Өкінішке қарай, бүгінгі таңда қаржылық алаяқтардың әрекетіне толыққанды тұсау салынбай тұр. Ұялы телефонға хабарласып, өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырып, адамға қатысты барлық ақпаратты алдап-арбап біліп алатын айлакерлер  қулығына құрық бойлатпай келеді. Жеке куәлік пен банк картасына қатысты мәліметті қолға түсірген соң несие рәсімдеп, оның ақшасын өздері қалтасына салады. Сөйтіп сан соғып қалған талай адам әлдекімдер «мойнына іліп берген» несиені төлеуге мәжбүр болып жүр. Мұндай қитұрқы әрекеттерге қалай тосқауыл қоюға болады?

Алаяқтардың арбауы азаяр емес

Соңғы уақытта алаяқтықтың «дәурені» жүріп тұр. Телефон тұтқасының ар жағындағы бейтаныс адамның сөзіне еріп, айтқанын істеп, қалай несие ресімдегенін білмей қалып жатқандар көп. Кейін банктен қарызды төлеу туралы хабарлама келген кезде ғана пысықайлардың «қармағына ілініп» қалғандарын түсініп жатады. Амалсыздан, бөгде біреу пайдасын көріп жатқан ақшаны пайызымен қосып банкке қайтаруға тура келеді. Құзырлы органдарға шағым түскенімен, мұндай алаяқтардың ізін суытпай табу, олардан несие сомасын қайтарып алу – оңай іс емес. Сондықтан алмаған берешекті төлеуден басқа амал қалмайды. Сондай орға түскендердің бірі – павлодарлық Әсел Жармағамбетова.

— Бірде пәтер ішіндегі жиһаздарды жаңартпақ болып, ескілерін сату үшін интернет желісіне жарнама бердім. Көп ұзамай телефонға хабарлама келді. «Жиһазыңыз ұнады, ақысын банк картасына аударып жіберемін. Картаның нөмірін, телефонға келетін кодты жаза қойыңыз» деген сипатта жазылыпты. Байыбына бармай, айтқанының барлығын істедім. Банк картасындағы 40 мың теңгемді бірден шешіп алыпты. Сол кезде ғана алаяқтардың арбауына түскенімді түсіндім. Ол аздай менің атыма несие ресімдеп үлгеріпті. Қазір ай сайын 18 мың теңге төлеп, өзім алмаған несиені пайызымен қоса қайтарып отырмын. Мен сияқты жер сипап қалған жандар жетерлік. Одан сайын шырмауға түспес үшін мемлекеттік тұрғыда қатаң шаралар қабылдау керек деп ойлаймын, — дейді ол. Шынымен, қаржылық алаяқтардың әрекеті – қазіргі уақыттың дендеп тұрған дерті. Оның «емі» әзірше табылмай тұр. Керісінше, жыл санап құрыққа ілінгендердің қатары көбейіп келеді. Облыстық полиция департаментінің дерегінше, жыл басынан бері интернет-алаяқтық бойынша 637 факт тіркелген. Бүгінде оның 78-і сотқа жіберілді. Одан бөлек, 40-қа жуық дерек бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жалпы, несие алу мәселесі күрмеуі көп жайтқа айналды. Бүгінде банктен берешек алмаған адамды кездестіру сирек. Басқа түгілі азық-түлік пен киім-кешектің өзін банктің ақшасына алатын адамдар көбейді. Оған мына бір статистикалық деректер дәлел: 2023 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша, 7,9 млн отандасымыздың барлығы 20,6 млн несиесі болған. Яғни, бұл — бір адамның орта есеппен 2-3 несиесі бар деген сөз. Қазақстандықтардың қаржы институттарына жалпы қарызының сомасы – 15,5 трлн теңге. Соның ішінде 1,1 млн адам барлығы 1 трлн теңгені уақытылы төлей алмай келеді. Олардың берешекті беру мерзімі 90 күннен астам уақытқа кешіктірілген. Ал шілде айында елімізде несиеге қатысты бірден үш «антирекорд» орнатылды. Біріншіден, бұл айда қазақстандықтан 1,4 трлн теңгеге несие ресімдеген. Бұл маусым айындағы қарызбен салыстырғанда 200 млрд теңгеге көп әрі бір айда мұндай сомада бұрын-соңды берілген емес. Екіншіден, шілдеде банктер мен микроқаржы ұйымдарынан 2,5 млн адам ақша алған. Ол да – рекорд. Осы уақытқа дейін бір айда осынша тұрғын банк борышкері атан- баған-ды. Үшіншіден, бір қарыз алушының ай сайын орта есеппен төлейтін сомасы 564 мың теңгені құрады. Бұл маусым айындағы сомадан 62 мың теңгеге көп. Осындай деректерден-ақ жұртшылықтың берешекке белшесінен батқанын байқауға болады.

Шектеу қоюға болады

Қаржы мекемелерінен қарыз алушылардың қатары көбейіп, бөтен адамның атына несие алатын алаяқтардың артқанына байланысты ел билігі жаңа тетік ойластырды. Ол – несие алуға шектеу қою. Бұдан былай қазақстандықтар eGov арқылы өз атына несие ресімдеуден бас тарта алады. Осылайша, өзгелердің атынан заңсыз несие алуға тырысатын алаяқтардың жолы кесілмек. Бәлкім, арғы жағын ойланбастан қарыз алуды әдетке айналдырған кей азаматтар үшін де бұл сабақ болатын шығар. Сонымен, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ  электронды үкімет порталының жаңа сервисі несие мен шағын несие алуға ерікті түрде тыйым салуға болатынын мәлімдеді. Тиісті өтінішті азаматтың өзі ғана толтыра алады. Соған сәйкес, қарыз алу тетігі жарты жыл аралығында қолжетімсіз болады. Бұл мерзім аяқталған соң шектеу автоматты түрде алынады.

— Бірінші кредиттік бюромен бірлесе отырып несиелер алуға ерікті түрде тыйым салу қызметін іске қостық. Азаматтың өзі ғана ерікті түрде несиеден бас тарта алады. Осы арқылы өзгелердің атынан заңсыз несие алуға тырысатын алаяқтан қорғағымыз келеді. Бұл ретте шектеуді кез келген уақытта алып тастауға болатынын да атап өткен жөн, — дейді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин. Несие алудан ерікті бас тарту қызметі eGov mobile қосымшасының басты бетіндегі «Танымал қызметтер» бөлімінде қолжетімді. Дәл осы қызметті eGov.kz порталының «Азаматтарға» – «Кеден және салықтар» – «Экономика және қаржы» — «6 ай мерзімге банктік несиелерді, микрокредиттерді алудан ерікті бас тарту» батырмаларын басу арқылы онлайн түрде өтініш жолдауға мүмкіндік бар. Жақында ғана қосылған бұл қызметті қанша адам пайдаланып үлгергені туралы әзірше ресми мәлімет жоқ. Қалай болғанда да бұл жаңашылдық азаматтарды алаяқтардың айласынан құтқаруға көмектеседі деген сенімдіміз. Бұл ретте жеке мәлі-
меттеріңізді, банк карталарына қатысты ақпараттарды бейтаныс адамдарға беруге болмайтынын тағы да еске салғымыз келеді. Сақтық шараларын қаперден шығармаған кезде ғана ақшаңыздан айырылмайсыз.

Қ.ҚАБЫЛДЕНОВА.