Өткен аптада Павлодар облыстық «Saryarqa samaly» газеті 95 жылдық мерейтойы қарсаңында Абай облысы Бесқарағай ауданына өлкетану экспедициясымен барып қайтты. Сапар барысында редакция қызметкерлері Халық ақыны Нұрлыбек Баймұратовтың ауылында болып, кесенесіне барып, рухына тағзым етті. Одан кейін Кеңес Одағының Батыры Қанаш Қамзиннің осы өңірдегі ұрпақтарымен кездесіп, оның ерлігін насихаттау туралы әңгіме өрбітті. Сондай-ақ, экспедиция мүшелері Бесқарағай ауданының 95 жылдық мерейтойына арналған іс-шараларға қатысты.
Жол басы һәм сөз басы
Қарт Семей өңірінің Бесқарағай ауылына арнайы сапар шегіп, Халық ақыны Нұрлыбек Баймұратовтың ізімен жүріп өтуді ертеде ойластырған едік. Мұның себебі де бар. Суырып салма өнердің ақиығы, күні кеше Иса Байзақовпен 7 рет айтысқан, Мұхтар Әуезовтің өзі өнерін жоғары бағалаған Халық ақыны Нұрлыбек Баймұратовтың Павлодар өңіріне де еш бөтендігі жоқ. Керісінше, Халық ақыны Май ауданында өмірінің ұзақ жылдарын өткізген, Керекудің топырағын талай басып өткен. 1958 жылы атақты жазушы Мұхтар Әуезов Павлодарға келгенінде қалалық саябақта халықпен кездесу өткізген. Бір мезетте анадайдан аяңдап келе жатқан Нұрлыбек ақынды көріп, сахнадан түсіп, ақынды қолтығынан сүйемелдеп әкеліп, сөзін жалғастырған дейді. Мұндай қошемет екінің біріне көрсетілмесе керек. Бұл туралы аңыз тектес әңгімелерді біз жас тілші болып келген кездері, 20 жылдай бұрын газетіміздің ардагерлері Төлеубек Қоңыров, Бақыт Баймұратов, Социал Әйтенов секілді ағалардан естіп едік. Сол кезде сондай зор талант иесі болған екен деп марқайып қалатынбыз. Осындай атпал өнер қайрат-керінің соңғы жылдары Павлодар өлкесінде есімі сирек аталатыны да қынжылыс туғызатын еді. Осы олқылықтың орнын толтырмақ ниетте «Saryarqa samaly» газетінің ұжымы арнайы экспедиция ұйымдастыруды қолға алды. Құрамында газеттің бас редакторы Нұрбол Жайықбаев, басылымның аға буын өкілі, ардагері, жазушы, исатанушы Ғалымбек Жұматов, жас ақын, тілші Алтынбек Мұқышев, фототілші Есенжол Исабек бар топ осылайша жолға шықты. Осы орайда экспедиция сапарын ұйымдастыруға әріптестік қолдау көрсеткен Абай облыстық «Abai Aimaq Media» ЖШС директоры, «Семей таңы» газетінің бас редакторы Риза Асанқызы Молдашеваға және «Біздің Бесқарағай» газетінің редакторы Ербол Рахметуллинге ризалық білдіреміз. Таң алакеуімнен жолға шыққан топты Абай облысының шекарасы Бесқарағай ауданына жетер тұстан Ербол Еренұлы өзі қарсы алып, бастап жүрді.
Халық ақыны Нұрлыбек Баймұратов
Ең әуелі біз күре жолдан оңға бұрылып, 15 шақырымдай ішке жүрген соң Қарағайлы атты ауылға келіп, табан тіредік. Бұл ауыл – әйгілі сөз шебері, аруақ қонған ақын Нұрлыбек Баймұратовтың мәңгілік тыным тапқан қонысы. Негізі кіндік кескен жері осы аумақтан алыс емес «Балапан» жазығы екен.
