Күз жақындаған сайын ауылдағы ағайын мен қалалық жерлердегі жеке үй иелерін алаңдататын негізгі мәселелердің бірі – көмір сатып алу. Биыл өңірдегі кей кеніштің басшылығы қатты отынның босату құнын көтерді. Салдарынан өнімнің бағасы былтырғыдан жоғары болмақ.

 

Жалпы, облыс жұртшылығының қысқы уақытта қатты отыннан тарықпай шығуы үшін барлығы 399 мың тонна көмір керек. Қазіргі уақытта сату орындарында 15 мың тонна бар. Сол сияқты әлеуметтік нысандарды жылыту үшін 130,3 мың тонна қатты отын қажет. Бүгінгі таңда бұл көлемнің 17,5 мың тоннасы жеткізілді. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Салханов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында көмірдің бағасына тоқталды.

— Алдағы жылыту маусымында тас көмірдің бір тоннасы елді мекеннің қашықтығына байланысты 9 500 теңгеден 25 мың теңгеге дейін сатылады. Қоңыр отынның тоннасы 11 500-20 мың теңге аралығында болады деген болжам бар. Инфляцияның салдарынан «Майкубен-Вест» кеніші өнімді босату бағасын 500 теңгеге көтерді. Бұған дейін отынның бір тоннасы 7500 теңгеден босатылса, енді 8 мың теңгеден жөнелтіледі. Өзге кеніштерде баға әзірше өзгере қойған жоқ. Мәселен, «Гамма-Сарыкөл» кәсіпорны 7 мың теңгеден, «Богатырь Көмір» кеніші 3 413 теңгеден сатады, — деді Е.Салханов. Сонымен қатар, басқарма басшысы қалалардағы жылу-электр орталықтары да қатты отынмен қамтудың қамына кіріскенін айтты. Бүгінгі таңда станциялардың қоймаларында шамамен 1,6 млн тонна көмір және 15,4 мың тонна мазут бар.

— Құрал-жабдықтарды жөндеу мен жаңарту жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Биыл барлығы 40 қондырғыға күрделі және кеңейтілген ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланған. Осы уақытқа дейін 13 құралды жөндеу аяқталды, қалғаны кестеге сәйкес атқарылуда, — деді басқарма басшысы. Көпқабатты тұрғын үйлердің де жылыту маусымына әзірлігі пысықталуда. Өңірдегі 2231 көппәтерлі баспананың 1448-і тексеріліп, дайындалды. Бұл ретте облыс орталығындағы 213 үй қысқа мүлде әзір емес. Жергілікті билік аталған баспаналардың басқарушы ұйымдарымен бірлесіп әрекет етпек.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.