Биыл аймағымыздың педагогика саласына өлшеусіз үлес қосқан ұстаз, Социалистік Еңбек ері Мәжен Қабылбековтің туғанына — 100 жыл. Осыған орай Ақсу қаласына қарасты Қанаш Қамзин ауылының тұрғындары дүбірлі той өткізді. Жуырда бұрынғы Жолқұдық елді мекеніне Кеңес Одағының батыры Қанаш Қамзиннің есімі берілді.

 

Айтулы шараға ауыл тұрғындары, еңбек ардагерлері және елді мекен қонақтары қатысты.

— Бұл ауылда Қанаш Қамзин, Мәжен Қабылбеков секілді ұлы тұлғалар дүниеге келді. Бүгінде қос батырдың есімі ұлықталды. Бүгінде ауылдың орта мектебі сол білім ордасында жарты ғасырға жуық ұстаздық әрі басшылық еткен Мәжен Қабылбековтің есімімен аталады. Ол кісі жайлы ұзақ айтуға болады. Сонымен қатар, ауыл Қанаш Қамзиннің атымен аталуы – ауыл тұрғындары үшін қос қуаныш. Баршаңызды атаулы күнмен құттықтаймын! – деді Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Байбәкіров. Оның айтуынша, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша биыл ауылда жолдар орташа жөндеуден өтіп, көшелер жарықтандырылды. Ақсу ауылдық аймағында алғаш рет бір ауылдық округте Алғабас және Қанаш Қамзин ауылдарында екі дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады. Өткен жылы Алғабас ауылдық округінде 7 балалар ойын алаңы орнатылды. Бұдан бөлек, саябақта жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр. Ал келесі жылы аталған бағдарламаға Алғабас ауылын қосу жоспарлануда. Ауыл мектебінің директоры Қанат Шайғазин аталмыш білім ордасы Мәжен Қабылбековпен тығыз байланысты екенін және мектеп оқушылары өңірлік білім бәсекелерінде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүргендерін алға тартты.

— Мектепті 1966 жылы Мәжен Қабылбеков өзі салдырып кеткен. Тұрғындар «Қызыл мектеп» дейтін. Осы мектепте 60 жыл мұғалім, 56 жыл мектеп директоры болып қызмет еткен. 1971 жылы КСРО Президумының шешімімен Социалистік Еңбек Ері атанды. Біздің жерлесіміз – облыс көлемінде осы атақты алған алғашқы адам. Жолқұдық ауылына ономастика комиссиясының шешімімен Отан үшін жанын қиған мектеп түлегі Қанаш Қамзиннің аты берілді. Қанаш Қамзин ұрпақты қарумен қорғаса, Мәжен Қабылбеков елін қаламмен тәрбиеледі. Бүгінде мектепте бір ауысымда 300-ден аса оқушы білім алады, — дейді Қ.Шайғазин. Ұстаздың немере туысы Раушан Қабдылуахитқызының сөзінше, Мәжен Қабылбеков ауылдағы орта мектепке 50-ге жуық уақыт басшылық етті.

— Мәжен Қабылбекұлы өз ісінің жүйрігі болды. Бізге ата-анамыздан кейін ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңірді. Ұстаз болуыма да өз үлесін қосты, — дейді Р.Қабдылуахитқызы. Айта кетейік, жуырда ауылға Кеңес Одағының батыры Қанаш Қамзиннің есімі берілді. Бұл атау бұрын жеке кеңшар болып тұрған ауылдық округке тиесілі болған. Алайда соңғы уақыттағы селолық әкімшіліктерді біріктіру кезінде, аталған елді мекен өзге округтің құрамына енгізіліп, салдарынан батыр есімі елеусіз қалып қойды. Енді міне, әділдік орнап, ауылдықтардың сұрауымен Кеңес Одағының батыры Қанаш Қамзиннің есімі қайта берілді. Бұл – аймағымыз үшін үлкен қуаныш. Шара барысында келген қонақтар мектеп ауласында орналасқан Мәжен Қабылбековтің және Қанаш Қамзиннің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды. Кейін музыкалық бағдарламамен жалғасып, қазақ күресі сынды спорттық ойындармен аяқталды.

 

Айдана БОРАНБАЕВА,

Қанаш Қамзин ауылы.

Суреттерді түсірген – Ернұр Жұмаділов.