Бұл туралы ақиық ақынның өзі былай деп жырлайды:
Балапан – туған жерім, ел жайлаған,
Қу жетім кедейлікпен қол байлаған.
Он бірге келгенімде өлең қонып,
Он бесте жиын-топта айғайлағам..
Міне, екі қабатты, салынғанына біршама уақыт болса да, күтімі байқалатын 11 жылдық мектепке келдік. Ауласының есігінен енуіміз сол-ақ екен, Нұрлыбек Баймұратовтың саябағы қарсы алды. Төрде – ақын ескерткіші. Арнайы орындықтар қойылып, тақтаға алмас сөздері жазылған көрнекі орын. Мектеп ішінде ақын музейі жасақталған екен. Мұражай 1992 жылы, Тәуелсіз-діктің алғашқы жылында-ақ есігін айқара ашқан. Ашылуына ақынның шәкірті, атақты Шәкір Әбенов ақсақал келіп, арнау айтқан. Мұнда Н.Баймұратовтың өмірге келген сәтінен бастап, шығармашылыққа толы өнегелі жолы, қайраткерлік істері, жетістіктері баяндалған. Жалпы, бұл істе Уәлихан Түкісов есімді зерттеуші ұстаз азаматтың еңбегін жеке-дара атап өткен жөн. Ол ақын Нұрлыбектің барлық өмір жолын зерделеп, жеке кітап жазып, осы музейдің құрылуына орасан еңбек сіңірген. Бүгінде осындай жанашыр қайраткерлердің арқа-сында Қарағайлы ауылының білім ошағында Нұрлыбек Баймұратов атындағы мектептің музейі көп жайттан сыр шертіп тұр! Шынында, мұндағы барлық дерек, түгел сурет, шыны астындағы бұйымдар, ақын шапаны мен ер-тоқымы, музыкалық аспаптары сол бір дәуірден сыр ақтарып, сөйлеп тұр. Тыңдарға құлақ, ұғарға көңіл болсын. Біз тыңдауға, ұғуға тырыстық. Мектеп оқушылары өз ақын аталары туралы тебірене таныстырды. Халық ақыны Нұрлыбек Баймұратов 1887 жылы желтоқсан айында Бесқарағай ауданы Балапан деген ауылда дүние есігін ашқан. Ақынға өлең 10 жасында қонып, түсінде аян беріледі.
15 жасынан бастап ақындық жолға бекініп, шығармашылыққа ден қояды. Көп қатарластары тәрізді Нұрлыбек ақының балалық шағы жетімдік, жоқшылық құрсауында өткен. Бірақ оған мойымаған жас талап домбырасымен өнер көрсетіп жүріп, ел ішінде танылады. Әр ақынның өзін ерекше танытатын кезеңі болады десе, Нұрлыбек ақын үшін 1922 жылы атақты Иса Байзақовпен айтысқа шығуы өмірінде, өнерінде айрықша маңызға ие болған. Кезінде заманның заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов бұл айтысты аса жоғары бағалаған. Осы Мұхтар Омарханұлының ұсыныс айтуымен Нұрлыбек ақын «Қала сұлуы» атты поэма жазып, жариялайды. Бұл – оның баспа бетін көрген тұңғыш шығармасы. Ол 1925 жылы Семейде шығатын «Таң» журналында жарық көрді. Ақынның республика жұртшы-лығына танылып, тасының өрге домалаған екінші кезеңі – 1939 жыл. Ол кезде республикамызда мәдениет және өнер онкүндігі өтетін. Осындай өнер сайыстарында Нұрлыбек ақын айтыс өнерін жетік меңгерген тұлға ретінде танытты. Бұған ақынның көптеген атақты айтыстары куә. Нұрлыбек Баймұратов 1939 жылы Нартай ақынмен, 1943 жылы қарағандылық Маясары Жапақов ақынмен, 1944 жылы Төлеу Көбдіковпен айтысты. 1939 жылы Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері атағын алды. Сондай-ақ Нұрлыбек Баймұратовтың жазба өнердің белді өкілі ретінде атағы аспандады. 