Әулие Мәшһүр Жүсіп өзінің мекендейтін қонысын да, жер бесікте жататын орнын да көзі тірісінде таңдап, үй салғызып, бейітін де қазғызып жайланғаны баршаға аян.
«Мәшһүр атаның шөбересі Абай Шарапиев өзі зейнеткерлікке шыққан соң ата қонысын демеушілердің көмегімен жөнге келтіріп, бұлақ басын реттеп тарихи орынды қалпына келтірді», — деп естіп едім. Содан Атаның соңғы жылдары өмір сүрген үйіне зиярат етіп, бір барып келсем деген оймен 20 тамызда бауырсақ, шелпегімді, тамағымды пісіріп, жол тарттым. Расында, әбден тозығы жеткен үйді әдемілеп жөнге келтіріп қойған екен. Абайды көптен білемін. Әкесі Төлеубай ақсақалды 1993 жылы «Жаңажол» кеңшарының мәдениет үйінде атаның мұражайы ашыл-ғанда көрдім. «Атамның құманын көтеріп, дәрет алғызып жүрген 14 жастағы бала едім», — деп еді. Ауылдастарының айтуынша, біртоға мінезді, зерделі, қарапайым, ата тұқымымын деп өзгешеленбеген, сабырлы, қанағатшыл болған жан екен. Емшілік қасиеті де болыпты. Ақындығы тағы бар. Мәшһүртанушы Нағи Ахметов екеуі Мәшһүр Жүсіп атамыздың музейінің алғаш ашылуына тынбай еңбек сіңіріп, үлкен іс тындырған жан. Міне, осы Төлеубай ақсақалдың ата-анасы Шәрәпи ата мен Ақзейнеп әжеміздің қолында Ескелдіде Мәшһүр ата 6-7 жыл өмірін өткізді, қамқорлығында болды. Сондықтан шөбересі Абайдың ата қонысын қалпына келтіргені үлкен азаматтық, перзенттік парызы деп бағалаймын. Абай да — әкесіне тартқан момын, ақырын жүріп анық басатын, қарапайым жан. Біз ауылдас болғандықтан, ертеден араласамыз. Менің отағасым Нұрекең сырқаттанып жатқанда үйге келіп, серуенге шығарып, ағайындық танытып жүрді. Сондай кездерде:
— Жеңіс тәте, атамның қонысы тарихи орын ғой, шіркін, анау Лев Толстойдың «Ясная полянасы» сияқты көркейтіп қоюға қауқар болмай тұр, — деп армандайтын. Абайжан сол арманына жеткеніне мен де қуаныштымын!
— Маған шын ниетімен қол ұшын беріп, қыруар жұмыс тындырғандар «біздің атымызды атама, атаның әруағы риза болса болды» деп зыр қағады, оларға алғысым шексіз, — дейді Абай. Жаркенов Нұрлан Серікұлы ата қонысын түгелдей қоршап және бұлағын жауып (санитарлық талапқа сай болу үшін), құдық қазғызып, ағаш отырғызып, абаттандыруға, бабамыздың үйінің жанына киіз үй құрғызып, қазандық пен самалжай (беседка) жасатып берген. 1 ГРЭС жұмыскерлері және бөлімше бастығы Талғат Масығұтов пен өндіріс шебері Бауыржан да өз үлестерін қосқан. Әбдінова Бақытжан Амангелді-қызы мен Әбдінов Марат Амангел-діұлы ата үйінің ішін ақтап, толық жөндеу жүргізіп, жиһаз бен кілем, төсеніштерін, ыдыс-аяқтарды толық жаңартқан. Ал Әубәкіров Амангелді Мейрашұлы – «Ардабил» ЖШС-нің басшысы қыстай бұлақтың қарын аршып, жолдарды, жаз айларында қоқыстарды тазалауға, ағаштарды суаруға 2 жыл бойы беріп тұрған, атаның 165 жылдық тойының алдында темірден жаңа дәретхана орнатқан. Құбашева Роза Мағзоллақызы, Сағындықов Берік Қабидоллаұлы, Алпысбай Байсал