Облысымызда алдағы уақытта Ата-аналар альянсы құрылады. Бұл ұйым ата-аналарды баланың білімі мен тәрбиесі мәселесінің төңірегіне топтастырады. Ұлт болашағына бейжай қарамайтын ата-аналар мемлекетпен, мектеппен бірлесіп, ұрпақ тәрбиесіне үн қосады. Қоғамдағы күрмеулі тұстарды шешуге араласып, ой-пікірлерін ортаға салады. Мұндай альянс құру ұсынысы аймағымызда алғаш рет өткен ата-аналар форумында жасалды.
Ата-аналар тарапынан ұсыныс қолдау тапты. Облыстың аудан-қалаларынан келген ата-аналар қамқоршылық кеңестерінің өкілдері, білім беру ұйымдарының басшылары, қызметкерлерінің басын қосқан алқалы жиында балаға сапалы білім, өнегелі тәлім-тәрбие берудегі мәселелер қозғалды. Отбасы күні қарсаңында ұйымдастырылған үлкен ата-аналар жиналысында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова шуақты мерекемен құттықтап, отбасы ұлттық құндылықтарымызды ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін маңызды институт екенін атап өтті.
— Биылғы мұғалімдердің тамыз конференциясында облыс әкімі ата-аналардың форумын ұйым-дастыруды айтқан болатын. Отбасы мен мектептің байланысын нығайту қоғам үшін өте маңызды. Кез келген адамның негізі отбасында қаланады. Осы ретте, балаларымыздың алаңсыз білім алуына аймағымызда жайлы жағдай жасалып жатқанын айту керек. Соңғы 3 жылда өңірімізде 165 мектеп жаңғыртылды. Әлі де 135 мектепті жайлы етуіміз қажет. Бұл жұмыс алдағы үш жылда іске асады деп жоспарлануда. Осылайша, барлық мектеп балаларға жайлы болмақ, — деді А.Құрманова. Облысымызда алғашқылардың бірі болып бастауыш сынып оқушылары тегін тамақтанып, қоғамдық көліктерде тегін қатынай бастағаны да балалардың қамы екенін атады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Павлодар облысы балалардың жайлы өмір сүру көрсеткіші жағынан республикада екінші орында болуы –
жасалған жұмыстың нәтижесі, деді. Осы ретте, барлық ата-аналарды білімді әрі адал азамат тәрбиелеу жолында күш біріктіруге шақырды. Ал облыстың кәмелетке тол-
мағандар ісі жөніндегі маман-дандырылған ауданаралық сотының төрағасы Серік Марданов отбасы құрудың оңай болғанымен, оны сақтау үшін төзім мен кешірімнің маңыздылығын еске салды. Олай деуінің жөні бар. Себебі, тұрмыстық кішігірім кикілжіңдер ажырасуға әкеліп соғады. Оның салқынын балалар сезінуде. Маманның айтуынша, ажырасу кезінде кейде балалар ата-ана татулығы үшін өзін қиюға, кетіп қалуға әзірліктерін ашық айтатын көрінеді. Демек, бала әкесін де, шешесін де қимайды. Ал ажырасу оның ата-ананың бірінің ғана қарамағында қалуына әкеледі. Көбінде анасымен қалады. Әке тәрбиесін көрмеген, әсіресе, ұлдың мінез-құлқында өзгерістер пайда болады. Одан бөлек, кейбір ересектердің жауапсыздығынан ата-ана қамқорлығынан айыру деректері де аз емес. Биыл 8 айда мұндай 150 іс түскен. Тағы 135 іс ата-ана құқығын шектеуге қатысты. Бір өкініштісі, былтырғы бір жылғы көрсеткіштен биылғы жағдай қазірдің өзінде асып кетіпті. Павлодар облысының балалардың құқықтарын қорғау уәкілі Наталья Покидова Президенттің тікелей тапсырмасымен 2022 жылы құрылған уәкілеттік институттың еліміз үшін маңыздылығын атады. Ол балаларға қатысты өзекті мәселелер ретінде буллинг, суицид, балалардың қатігездігін сөз етті. Бұл ретте, қоғам болып әрбір көз шалған жағдайға бей-жай қарамауға шақырды. Кейде ересектердің өзі балалардың бір-біріне жасаған заңбұзушылықтарын бақылап қана тұратын кездердің барына қынжылды.
— Балалардың қауіпсіздігі – өзекті мәселе. Электрондық кибербуллинг пен алаяқтық өршіп тұр. Балалар интернетте зорлық-зомбылық, суицидке шақыратын материалдармен бетпе-бет келуде. Жасөспірімдер арасында әлімжет-тіктің көбеюі де алаңдатады. Сондықтан, мектеп пен ата-ана болып бірлесе жұмыс болуы қажет, — деді Н.Покидова. «Өрлеу» педагогтардың біліктілігін арттыру орталығы облыстық филиалының директоры Роза Әшімбетова отбасы институты құндылықтарының төмендеп жатқаны балалар мәселелерінің көбеюіне себеп деп есептейді. Ата-аналар күйбең тірлікпен, тіпті, баласына күлімдеуді ұмыт қалдырады. Психологтар күніне баласын кемінде 17 рет құшақтауға кеңес береді. Іс жүзінде мұндай мейірімділіктің жоқтығынан балаларда қатігездік басым, біреуге деген жанашырлық жоқтың қасы. Жалпы, ата-аналар «Бақытты отбасы» ережелері қарапайым, қолдан келетін, қаражат қажет етпейтін әрекеттер екенін ескерсе, деді Р.Әшімбетова.
— Туыс-туғанмен емен-жарқын кездесулердің жоғалуы да бала тәрбиесінде олқылықтың орын алуына әкеліп отыр. Ағайын арасындағы әдемі әңгіме, үлкендерге құрмет азайып кетті. Чат арқылы амандасып, хал сұраса саламыз. Бұл – үлкендердің үлкен қателігі, — деді Роза Дүйсенқызы. Облыстың психологтардың шығармашылық тобының жетекшісі Ирина Карпова ата-аналарға буллинг мәселесін талдап түсіндірді. Әлсіздерге әлімжіттік көрсетуге бейім балалардың белгілері, буллердің нысанасына алынатын баланың да қандай болатынын тәжірибе негізінде атап өтті. Айтуынша, күшіне сенген бала оны өзгеге қолданып көруге әрекет етеді. Сол әрекетіне жауап болмаса, ол күннен күнге күш алып, еселей түседі. Бір сөзбен айтқанда, қатыгездік бірден қатты болмайды. Ол кішігірім түртіп қалу, нұқып қалудан басталады екен. Міне, осындай әрекеттерді айналадағы адамдар жолын кесіп отыруы керек. Мектептерде техникалық қызметтерді де осындай жағдайлардың жолын кесу, байқап қалу, үнсіз қалмауға тәрбиелеу ұсынылып отыр. Қыздар арасында жасырын өтсе, ұлдар арасында күш сынасумен жүзеге асатын көрінеді. Жиында балалар арасындағы құқықбұзушылық әрекеттері үшін заңда қандай жаза қарастырылғаны да айтылды. Әкелер кеңесінің ұлдар тәрбиесіндегі маңызы сөз болды. Енді ата-аналар альянсында әкелер де, аналар да күш біріктіріп, ұлт болашағы — ұрпақ тәрбиесі жолында аянып қалмақ емес.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.