1945 жылы Төлеген Тоқтаров туралы «Ер Төлеген» поэмасын жазды, 1962 жылы азамат соғысының оқиғаларын суреттейтін «Қанды жорық» дастаны кітап болып шықты. Сондай-ақ 1957 жылы шығармалар жинағы, 1982 жылы «Қазына» кітабы жарық көрді. Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Төлеген Тоқтаров сынды қазақтың қас батырларын жырға қосып өтті. Ақынның өмірінде жазықсыз жала жабылып, тар қапасқа қамалған, азап тартқызған күндері де аз болмаған. Қазақтың біртуар марқасқа ұлдары М.Әуезов, Ж.Аймауытов, Ә.Қашаубаевпен қоян-қолтық араласып, халқына қызмет көрсеткен қазақ перзенті 1969 жылы 8 қарашада 82 жасында дүние салды. Ақын мұражайында арнайы бұрыш жасақталып, онда суреті салынып, өмірде қолданған заттары, шапаны, ер тоқымы, т.б. дүниелері қойылған. Музейдің өзі Н.Баймұратовтың шығармаларынан, қызметінен, отбасылық суреттерінен тұрады, өзі ұстаз тұтқан тұлғалар мен шәкірт-тері туралы деректер берілген. Ұлы Мұхтар Әуезовпен, өнертанушы Борис Ерзакович, әйгілі әнші досы Естай Беркімбайұлымен, дауылпаз ақын Қасым Аманжоловпен бірге түскен суреттері сақталған.
Жәдігерлердің арасынан Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде 2000 жылы жарияланған «Иса туралы менің білетінім» атты естелігін көзіміз шалды. Бұл – ақынның 1950 жылы жазған дүниесі, арада 50 жыл өткенде Павлодар облыстық газетінде қайтадан басылыпты. Сол газетіміз Бесқарағай төрінен алдымызда шыға келгеніне таң-тамаша болдық. Халық өзі қастерлеп әкеліп қойған дүние ғой. Екінші бір жалт қаратқан дүние – Нұрлыбек Баймұратовтың Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің Май және Бесқарағай ауданында арнаулы тілші ретінде қызмет еткенін растайтын куәлік. Бұл құжатты 1958 жылы газеттің сол кездегі редакторы Омарғали Құдышев қолын қойып, мөрін басып берген екен. Бәсе, осы Нұрлыбек ақынның біздің газетпен байланысы болғанын ішіміз бір сезіп еді ғой… Міне, енді тарихи дәлел. Айтқанымыздай, мектеп ауласында да Ақынға арналған тағзым саябағы жасақталған. «Біздің Бесқарағай» аудандық газетінің бас редакторы Ербол Еренұлының айтуынша, 2017 жылы Нұрлыбек Баймұратовтың 130 жылдық мерейтойы аталып өткен. Сол кезде аудан басшылығында болған ағамыз Қарағайлы ауылы мектебінің ауласын көріктендіруге бар күшін салған екен. Бұл да болса үлкен жанашырлықтың, қазақша айтқанда, көргендіктің бір белгісі. Осылайша Қарағайлы ауылында Халық ақыны Нұрлыбек Баймұратовтың есімі жас ұрпаққа ұран болып әуелеп тұр. Мектептен кейін біз ауыл сыртындағы Н.Баймұратовтың кесе-несіне ат басын тіредік. Тірісінде қалың елдің ортасында жүрген ақынның мазары да қалың зираттың ортасында екен. Басындағы күмбезі ертеректе салынса да, ішкі конструкция бөренелері сол қалпы сақтаулы, мүжілмеген. Кірпіштен қаланып биік етіп көтерілген, үлкен ернеулі терезелері бар, жіңішке кесененің сыртында ақын өлеңі жазылған:
«Баймұрат – әкем аты, елім – Найман,
Дауысым айғайласам шығар қайдан.
