Бүгінде облыс орталығында талай жыл бойы жөндеу көрмеген, жаңартылмаған ойын алаңдары көп. Жергілікті билік тұрғындардың талап-тілектерін ескеріп, балаларға арналған аумақты абаттандыру жұмысын бастағанымен, оның соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Салдарынан биыл алаңдарды орнатуға қатысты жұмыс аяқталмайын деп тұр.

Осыдан бірнеше жыл бұрын көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында балаларға арналған ойын алаңдарын орнату бойынша ауқымды іс басталған-ды. Бірақ сол істің көлеңкесінде қалып, әлі күнге дейін кеңестік кезеңдегі әткеншектерді теуіп жүрген балалар әлі де бар. Айталық, Павлодар қаласындағы Роза Люксембург көшесі, 102 мен Максим Горький көшесі, 55 мекенжайындағы үйлердің ауласындағы ойын алаңының жаңартылмағанына талай жылдың жүзі болды. Тұрғындар қалалық әкімдікке аумақты абаттандыруға қатысты жыл сайын өтініштер жазғанымен, нәтиже жоқ. Оған ойын алаңының маңында инженерлік желілердің жүргізілуі себеп болып отыр. Өз алаңында бос уақытты тиімді өткізетін орын болмағандықтан, балалар көршілес орналасқан мектептің стадионында доп қуып, осы аудандағы басқа көпқабатты баспаналар ауласындағы алаңдарда ойнайды.

— Біздің ауладағы темірден жасалған сырғанақтарда ойнаған талай бала аяқ-қолын сындырды. Әбден тот басқан сырғанақтар балаға кәдімгідей қауіпті. Осыны ескеріп, соңғы 10 жылда бір алаң орнатуға болатын еді. Біз кең көлемді шағын футбол алаңын, толығымен жабдықталған баскетбол аймағын қоюды сұрап отырған жоқпыз. Тек заманауи ойын формалары орнатылса жеткілікті. Ал коммуникациялар өтетін жерді жаяу жүргіншілер жолына айналдырса болады, — дейді Светлана Худяшева есімді тұрғын. Облыс орталығында балалар-
дың ойын алаңдарын орнатуда мәселенің барын Павлодар қаласының жақында тағайындалған әкімі Хасар Хабылбеков те мойындап отыр. Шаһар басшысы таяуда бірнеше ауланы аралап, тұрғындармен сөйлесіп, осы мәселеге қатысты пікір алмасты.

— Облыс орталығын абаттандыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі – жаңа балалар ойын алаңдарының құрылысы. Бірақ, өкінішке қарай, тұрғындар үшін маңызды жобаны жүзеге асыруда күрделі мәселелер бар. Оны мойындауымыз керек. Мердігерлердің бірі өзі ісіне салғырт қарап, тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасаудың орнына қолайсыздық тудырып отыр. Сол себепті азаматтардан көптеген шағымдар да түсуде. Олар орынды, — дейді қала әкімі. Хасар Хабылбековтің сөзінше, осы жылдың басында облыстық бюджеттен 182 жаңа ойын алаңын салуға қаражат бөлінген. Бұл жұмыстарды жүргізу үшін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі екі мердігермен келісімшарт жасасқан. Соған сәйкес, «Дисконт» ӨК 32, «Компания строй индустрия» ЖШС 150 ойын алаңын орнатуы тиіс еді. Алғашқы мердігер жұмысына тиянақты болып, 32 ойын алаңын салу ісін аяқтауға таяу. Ал екінші мердігер керісінше жұмысына салғырт қарап отыр.

— Бүгінде «Компания строй индустрия» ЖШС-мен келісімшартта көрсетілген 150 балалар ойын алаңының бірде-бірі орнатылған жоқ. Келісімшарт осы жылдың мамыр айында жасал-
ғанымен, ешбір жоба аяқталмаған. Тек 92 алаңда бетон негізі құйылған. Бірақ ол балалар үшін қауіпті. Сондықтан жауапты бөлімге жаңа бетон негіздемесін салуға рұқсат бермей, құйылған негіздемелердегі жұмыстарды барынша тезірек аяқтауды тапсырдым. Себебі мұндай жұмыстарды суық түскенде жүргізу дұрыс емес, — дейді Х.Хабылбеков. Біз мемлекеттік сатып алулар сайты арқылы мердігер компанияның жұмыстарын саралап шықтық. «Компания строй индустрия» ЖШС тек біздің облыста емес, еліміздің өзге өңірлерінде де абаттандыруға қатысты ауқымды жұмыстарды атқару міндетін алған екен. Павлодар қаласындағы 150 аулада ойын алаңдарын орнату үшін жергілікті әкімдік әу баста 2 млрд 124 млн 285 мың теңгеден астам сомаға хабарландыру жариялаған. Ашық конкурс негізінде «Компания строй индустрия» ЖШС-мен жалпы сомасы 1 млрд 665 млн 440 мың теңгеге шарт жасады. Демек, бір ойын алаңын орнатуға мемлекеттік қазынадан шамамен 11 млн теңге көлемінде қаражат қарастырылды. Техникалық негіздемеге сәйкес, бұл сомаға белгіленген жұмыстар 31 желтоқсанға дейін тапсырылуы тиіс. Бұл уақыт аралығында мердігер әр ауладағы ойын жабдықтарын жаңартып, «Ойын» күн сериясындағы кешенді, Сафари рөлі бар әткеншекті, металдан жасалған тербелетін теңгергішті, «Пеньки» модулі сынды балалардың ойнауына арналған құрал-жабдықтарды қоюы қажет. Алайда бүгінде олардың бірі де жоқ. Қала басшылығы мердігердің осындай салғырттығы мен келтірілген қолайсыздықтар үшін жұртшылықтан кешірім сұрап, биыл аяқталмаған ойын алаңдары келесі жылдың көкте-
мінде бірінші кезекте орнатылатынына уәде берді. Оған дейін тағы бір кедергілер туындамаса, әрине.

Қ.ҚАБЫЛДЕНОВА.