«Ифтар» емес, «ауызашар»

Қар 26, 2026

Ана тілі – ұлттың рухани болмысы мен тарихи жадын сақтайтын басты құндылық. Тілдің тазалығын сақтау — тек әдебиет пен білім саласының ғана емес, қоғамның барлық ортасына ортақ міндет. Соның ішінде діни ортадағы сөз қолданысы да ерекше назар аударуды қажет етеді. Соңғы уақытта күнделікті қарым-қатынаста араб тілінен енген діни сөздер мен тіркестердің жиі қолданылуы осы мәселенің қайта көтерілуіне негіз болды. 

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықа-ралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында ана тіліміздің қолданысы мен тілдік бірізділік мәселесіне тоқталды. Президент қазақ тіліндегі кейбір сөздер мен ұғымдардың әртүрлі қолданылуы тіл тазалығына кері әсер ететінін атап өтіп, бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігін айтты. Әсіресе, дінге қатысты көне сөздеріміздің орнына араб тіліндегі атауларды жиі қолдану үрдісіне назар аударды.

– Соңғы кезде дінге қатысты көне сөздеріміздің орнына араб сөздерін жиі қолдану сән болып кетті. Мұның да қажеттілігіне күмән бар, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің бұл пікірі қоғамда тіл мәдениеті мен ұлттық сөздік қорды сақтау мәселесіне деген қызығушылықты арттырды. Расында, қазақ халқының діни танымы мен рухани тәрбиесі ғасырлар бойы ана тілі арқылы қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен. Имандылық, ізгілік, адамгершілік ұғымдары халқымыздың дүниетанымында өз атауларымен орныққан.

Осы орайда Қазақстан мұсыл-мандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы да күнделікті қарым-қатынаста араб тіліндегі сөздердің орнына қазақ тілінде қалыптасқан атауларды қолдануға шақырды. Діни басқарманың түсіндіруінше, Құран аяттары, намазда оқылатын дұғалар мен зікірлер араб тілінде айтылғанымен, күнделікті сөйлесу барысында қазақша сөздерді қолданған жөн.

– Мәселен, діни ортада жиі кездесетін «ифтар» сөзінің орнына «ауызашар», ал «сухур» сөзінің орнына «сәресі» атауларын пайдалануды ұсынамын. Бұл – халқымыздың тұрмыс-тіршілігі мен діни дәстүрінде бұрыннан қалыптасқан, мағынасы көпшілікке түсінікті сөздер. Сондай-ақ адамдардың бір-біріне қарата айтатын «ахи», «ухти», «абла», «аби», «брат», «сестра» секілді сөздерінің орнына «бауырым», «ағам», «інім», «әпкем», «апам», «қарындасым» деген төл атауларды қолдануға шақырамын, — деді бас мүфти.

Бұдан бөлек, бес уақыт намаздың қазақ тілінде қалыптасқан «таң», «бесін», «екінті», «ақшам», «құптан» деген атауларын орынды қолданудың маңызын да атап өтті. Діни басқарма өкілдерінің пікірінше, мұндай сөздер тек тілдік бірлік қана емес, халқымыздың үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрін де айқындайды. Мәселен, «бауырым» деген бір ауыз сөздің өзінде жақындық, жанашырлық пен бауырмалдықтың мәні жатыр.

Иә, қазақ халқы басқа салт-дәстүр секілді  имандылық тәрбиесін де ана тілінде жеткізе білген. «Аманатқа қиянат жасама», «кісі ақысын жеме», «обал болады», «сауап болады» деген ұлағатты сөздер арқылы ұрпағын адалдыққа, жауапкершілікке, ізгілікке тәрбиелеген. Бұл – дін мен дәстүрдің, тіл мен тәрбиенің өзара сабақтастығын көрсететін рухани мұра. Себебі, әрбір ұғысты тілімізді бұрап арабша айту – тақуалық белгісі емес.

– Діндегі тіл тазалығы өте өзекті мәселеге айналған. Қазір жамағаттар арасында «ахи», «ухти» деген сөздерді көп қолдануда. Оның орнына қазақтың әдемі «аға», «бауыр» деген сөздері бар емес пе?! Бұл туралы бұған дейін әлеуметтік желіге де жазған едім. Қолдағандары да, қарсы шыққандары да болды. Сонымен қоса, күнделікті кездесетін мынадай сөздер бар. Мысалы, түшкіргенде «Әлхамдулиллаһ» дейді. Оның орнына «Бер, тәңір» деуге болады. Бір нәрсеге таңданғанда «Машаллаһ» деп жатады. Оған «Көз тимесін» немесе «тілім тасқа» деген қазақы ұғымдарды қолдануға болады. Міне, осы секілді қарапайым сөздердің бәрінің қазақы баламасы бар, — дейді «Ақмешіт» мешітінің имамы Нұрмұрат Мұсайып.

Тілеуберді САХАБА.