Аманоллаұлы, Қаббасов Данат Майданұлы, Тезекбаев Дастан Мейрамғазыұлы және тағы басқалар қаржылай және материалдық көмектерін көрсеткен. Қарағандылық Алтай мен Раушан ата қонысына ағаштар отырғызып, оларды күтуге, суаруға көмектесіп тұрады екен. Осы азаматтарға шын ықылас-ниеттері үшін біз де ризашылығымызды білдіреміз, отбасыларына амандық, бала-шағасына жарқын жол тілейміз! Ата қонысына барғанда алған әсерімді де оқырманға жеткізгім келеді. Біртүрлі сезімде болдым. «Атаның жатқан жеріне (төрге) келін болғандықтан баруға дәтім бармады, сол жақ босаға жақтағы жерде намаз оқып, тілек тіледім. Әрине, үйдің бар жері қасиетті деп ойлаймын, себебі атаның қолы, аяғы тимеген жер жоқ шығар! Мен сияқты Ескелдіге барушылар көп екен. Көбі келе самауыр қойып, ауқаттанғысы келеді. Дұрыс шығар, бірақ әркім өз ауқатын ала барып, өзіне-өзі қызмет етуі керек. Ата жатқан орынға баланы (не өздері) аунатып, тілек тілеп, мәдениетті барып қайтуға болады ғой. Біреулер (демеушілер) оны қалпына келтіреді, ал басқамыз демалыс орнына айналдырғымыз келеді. Жаңадан дәретхана салынған, бірақ біреулер үлкен дәретке сыртына отырған. «Ясная поляна» қайда, біз қайда деген оймен қайттым. Абай да жүрегіне ота жасатқан, денсаулығына да қарауы керек, олар жұма, сенбі, жексенбі күндері барады, бірақ барған кісілерді құда күткендей күтіп алуға міндетті емес шығар! Осы жағын ойланайық, ағайын! Кейін бұл үйде ата ұстаған заттар (жәдігерлер) тұрып, сол кезеңді суреттейтін, кімдермен араласты, қандай шығармаларын жазды, т.б. атаның өмірінің соңын бейнелейтін фото-шежірелер болып, барғандар толық мағлұмат алып қайтса, нұр үстіне нұр болар еді.
Жан қысылса, жатырқап, үркетін де — ағайын,
Көлгірсініп көз жасын сүртетін де — ағайын.
Әуел баста аңдамай, тартып жүрме сазайын,
Толып жатыр түрлі сөз, қайсыбірін айтайын,
Өскен ордам жамандап, жақсыны қайдан табайын?! –
деп жазып кетті Мәшһүр Жүсіп. Әулие атамыздың «Ағайын» деген өлеңі ағайындар арасындағы қарым-қатынасты сипаттайды. Қаржыны қорға жинап, атаның көптің қолына тимей жатқан шығармаларын шығарып, кесене мен Ескелді маңын абаттандыруға, шырақшы, гид ұстауға, ғаріп жандарға көмектесуге жұмсалса деп ойлаймын. Бұл ретте облыстың және Баянауыл аудандық мәдениет бөлімдерінің басшыларына таң қаламын, дәрменсіздік танытады. Ата әруағы ысырапқа жол берілмей, ретімен ұсталса ғана разы болатын шығар. Кесене басындағы мұражайда арнайы білімі бар ғылыми қызметкер болуы керек (Атаның шөбересі емес). Жуырда қасиетті бабамыздың тойы жоғары деңгейде өтті деп бағаланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Е.Қошанов арқылы: «Терең білімінің арқасында елге танымал болып, «Мәшһүр» атанған абызды ұлықтап, еңбектерін жұрттың жадында жаңғырту – баршамыздың ортақ парызымыз!» деген құттықтауын жеткізді. ҚР Парламент Сенатының төрағасы М.