Бүгінгі сөздік қорымызға етене еніп алған буллинг мәселесі қазіргі таңда қоғам үшін өзекті болып отыр. Балалар арасындағы өзара келіспеушіліктің шиеленісіп, соңы асқан қатігездікке апарған жайлар да, өкінішке қарай, бар. Өскелең ұрпақтың мұндай өрескел әрекеттерін тыю үшін қайтпек қажет?
Облыстық мәслихаттың жастар және спорт мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында осы мәселе кеңінен талқыға түсті. Облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бибегүл Қамзинаның мәлімдеуінше, биыл 8 айда кәмелетке толмағандар жасаған жалпы қылмыс саны 21 пайызға қысқарған. Әсіресе, ұрлық, бопсалау, ауыр дене жарақаттарын тигізу қылмастары кеміген. Қасақана орташа дене жарақатын келтіру, көлікті ұрлап айдап әкету деректері былтырғыдай көлемде. Есесіне, алаяқтық, есірткілік заттармен заңсыз айналысу жағдайлары артқан. Тағы бір өкініштісі, қылмыстық жауапкершілікке тартылған мектеп оқушыларының саны өскен. Былтыр 2 жеткіншек болса, биыл – 4. Одан бөлек, жұмыс істемейтін, еш жерде оқымайтын 8 жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты. Бұл көрсеткіш былтырғыдан 6-ға артық. Қуантарлығы, істі болған колледж студенттерінің қатары әжептәуір сиреген. Полиция өкілі биыл көпшіліктің жағасын ұстатқан, бірнеше жеткіншектің бір баланы соққыға жығып, қыспаққа алған оқиғаны еске салды. Бүгінде бұл дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша іс қозғалған. Мамандар жасалған талдау балалардың келіспеушілікті бейбіт жолмен шеше алмайтындығы және ата-аналар тарапынан қадағалаудың осалдығы, әлеуметтік желілерге бақылаусыз байлануы екенін көрсеткен. Енді құқық қорғау органдары қазан айында «Қауіпсіз мектеп» айлығын бастауды ұсынып отыр. Олар әр мектепте соңғы 5 жылда орын алған оқиғаларды саралайды. Құқықбұзушылыққа жол берген, сабақтан қашуға, қоғамдық тәртіпті бұзуға бейім, жайсыз отбасыларда тәрбиеленетін оқушылардың тізімін түзеді. Мұндай оқушылардың толық сипаттамасын, араласатын ортасын, бос уақытта немен айналысатынын, қызығушылық танытатын сайттарды, үйіндегі ахуалды назарға алады. Соның негізінде алдын алу шараларын жүргізу көзделген. Орта білім беру мектептеріне учаскелік инспекторлар бекітіліпті. Бірақ облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Роза Ақанова іс жүзінде жұмыс өз деңгейінде жүргізілмейтінін атады. Облыстық мәслихат депутаты Илья Мухортов мектептердің инспекторларын қайтару керек деген ұсынысын айтты. Себебі, білім мекемесінде таңнан кешке дейін істейтін қызметкер қай баланың қандай қылық жасап жатқанын байқайды, дер кезінде тезге салып, тәртіпке келтіреді, деді. Бұл оймен білім беру басқармасының өкілі де келісіп отыр. Ол тым болмағанда аймағымызда көбінде қылмыстық деректер тіркелетін 10 шақты колледж бен 20-ға жуық мектепке жеке инспекторлар бөлінсе, дейді. Сонымен қатар, жасырын сауалнама өткізудің де тиімділігі айтылды. Б.Камзина мектептегі тәртіп бұзушылықтар көбінде асханада кезекті бөлісе алмау сияқты ұсақ-түйектен бастау алатынын айтты. Әжетханаларда жиі орын алады. Сондықтан осы осал тұстарды бақылауға алу қажеттігін алға тартты. Алайда, облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Роза Ақанова әрбір әжетхананы аңдытып қоюға құқығымыз жоқ, дейді. Яғни, жүктемесі басынан асатын ұстазды кезекшілікке қоя алмайтындарын мәлімдеді. Тұрақты комиссия төрағасы Айдар Құрымбаев вейб-темекілерін сататын дүкендердің айналасында рейдті күшейтуге шақырды. Балалар арасындағы кикілжіңдер осы затпен де тікелей байланысты екенін ескертті. Сонымен қатар, жастар арасында бір-біріне каспи арқылы «бөліп төлеу» қызметін алып, «лақтырып» кететін деректер де жиілегенін айтты. Ал комиссия мүшесі Мирас Хамитов кейінгі кездегі оқиғаларды алға тартып, оқушыларды мектепке, мектептен кейін ата-анасына табыстау тәртібін пысықтауды ұсынды. Осы ретте, нақты журнал ашып, ата-аналарға қол қойғызып, бұл жауапкершілікпен, тәртіппен таныстырып, тәптіштеп түсіндіру керек, дейді. Құзырлы мекемелермен бірлесіп, бұл істі жүзеге асырудың жолы ойластырылмақ. Жалпы, жасөспірімдерді жақсы іске тарту үшін жауапты органдар, депутаттар бірлесіп әрекет жасауға әзірліктерін білдірді. Бұл ретте, өскелең ұрпақтың, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жан-жақты жағдай жасау мәселесі де көтерілді. Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Әзілхан Әбеуов осы бағыттағы жұмыстарға тоқталды. Өңірімізде 35 жасқа дейінгі 207 663 адам тұрады. Олардың 70 пайызы — қалалық елді мекенде. 40 шақты жастар ұйымы тіркелген. Оның 15-і нақты жұмыс істеп жатқаны байқалады. Жастарды қоғамдық кеңестердің құрамына енгізу қолға алынған. Нәтижесінде мұндай кеңестер мүшелерінің 10 пайызы — жас азаматтар. Сонымен қатар, еріктілер ұйымдарының қатары артқаны қуантады. Яғни, жастар қоғамдық істерде белсенділік танытуда. Биыл жастар саясаты саласында 14 жобаны іске асыру үшін 154 млн теңге бөлінген. Оның 57 млн теңгесі «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының қызметіне жұмсалыпты. Ә.Әбеуов әлеуметтік тапсырыстарға қатысты әр жылға алдын ала азаматтық қоғам өкілдерімен ақылдасып, ұсыныс-тілектері ескеріліп, ортақ шешімдер жасалатынын айтты. Осы ретте, депутаттар іс-шаралар қағаз жүзінде немесе есептілік үшін ғана өткізілмей, нақты нәтиже әкелетіндей, жастарды көптеп қамтитындай дәрежеде ұйымдастырылуына көңіл бөлінуі тиіс, деді. Жиында жастардың бос уақытын қамту жайы да сөз болды. Р.Ақанова өңірімізде бастауыш, орта буын мектеп оқушыларына арналған түрлі үйірме, секциялар болғанымен жоғары сыныптар шәкірттеріне мұндай мүмкіндіктің жоқтығын айтты. Осы мәселе ескерілсе деген тілегін жеткізді.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.