Отбасы құндылықтарын сақтап, қазақ халқына тән үлкенге — құрмет, кішіге — ізет көрсету сынды адами асыл қасиеттерді бойтұмар еткен үлгілі де өнегелі шаңырақтардың бірі — Баянауыл ауданы Құндыкөл ауылындағы Мұрсаловтар әулеті. Жақында бұл шаңырақ облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы атанып, республикаға жолдама алды.
Мұрсаловтар отбасы ұстаздар ордасы екендігімен ерекшеленеді. Әулеттің білім беру саласындағы еңбек өтілі – 193 жыл. Отағасы Илдебай Закриянұлы — 42 жыл бойы білім беру саласында талмай еңбек еткен ұлағатты ұстаз, 5 баланың ардақты әкесі, 19 немере-жиеннің сүйікті атасы.
— Әкем 4 жасында әйгілі жерлесіміз, ғалым Ермұхан Бекмахановтан бата алып, кейін осы кісі сияқты тарихшы мамандығын таңдаған екен. Оған отбасы мұрағатындағы суреттері дәлел. Ұзақ жылдар бойы ұрпаққа тарих пәнінен сабақ берген ол қазіргі уақытта өз үрім-бұтағына арнап әулетіміздің тарихи жәдігерлерін жинаумен айналысуда. Біз әкеміздің әр ісінен үлгі аламыз. Ол осындай еңбекқорлығының арқасында түрлі жетістіктерге жетті. Мемлекеттік деңгейдегі медальдар алып, бірнеше мәрте облыстық білім беру басқармасының Құрмет грамоталарымен, «Баянауыл ауданына сіңірген еңбегі үшін» және «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен марапатталды, — дейді қызы Алмагүл Мұрсалова. Оның айтуынша, анасы Сәлимаш Бейбітова да мұғалім болып, оған қоса кітапханашы қызметін де абыроймен атқарған. Ата-анасының жолын қуған отбасындағы 4 қыз бен 1 ұл да педагогика саласын таңдаған. Бүгінде олардың барлығы отандық білім беру жүйесін дамытуға өз үлестерін қосып, табысты еңбек етуде. Әулеттің тұңғышы Айнагүл – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі және мектеп басшысының оқу ісі жөніндегі орынбасары. Ұстаздық еткеніне 25 жыл болған. Екінші қызы Алмагүл де — қазақ тілі маманы. Жоғары санатты ұстаз 26 жыл бойы жұмыс істеп келеді. Үшінші қызы Шынар мектепте психолог әрі директор болып қызмет етуде. Кенже қызы Айжан — математика пәнінің мұғалімі. Ал ұлы Арман – дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Атап өтерлігі, әулеттегі мұға-лімдікті таңдаған бес педагогтың да жеткен жетістіктері толағай. Олардың барлығы түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болып, шәкірттері де биік белестерді бағындыруда. Осындай салиқалы ұл-қыз тәрбиелеп өсірген Илдебай ата мен Сәлимаш әже — 19 немере сүйіп, солардың қызығын көріп отырған бақытты жандар. Қазіргі күні немерелерінің алды да ата жолын жалғастырып, педагог мамандығы бойынша білім алып, алғашқы еңбек жолын бастауда екен.
— Біздің отбасымыздан 11 мұғалім, 2 магистр, 2 алтын белгі, 2 қызыл диплом иегері шықты. Ата-анамыз жастайымыздан жақсы тәлім-тәрбие беріп, адамның ала жібін аттамауды, адамгершілік, мейірімділік сынды асыл қасиеттерді бойымызға сіңіріп өсірді. Сол үшін де оларға айтар алғысымыз шексіз, — дейді Алмагүл Илдебайқызы. Әулет мүшелерінің мұғалімдікпен қатар ұлттық ойындарды насихаттауға да мол үлес қосып жүргенін айта кеткен жөн. Бұл шаңырақтағы балалар мен немере-жиендер түрлі деңгейде ұйымдастырылған облыстық, республикалық асық ату, көкпар тарту, теңге алу, тазы жарыстыру сынды ұлттық ойындарға қатысып, олжалы оралуда. Тізбектеп айта берсек, бұл әулеттің ерекше қасиеттері, ел сүйсінетін отбасылық құндылықтары көп. Ең бастысы, көргенді ұл-қыз тәрбиелеп өсірген осындай шаттыққа толы шаңырақтар көбейе берсе екен дейміз.
Нұржайна ШОДЫР.