Он бір жастағы Ерназардың жеке кітапханасында 95-ке жуық шығарма бар. Әлем әдебиетінің классикалық туындыларынан бастап, қазақ жазушыларының шығармаларына дейін қызығушылықпен оқитын жас өрен кітапты күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған.
Ерназар кішкентайынан айналасындағы дүниені танып-білуге, түрлі сұраққа жауап іздеуге құмар болып өскен. Ғарыш, адам ағзасы, тарих, мәдениет, өнер, музыка мен ғылым – оның қызығушылық аясы кең. Алғашқы оқыған кітаптарының бірі – «Сұрақ және жауап» энциклопедиясы. Оны басынан аяғына дейін оқып шыққан бала сол кезде алған мәліметтерін әлі күнге дейін жадында сақтап, сабақ барысында орынды пайдаланып келеді.
Кітап оқу Ерназар үшін жай ғана хобби емес, күнделікті әдетке айналған. Отбасында кітап таңдау мен сатып алудың да өзіндік дәстүрі қалыптасқан. Әр оқу демалысында кітап дүкендеріне барып, кітап қорын толықтыру – үйреншікті үрдіс.
Анасы Гүлнұр Сүйіндікованың айтуынша, баласын кітап оқуға ешқашан мәжбүрлемеген. Керісінше, оның қызығушылығының табиғи түрде қалыптасуына мүмкіндік берген.
— Біз үшін маңыздысы – баланың кітапты міндет үшін емес, өз қызығушылығымен оқуы. Ерназар кітапты көбіне өзі таңдайды. Біз оның ынтасын сақтап, жаңа шығармалармен танысуына жағдай жасауға тырысамыз, – дейді анасы.
Жас оқырманның әдеби талғамы сан алуан жанрды қамтиды. Ол фэнтези, шытырман оқиғалы шығармалар, детектив, ғылыми фантастика және классикалық әдебиетті сүйіп оқиды.
Ерназардың сүйікті кітаптарының бірі – Джоан Роулингтің жеті бөлімнен тұратын «Гарри Поттер» сериясы. Шығарманың барлық бөлімін жинақтаған ол кітаптарды бірнеше мәрте қайталап оқыған. Сонымен қатар, Клайв Стейплз Льюистің «Нарния шежіресі» сериясын толық меңгерген. Толкиннің «Сақиналар әміршісі» мен «Хоббит» шығармалары да сүйікті кітаптарының қатарында.
Шытырман оқиғалы әдебиеттен Жюль Верннің бірнеше романын, Джек Лондонның «Теңіз қорқауы», Герман Мелвиллдің «Моби Дик», Редьярд Киплингтің «Джунгли кітабы» шығармаларын оқыған. Детектив жанрынан Артур Конан Дойлдың Шерлок Холмс туралы туындылары мен Агата Кристидің «Он қара домалақ» романын меңгерген. Ғылыми фантастикадан Герберт Уэллс пен Рэй Брэдбери шығармаларын оқиды. Қазақ әдебиеті де Ерназардың кітапханасынан кең орын алған. Ақберен Елгезектің «Дардай», «Болмаған балалық шақ», Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша», Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа», Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі», «Жабайы алма», Мұхтар Әуезовтің «Көксерек», «Жетім» шығармаларымен таныс. Сонымен қатар, Момбек Әбдіәкімұлы, Бейімбет Майлин және басқа да қазақ қаламгерлерінің туындыларын оқыған. Биыл кітапханасы Дулат Исабеков шығармаларымен толыққан.
Ерназардың кітап оқудағы ерекшелігі – шығарманың мазмұнына терең бойлап, кейіпкерлердің тағдырына бейжай қарай алмайтын сезімталдығы. Ол кітаптағы оқиғаларды сырттай бақылап қана қоймай, кейіпкерлермен бірге қуанып, бірге мұңаяды. Мәселен, Джек Лондонның «Теңіз қорқауы» мен Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма» шығармаларын оқығанда кейіпкерлердің тағдырына қатты әсерленіп, көзіне жас алған кездері болған.
Тұрақты кітап оқудың Ерназардың мектептегі оқуына да оң әсері байқалады. Ол жаңа тақырыптарды тез түсініп, тапсырмаларды өз бетінше орындауға дағдыланған. Оқыған шығармаларынан алған білімін сабақ барысында орынды пайдаланып, ойын жүйелі жеткізе біледі.
Соңғы уақытта жас оқырман кітапқа деген қызығушылығын өзгелермен де бөлісе бастады. Өзінің шағын блогын жүргізіп, оқыған кітаптары, сүйікті авторлары мен жаңа шығармалары туралы жазып, кітап оқуға қатысты ұсыныстарымен бөліседі.
Кітаптан бөлек, Ерназар музыкаға да ерекше қызығушылық танытады. Ән айтуға бейімі бар, мектептегі мәдени іс-шараларға белсенді қатысады. Домбыра тартады. Қазіргі таңда «Жанр» шығармашылық студиясында кәсіби ұстаздардан вокал және домбыра бағыттары бойынша дәріс алып жүр.
95-ке жуық кітап оқыған жас өреннің алдағы мақсаты әлі де ауқымды. Ал отбасы үшін басты көрсеткіш – оқылған кітаптардың саны емес, баланың кітапқа деген шынайы ықыласы мен танымға деген құштарлығы.
А.БОРАНБАЕВА.
Павлодар қаласы.
