Осы оқу жылының аяқталуына санаулы күн қалды. Алайда отандық білім беру саласындағы реформалар бітер емес. Бұл жолы мұғалімдерге қатысты бірқатар өзгерістер орын алмақ. Сонымен, алда қазақстандық педагогтарды не күтіп тұр?

Портфолио жинамайды

Мұғалімдерді аттестаттау мәселесі көптен бері қоғамда талқыланып, көпшілік арасында түрлі пікір тудырған болатын. Енді ұстаздар қауымының портфолио жинау мәселесі қайта қаралмақ.

— Бұдан былай мұғалімдерді тестілеу, аттестаттау, әуреге салып портфолио жинату мәселесі қайта қарастырылады. Биылдан бастап мұғалімдер бірінші кезекте өзінің санатын дәлелдеу үшін ешқандай портфолио жинаумен айналыспайтын болады. Өйткені, бұл да — жемқорлыққа итермелейтін дүниелер. Ананың туыстары барып жалған сертификат алып алады екен, мынаның туыстары барып орден, медаль алады екен. Сөйтіп, ақша төлеп, оларды жинайды. Ал ол ешкімге керек емес. Негізі, аттес-тация — мұғалімнің жетістігі емес, мұғалімнің табысы оқушының жетістігі арқылы бағалануы керек. Екіншіден, мұғалім қалай серитификат аламын демей, оқушының білімімен айналысуы керек, — деді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев. Сондай-ақ, ол шәкірті жетістікке жетіп, түрлі байқаулардан жүлделі оралған мұғалімдерді министрлік сырттай бақылау арқылы автоматты түрде оның категориясын алып беруі тиіс екенін айтты.

 

Директор айлығы өседі

Қазіргі таңда қазақстандық мұғалімдердің жалақысы біліктілік санаты мен сабақ беру сағатына байланысты жыл сайын өсуде. Бірақ олармен салыстырғанда мектеп директорларының еңбекақысы едәуір төмен көрінеді. Еліміздің бас ұстазы алдағы уақытта бұл кемшіліктің орны толатынын алға тартты.

— Мектеп әкімшілігінің айлығы мұғалімдікінен де төмен. Сондықтан министрлік мектеп әкімшілігінің, яғни директор мен оның орынбасар-ларының айлығын көтеру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұдан былай мектеп әкімшілігінің айлығы мұғалімдердікінен көп болмаса, аз болмайтын болады. Себебі, мектеп басшыларының жауапкершілігі үлкен. Оларға жүктеліп жатқан міндет көп. Сондықтан мектеп басшылығы тиісті айлығын алуы керек, — деді Ғани Бейсембаев.

Соттасуды тоқтату керек!

Соңғы уақытта елімізде мектеп директорлары мен мұғалімдер арасында келіспеушілік оқиғалары жиі орын алып, соңы соттасуға дейін апарып жатқан жайы бар. ҚР Оқу-ағарту министрі мұндай жөнсіздікті тоқтату керек екенін қадап айтты.

— Мектептерде қудалау мәселесі болмауы керек. Биылдан бастап мұғалімдермен соттасатын мектеп басшылары мектепте істемеуі керек. Ұнамаса, ондай мұғалімдерді жұмысқа қабылдамау қажет. Ал қабылдадыңыз ба, тәрбиелеңіз. Бүкіл ұжыммен ақылдасу керек. Мен де мектеп басшысы болған адаммын. Маған да айтқан «ұжымда жаман мұғалімдер бар» деп. Сол мұғалімдермен бір-бірімізді тәрбиелей отырып, үлкен дәрежеге жеттік. Меніңше, мұғалімнің жаманы жоқ. Тек оның еңбегін көрсете алатын директорлар жоқ па деген ойға келемін. Сондықтан мұндай келеңсіздікке ел аумағында жол бермеуіміз керек. Биылдан бастап мұғалім мен директор арасындағы соттасу деген мәселе тоқтатылуы тиіс, — деді Ғани Бейсембаев. Демек, бұдан былай мектеп басшысы мен мұғалім арасындағы келіспеушіліктің ушығып кетуіне тосқауыл қойылмақ.

 

Ауыл мұғаліміне — мүмкіндік!

Ендігі кезекте ауыл мұғалімдерінің әлеуетін арттыруға басымдық берілмек. Осы мақсатта ауылдық жерде еңбек ететін ұстаздарды халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелге оқуға жіберу жоспарлануда.

— Ауыл мектептерін жабдықтау мәселесін бірінші кезекке қойып отырмын. Бұл ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықты жоюға мүмкіндік береді. Ауыл мектептеріндегі мұғалімдерді де «Болашақ» бағдарламасымен шетелдік тағылымдамаға жіберу мәселесін қолға аламыз. Биыл бірінші рет пилоттық жоба ретінде Ақтөбе облысындағы ауыл мектептерінің 10-ға жуық мұғалімін іріктеп алдық. Солармен жұмыс істеп көреміз. Сол мұғалімдерді бірінші лекпен шетелге жібереміз. Ол жайында мәлімет жариялаймыз. Одан жақсы нәтиже шықса, өзге ауылдардағы мектеп басшылары да, мұғалімдері де 3-6 айлық тағылымдамаға жіберіліп отырады, — деді министр.

Әзірлеген – Нұржайна ШОДЫР.