Әшімбаев пен ҚР Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбектің құттықтауы оқылды. Екі министр арнайы баяндама жасады. Мәшһүр Жүсіп Көпейұылының 10 томдық шығармалар жинағы шығарылды. Мәшһүртанушылар бас қосып келелі мәселелерге тоқталды, жыршы-термешілер байқауы, т.б. іс-шаралар жоспарлы өтті. Тағайындалғанына 1 жыл ғана болған облыс әкімі Асайын Байхановтың еңбегін жоққа шығару дұрыс емес, ауқымды іс тындырылды деп ойлаймын. Тек әруақ жатқан қасиетті орында даңғазалық, ойын-сауық жасауға болмайды дегенге қосыламын. Ол үшін облыс әкімі жанында 5-7 адамнан тұратын ақсақалдар кеңесі болуы керек (ішінде облыс имамы да болу керек) деп ойлаймын. Бірақ бізде жалтақтық басым, тіпті имамдар да тиісті жерінде өз ойларын батыл айта алмайды. Менің еркім болса, ол кеңестің төрағасы етіп Кенже Кеңесбаевты ұсынар едім. Өте парасатты, айтары, үйретері бар азамат қой. Арманына жеткен — Абай. Қор ашып, ата қонысын ретке келтірген, тарихи орынға айналдырған Абай Шарапиевке мадақ айтқым келеді. Әкесіне тартқан момын, аңқаулығы да бар, зерделі, ата туралы көнекөз қариялардан сұхбат, естелік жинап, «Мәшһүр Жүсіптің тылсым әлемі» атты кітап шығарды. Әңгімелесе қалсақ тақпақтап, әрбір оқиғаның қыр-сырына қандырып, терең мағлұмат беретініне ұзақ жылдар араласа жүріп көзім жетті. Ата ұрпағына тән тектілік көрсетіп келеді. Көп лауазымды адамдармен таныс болса да бас пайдасын ойламай, атаға тиісті шаруаларды ақырын іске асырып келеді. Ең алғашқы Мәшһүртанушы Нағи Ахметовтың ерен еңбегіне арналған «Ақиқат» кітабы — бір төбе. Қыруар іс тындырса да, «Мен ананы істедім, мен мынаны тындырдым» деп фейсбук арқылы жарнамалап жүрген жоқ. Оның өмірлік ұстанымы – кімге жақсылық жасасам да, Алланың ризалығы үшін, ал атама жасағаным — перзенттік парызым деп тасада қалады. Осындай қасиетімен Абай өзіне тән парасаттылықты көрсетіп келеді. Арманың орындалды, құттықтаймын! Бірақ осы тарихи қоныстың алдағы тағдыры қалай болмақ, мені осы мәселе мазалайды. Бұл, әрине, облыс, аудан әкімшілігі мен мәдениет бөлімі басшыларының ойланып атқаратын жұмысы деп ойлаймын. Ескелді – ата қонысы, сондықтан тарихи орын болып саналады. Қыруар жұмыс тындырылды, әулеттің мәселесі болып қалмауы керек, алты алаштың біртуар Мәшһүр қонысы мемлекет қамқорлығында болып, республикалық ескерткіштер тізіміне енгізілуі керек, ол үшін:
— ескерткіштер тізіміне кіргізуге ұсыным жасау;
— отырғызылған ағаштар суарылып, күтілу;
— шырақшы не қоныстың арғы-бергі тарихымен, атаның сол үйде өмір сүрген кезеңін толық білетін –
таныстырушы болса;
— жарық тартылса;
— тамақ ішіп, демалатын орын етуге тыйым салу (кесене басында қонақ үй бар);
— қаржының кесене мен Ескел-дінің қажетіне ұсталып, М.Жүсіп Көпеев шығармаларының таратылуына, т.б. ауқымды іс-шараларға жұмсалуына баса назар аудару, шара қолдану.
Жеңіс Мейірман,
ардагер-ұстаз, Екібастұз қаласының Құрметті азаматы.