Қара күзден соң қыс та жетеді. Аязды күндер ешкімді аямайды. Оны былтырғы Екібастұздағы жағдай көрсетті. Енді етек-жеңді қымтап, ел болып, ерте қамданбаса, қыс екі бүйірден қысқанда, қалжыратып жіберетінін сездік. Сондықтан, құзырлы органдар жылыту маусымына тыңғылықты дайындалу қажеттігін жіті түсінді деген ойдамыз. Осы ретте, алдағы алты ай қысқа аймағымыздың дайындығы жайында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Салхановпен тілдескен едік.

— Ержан Маратұлы, биылғы жылыту маусымына әзірлік қандай деңгейде? Өткен жылғы қателіктер ескерілген болар…

— Жаңа жылыту маусымына сапалы дайындалу мақсатында облыс әкімдігі қажетті іс-шаралардың арнайы жоспарын бекітті. Бұл құжатқа сәйкес тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және әлеуметтік сала нысандары әзірленуде. Облыстың электр станцияларында жөндеу жұмыстары науқанында жоспарланған 40 негізгі жабдықтың 19-ы жөнделді. Бүгінгі таңда 16 жабдықта жұмыстар жүргізілуде. Тағы төртеуінде жөндеу жұмыстарының мерзімі аяқталған жоқ. Сонымен бірге, «KEGOC» АҚ СЖЭЖ-пен келісу жүргізілмегендіктен «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ-дағы №1 блоктағы ағымдық жөндеу жұмысының мерзімі кейінге қалдырылды.

— Кеншілер шаһарындағы жылу-электр орталығындағы ахуал қандай?

— Екібастұздық жылу-электр орталығында бүгінгі таңда №6, 7, 9 энергетикалық қазандықтарда жөндеу жұмыстары толық аяқталды. №5 және №8 энер-гетикалық қазандықтар мен №11, 12, 13, 14, 15 су жылытатын қазандықтарда жөндеу жұмыстары жалғасуда.

— Отынмен қамту мәселесі қалай шешілуде?

— Облыстың жылу көздерін жылыту кезеңінде отынның нормативті қорымен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар қолға алынды. Бүгінгі таңда көмір қоймаларында шамамен 1,9 млн тонна көмір және 13,3 мың тонна мазут бар. Отынның нормативтік орташа тәуліктік шығынымен есептегенде бұл көмір қоры 23 тәулікке және мазут 41 жағуға жетеді.

— Жылу желілерін жөндеу жұмыстарына тоқталсаңыз…

— Биыл 73,1 шақырым жылумен қамту желілері салынады, жөнделеді деп жоспарланды. Бүгінде жұмыс 99,5 пайызға аяқталды. Бюджет қаражаты есебінен жалпы сомасы 17,8 млрд теңгеге 16,9 шақырым, табиғи монополиялар субъектілері есебінен 2,2 шақырым желі жөндеу жоспарланған. Биыл ҚР Үкіметінің резерві және республикалық бюджет қаржысына жылу желілерін қайта жаңғырту және салу бойынша 9 жоба іске асырылуда.

— Сынаудан кейін сыр берген желілер ретке келтірілді ме?

— Жөндеу жұмыстары алдында аймақтың үш қаласында көктемгі және күзгі гидравликалық сынақтар жүргізілді. Сонда жалпы 999 зақымдалған аумақ анықталды. Оның 600-і облыс орталығында болса, 378-і Екібастұзда, 21-і Ақсуда орын алды. Бұл зақымданған аумақтар толығымен қалпына келтірілді.

— Енді көпқабатты тұрғын үйлердің қысқа дайындығын айтып берсеңіз…

— Қалалық әкімдіктер көпқабатты үйлерді қысқа дайындаудың кестесін түзді. Соған сәйкес нақты мерзімдері көрсетілді. Бұл дегеніңіз жылу жүйелерін қысыммен тексеру, шаю, су жылытқыш құрылғыларды сынау, барлық қондырғыларды түгендеп шығу керек. Мұндай көппәтерлі үйлердің дайындығын тексеріп, бақылайтын әр шағын ауданға жауапты тұлғалар бекітілді. Қазіргі ахуалды айтсақ, жоспарланған 2231 көппәтерлі үйдің 2066-сы, яғни, 92,6 пайызы дайын.

— Әлеуметтік нысандардың да әзірлігі пысықталған болар…

— Әлбетте. Білім беру саласының барлық 586 нысанында жылыту жүйесін шаю, қысыммен тексеру шаралары толық өткізілді. Меди-циналық мекемелер де, мәдени ошақтар да 100 пайыз дайын. Әлеуметтік нысандарды көмірмен қамту ісі де жүріп жатыр. Бүгінде 52 мың тонна көмір жеткізілген. Бұл — жалпы қажеттіліктің 40 пайызы.

— Ақпаратыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.