Ішінде қалың Найман Кенжалысы,
Тараған біз бір ұрпақ Еділбайдан.
Қатты ұйықтап қалған екем, шаршап жүргем,
Түс көрдім, таңға таяу уақыт екен.
Нұрлыбек, сен ақынсың, өлең айт деп
Тұрғызып, домбыраны маған берген.
Сол кезден тоқтаусыз мен өлеңдеттім,
Бұл өлең ерік бермей тентіреттің.
Башкөлде өнер дамып, сауық құрып,
Әрі қарай ел аралап жүріп кеттім».
Бейіт басында жергілікті қажы, Бесқарағай аудандық мәслихатының депутаты Талғат Амантайұлы Сұлтанов Құран оқып, ақын рухына тағзым етіп, дұға бағыштадық.
Бұдан кейін экспедиция тобы Бесқарағай ауданының орталығы – Бесқарағай ауылына жол тартты. Аудан орталығында жол бойына орнатылған Н.Баймұратов ескерт-кішінің алдында естелік суретке түстік. Шынтуайтында, Нұрлыбек ақынның зор тұлғалы ескерткіші аудан тұрғындарының да, келуші қонақтардың да алдында қасқайып, рухымен жебеп тұрғандай еңселі көрінеді екен. Бұл ретте, ақынның атын насихаттауда аянып қалмаған ерлердің де есімін ел біле жүру керек. Қазақтың көрнекті ақыны Нұрлыбек Баймұратұлының ескерткішін қазақтың белгілі азаматы Балташ Нұрғали 2022 жылы таза қоладан құйғызып әкеліп орнатқан екен. Бәрекелді дедік! Ақынын құрметтеген халық – қашанда алып!
Батыр Қанаш Қамзиннің ұрпақтарымен
Біздің экспедициямыздың екінші бір мақсаты Кеңес Одағының Батыры, Павлодар өңірінің тумасы – Қанаш Қамзиннің ұрпақтарымен кездесу еді. Бұл ретте де біздің жолымыз болды. Қанаш Қамзиннің ерлік жолын – Ұлы Отан соғысы тарихынан хабары бар адам тегіс біледі десек, артық айтқандық емес. Өзі жастайынан әке-шешеден айырылып, бауырларымен қазақ-орыс коммуна мектебінде, өкіметтің қолында өскен Қанаш Қамзин 1942 жылы Алматыда педагогика институтын тәмамдаған. Бірақ дипломымен мектепке мұғалім болуға емес, шақыртумен сарбаз болып, соғысқа аттанады. Батырымыз небары 24 жасында Днестр үшін шайқаста қазіргі Молдавия жерінде қаза табады. 1944 жылы Кеңес Одағының Батыры атағы берілсе де, елге Грамотасы 1964 жылы келеді, Ақсу қаласы Жолқұдық (қазіргі Қанаш Қамзин) ауылындағы мектепке табыс етіледі. Бұл туралы бізге 2015 жылы Батырдың келіні, інісі Шораның зайыбы Биғайша апайымыз айтып берген еді.
