреді. Олар «Біздің де еңбегіміз құрметке лайық қой, біздің кәсіби мерекеміз неге демалыс емес?» деп заңды сұрақ қоюы мүмкін. Дәрігерлер тәулік бойы адам өмірі үшін күреседі, олардың еңбегі де ұстаздың еңбегімен тең. Сондықтан кәсіби мерекелерді ажыратып, оны жалпы халықтық демалысқа айналдырмау керек.
Ең бастысы, ұстаздарға бір күндік демалыс немесе жалған мереке емес, шынайы құрмет пен лайықты еңбек жағдайы қажет. Мұғалімге деген қоғамдық мәртебені демалыспен емес, қағазбастылықты азайтып, жалақыны көтеріп, ата-аналар мен қоғамның шынайы сыйластығымен арттыру керек. Бұл мерекені мектеп қабырғасында, оқушылармен және әріптестермен бірге атап өткен әлдеқайда жөн. Ұстаз үшін ең үлкен сый – оның шәкіртінің алған білімі мен қоғамның шынайы алғысы.
Еркеғали ЖАНҒАЗЫ,
облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі:
– Ұстаз тек білім беруші маман ғана емес, ол — ұлттың болашағын қалыптастыратын тұлға. Ұрпақ тәрбиесіне, біліміне жауапты азаматтар қандай да құрметке лайық. Елімізде «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданған. Құжатта мұғалімдердің мүддесі қорғалған. Сондықтан, ұстаздың қоғамдағы беделін арттыру үшін осы заңнама талаптарының орындалуын қамтамасыз етуіміз керек. Яғни, заңның іс жүзінде жүмыс істеуі қажет. Ұстазға құрмет бір күндік мерекемен шектелмей, жыл он екі ай көрсетілуі тиіс. Құрмет дегенде ол міндетті түрде марапат, мадақ емес, күнделікті іс-әрекетпен, дұрыс қарым-қатынаспен көрініс табуы керек деп ойлаймын. Ол үшін қоғамда мәдениет қалыптасуы керек.
Ал 5-қазан күнін жалпыхалықтық мереке деп атаудан ұстазға деген құрмет еселеніп, бәрі шешіле қалады дегенге күмәнмен қараймын. Мұғалімге құрметсіздік, өрескел әрекеттер көрсетілсе, ол заң аясында шешілуі керек. «Заң мен тәртіп» деген қағидат бар. Тәртіпсіздер тезге салынып, өзгелер содан сабақ алса, жағымсыз әрекеттер де тыйылады. Демалыс күні етіп жариялаудан жағдай оңалып, нәтиже береді дегенге сенбеймін.
Жанаргүл ӘРІН,
Павлодар қаласының тұрғыны:
– Ұстаздық өзге мамандықтардан бір саты жоғары екені анық. Дәрігерді де, инженерді де, ғалымды да, мемлекет қайраткерін де тәрбиелейтін – мұғалім. Демек, ұстазға құрмет көрсету – белгілі бір кәсіби топты ғана емес, елдің болашағына қызмет еткен еңбекті бағалау. Сондықтан ұстаздар күнін жалпыхалықтық мереке ретінде жариялағанның еш әбестігі жоқ. Өзге мамандық иелері де оған ренжімейді деп ойлаймын. Мұндай қадам ұстаздың орны – төр екенін көрсетеді. Бұл күні әрбір адам өзінің алғашқы ұстазын еске алып, алғысын білдіруге мүмкіндік алса, тамаша емес пе?! Әрине, бір күнмен құрмет бітпейді.
Ұстаздар күнін жалпыхалықтық деңгейде атап өту қоғамның білім мен тәрбиеге деген көзқарасын айқындайды. Бұл мереке мұғалім мамандығының беделін арттыруға да ықпал етері сөзсіз. Меніңше, ұстаздар күнін жалпыхалықтық мерекеге айналдыру
тек мұғалімдерге сый-құрмет көрсету емес, білімге, тәрбиеге және болашаққа деген құрметті білдіреді. Өйткені, ұстазға тағзым ету – ұлттың ертеңіне тағзым ету деп есептеймін. Ұл-қызымыздың тәрбиелі, білімді болып қалыптасуына бізбен бірге үлес қосатын азаматтарға дәл осындай құрмет жарасады.
«Алаңды» үйлестірген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
