Қатерлі ісік қаупін азайтады

Қар 26, 2026

Тәуелсіздік алғалы елімізде халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған жобалар сәтті жүзеге асуда. Соның бірі – денсаулық сақтау мекемелерін заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіп, жаңа технологияларды енгізу. Бұл бағыттағы жұмыстар облысымызда да ойдағыдай қолға алынуда. Мәселен, өңірлік онкологиялық диспансерде қатерлі ісікке шалдыққан науқастарды емдеуге арналған жаңа желілік үдеткіш кабинеті пайдалануға берілді.

Заманауи медициналық каби-неттің ашылу салтанатына аймақ басшысы Асайын Байханов, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Ербол Бекмұхамбетов, медицина саласының ардагерлері мен онколог дәрігерлер қатысты.

Жаңа радиотерапиялық кешен «Қазақстан халқына» қорының қаржыландыруымен және облыс әкімдігінің қолдауымен орнатылған. Жобаны үйлестіруге Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты атсалысқан. Кешен құрамында TrueBeam желілік үдеткішімен қатар, науқастарды сәулелік терапияға дайындауға арналған компьютерлік томограф-симулятор да бар.

Облыстық онколо-гиялық диспансердің радиология бөлімшесінің меңгерушісі Виктория Сиченконың айтуынша, жаңа аппарат қатерлі ісіктің бас, мойын, кеуде, құрсақ қуысы, кіші жамбас ағзалары, жұмсақ тіндер мен сүт безінде орналасқан түрлерін емдеуге арналған. Маманның сөзіне қарағанда, емдеу алдында әр науқас компьютерлік томографиядан өтеді. Оның нәтижесі бойынша дәрігерлер ісіктің нақты орналасуы мен шекарасын анықтап, сәуле беру мөлшерін есептейді. Сол бойынша әр емделушіге жеке емдеу жоспары әзірленеді. Ал сол жақ сүт безінің қатерлі ісігін емдеу кезінде тынысты уақытша ұстап тұру әдісі қолданылып, жүрекке түсетін сәулелік әсерді азайтуға жағдай жасалады. Жабдық жасанды интеллект технологиясымен де толықтырылған.

Осылайша, АҚШ-та шығарылған жоғары технологиялық қондырғы сәулелік терапияның дәлдігін арттырып, ісік жасушаларын емдеуге мүмкіндік береді.

Онкологтардың болжамынша, жаңа кешен жылына 1200-1500 науқасқа қызмет көрсете алады. Тәулігіне шамамен 70-80 адамға сәулелік терапия жүргізу жоспарланған. Бұл өңір тұрғындарының күрделі ем алу үшін басқа қалаларға бару қажеттілігін азайтады, дейді дәрігерлер.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаеваның мәлі-метінше, қор 2022 жылдан бері Павлодар облысында жалпы құны 13,5 миллиард теңгені құрайтын жобаларды жүзеге асырған. Оның айтуынша, медицина мамандарын осындай заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету арқылы тұрғындардың сапалы ем алуына жағдай жасалуда.

Айта кетерлігі, аталмыш қордың қолдауымен Қазақстанға он шақты желілік үдеткіш құрылғылары сатып алынған. Сонымен қатар, соңғы екі-үш жылда елімізге онкологиялық аурудың кейінгі сатыларында қолданылатын 15 түрлі нысаналы препарат әкелініп, тиімділігі анықталғаннан кейін медициналық тәжірибеге енгізілген.

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Ербол Бекмұхамбетов елімізде онкологиялық қызметті дамыту жұмыстары 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында жүргізіліп жатқанын жеткізді. Жоспар бойынша медициналық ұйымдарды 700-ден астам түрлі жабдықпен қамтамасыз ету, жаңа онкологиялық орталықтар салу және сәулелік терапияның қолжетімділігін арттыру көзделген. 2027-2028 жылдары республикада тағы 4 онкологиялық орталықтың құрылысы аяқталмақ. Оның сөзіне қарағанда, халықаралық тәжірибе бойынша алғаш рет қатерлі ісік анықталған науқастардың кемінде 70 пайызы сәулелік терапиямен қамтылуы қажет екен. Ал қазіргі таңда Қазақстанда осындай 26 желілік үдеткіш іске қосылған. Осы орайда көршілес Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерімен салыстырғанда біздің елде мұндай құрылғылар саны бірнеше есе көп екенін айта кеткен жөн, дейді басқарма төрағасы.

Өкінішке қарай, өңірі-мізде онкологиялық аурулардың тіркелу деңгейі республикалық орташа көрсеткіштен жоғары екені байқалуда. Мәселен, әр 100 мың тұрғынға шаққандағы республикалық көрсеткіш 215-ті құраса, облысымызда шамамен 320 жағдайдан тіркелуде. Алайда соңғы жылдары жергілікті медицина мамандарының нәтижелі жұмысының арқасында аурудан болатын өлім-жітім көрсеткіші едәуір төмендеген. Ал сәулелік терапиямен қамту деңгейі 72 пайызға жетіп, республикалық орташа көрсеткіштен асып отыр екен.

Аймақ басшысы Асайын Байханов жаңа жабдықтың өңір медицинасы үшін маңызы зор екенін атап өтті. Ол сондай-ақ, медициналық технологиялардың қарқынды дамуына байланысты құрал-жабдықтарды да тұрақты жаңартып отыру қажет екенін жеткізді.

Жаңа желілік үдеткіштің іске қосылуы облыстағы онкологиялық көмектің қолжетімділігін арттырып, науқастардың күрделі емді өз өңірінде алуына мүмкіндік бермек.

Бұл – денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға бағытталған нақты қадам әрі Тәуелсіздік жылдарындағы ел дамуының маңызды нәтижелерінің бірі екенін атап өткен жөн.

 Нұржайна ШОДЫР.

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.