Өкінішке қарай, Батырдың «Алтын жұлдызы» Мәскеуде қалды. Біз 2015 жылы Қанаш Қамзин туралы арнайы мақалалар дайындағанда, әскери комиссариат арқылы Мәскеуге, Подольск Орталық Федералдық архивіне «Алтын жұлдызды» Павлодардың Әскери даңқ музейіне беруді сұрап, хат жіберіп едік. Ондағы жауапта: «Медаль мен орден тек ата-анасына, баласына, немесе жұбайына беріледі, РФ шекарасынан тыс музейлерге берілмейді» делінген. Батырдың өзі үйленбеген, соңынан ұрпақ қалмаған. Ендігі жерде жоғары мемлекеттік деңгейдегі лауазым иелері кіріспесе, Батырдың жұлдызын елге алып қайту қиын екен. Десе де оның ұрпақтарын, немере ағасынан туған інілерін іздеп табуды мақсат тұттық. Осы ретте Бесқарағай ауданында Қанаш Қамзиннің ағасы Мұқаннан тараған Қанат, Қайрат, қызы Гүлжанат, Мұқан атаның ортаншы келіні Бақжамалмен кездесудің сәті түсті. Бесқарағай аудандық Достық үйінде батыр ұрпақтарымен қауышып, «Saryarqa samaly» газетінің 2015 жылы жариялаған Қ.Қамзин туралы жазылған «Жасын ғұмыр» атты мақалалар сериясының көшірмесін, батырдың жас кезіндегі суреттерін, аттестаты мен майдандастарының естелік-терін, туған жердегі ескерткіштерінің суреттерін табыс еттік. Шынымен, Қ.Қамзиннің туыстарын көріп, іштей бір тебіреніп алдық. Отанды сүюді, оны қорғау жолында жанын пида етудің нағыз көрінісін әйгілеген батырымызды неге құрметтеп әр уақыт айтып жүрмеске?! Бір қызығы, дәл сол күні Қанаш Қамзиннің есімі бір кездері өзінің атымен аталған елді мекен – Ақсу қаласы Жолқұдық ауылына қайта берілгені туралы естіп, ерекше қуандық! Бұл кездесудің маңызы туралы «Абай Аймақ медиа холдингінің» басшысы, «Семей таңы» газетінің бас редакторы, Абай облыстық мәслихатының депутаты Риза Асанқызы Молдашева да жақсы айтып өтті. «Осындай батырымызды ұмытпай, насихаттауымыз – Тәуелсіздіктің жемісі. Осы майдан даласында аты аталмай, ұмыт қалған батырларымыз қаншама. Солардың жанында Қанаш Қамзиннің есімі жаңғырып тұру батырдың үлесіне тиген бір бақыт болса керек» деген ойын білдірді. Шынымен де, Қанаш Қамзиндей батырымызды ұлықтау – тарихқа деген құрмет қана емес, жастарға деген өнеге. Мұқан атаның ортаншы келіні Қамзина Бақжамал Беглербекқызы Кереку өңірінен осылай Батырдың мұрасына құрмет ете келген облыстық «Saryarqa samaly» газетінің ұжымына ризашылығын білдіріп, еңбегімізге табыс тіледі. Қалай айтсақ та, осындай рухқа толы кездесулер біздің жүрегімізге жігер, болашағымызға от береді.
Сапар соңы
Бір күндің экспедиция демесеңіз, сапарымыз мазмұны бай, мәнді болды деп ой қорыта аламыз. Павлодар облыстық «Saryarqa samaly» газеті 95 жылдық мерейтойының алғашқы шарасын Абай облысы Бесқарағай ауданында басталғанын ерекше жақсылыққа балаймыз. Ұлылардың ізімен барып қайтуымыз – оң нышан. Алдағы екі өңір арасында байланысымыз одан әрі тереңдеп, жалғасын таба береді деген сенім мол. Тарихы бір өңірлердің бола-шағы да бір болса керек. Бесқарағай өңіріне сапары-мызға үлкен қолдау білдірген азаматтарға, арнайы көңіл бөліп, құрмет көрсеткен Бесқарағай ауданының әкімі Мұратов Талғат Батырұлына, «Abai Aimaq Media» ЖШС директоры, «Семей таңы» газетінің бас редакторы Риза Асанқызы Молдашеваға және «Біздің Бесқарағай» газетінің редакторы Ербол Рахметуллинге тағы бір мәрте алғыс білдіреміз.
Нұрбол Жайықбаев,
Павлодар облыстық «Saryarqa samaly» газетінің бас редакторы.
Павлодар облысы – Абай облысы.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.