Өңіріміздегі әлеуметтік осал топ өкілдерінің мәселелері әлі де өзекті болып отыр. Жыл сайын аутизм диагнозы қойылған балалардың саны артуда. Ал оларға арналған орталықтарда орын саны жетпейді. Кейбір мекемелердің мүгедектігі бар адамдарға бейімделмегені тағы бар. Облыстық мәслихат депутаттары мен жауапты сала өкілдері тұрақты комиссияның отырысы барысында осы және өзге де проблемаларды шешу жолдарын талқылады.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА
Оңалту орталықтарында орын аз
Облыстық мәслихаттың білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның кезекті отырысында бірнеше өзекті жайт қаралды. Алдымен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және олардың жұмысын жақсартуға бағытталған жұмыстарға тоқталды. Бұл ретте балалардың мәселесіне баса назар аударылды. Соңғы үш жыл аралығында мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс, мемлекеттік–жеке меншік әріптестік және бюджеттік қаржыландыру аясында үш мекеме ашылған еді. Олар – егде жастағы адамдарға арналған үйлер, белсенді ұзақ өмір сүру орталығы және аутизмі бар балаларға арналған оңалту орталығы. Бұл ретте «Қамқорлық қоры» қайырымдылық қорының қолдауымен ашылған балаларға арналған мекемені бөле-жара айтуға болады. Мұнда олардың қоғамға бейімделуіне жан-жақты жағдай жасалған. АВА-терапия, эрго-кинезиотерапия секілді қызметтер кеңейтілген түрде көрсетіледі. Тәрбиешілер балалармен, ата-аналармен әлеуметтік-медициналық оңалту, әлеуметтік-педагогикалық түзету бөлімшелерінде халықаралық технологиялар бойынша жұмыс істейді. Тек бір «әттеген-айы», бұл орталық аутизм белгілері бар балалардың бәрін бірдей қамти алмайды. Ресми емес дерек бойынша, тағы 150 бала мұнда оңалтудан өтуі үшін кезек күтіп жүр. Сондықтан Альмира Дисюпова облыс орталығындағы мекемені кеңейтіп, тағы күніне 50 бала келе алатындай жағдай жасау керек екенін айтты. Жалпы, бүгінгі таңда аймағымызда 1 мыңнан астам баланың психологиялық-неврологиялық сырқаты бар. Оның 477-сінде аутизм белгілері байқалады. Кейбіріне үй жағдайындағы оңалту шаралары жеткілікті болса, енді бірі міндетті түрде күндізгі стационарда мамандардың бақылауында болуы тиіс. Алайда мұндағы орын да аздық етеді.
— Бүгінде балаларға арналған орталықта 51 төсек-орын бар, бірақ оның барлығы толық. Сондықтан орындар санын тым құрығанда 60-қа дейін жеткізу үшін жалпы ауданы екі мың шаршы метр болатын қосымша ғимараттың құрылысын бастадық. Ол 2024 жылы пайдалануға беріледі. Мұнда бала-лардың қоғамға бейімделіп, адамдармен тіл табысуы үшін қолайлы жағдайлар қарастырылмақ. Спорт, мәжіліс залдары ашылады. Балалар бұл орталықта 18 жасқа дейін тұрады. Кейін ересектерге арналған мекемеге ауыстырылады. Мысалы, биыл үш бала кәмелеттік жасқа толып, ересектердің орталығына көшірілді. Жыл соңына дейін тағы үш бала ем-домын осы мекемеде жалғастырады. Сонымен қатар, 6-18 жас арасындағы балаларға арналған күндізгі стационар бар. Мұндағы 20 орынға тағы 10 орын қосу керек. Психо-неврологиялық диагноз қойылған 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерге де топ ашу қажеттілігі туындап отыр, — деді басқарма басшысы. Сонымен қатар, Альмира Дисюпова соңғы уақытта осындай сырқаттарға шалдыққан балалардың саны өсіп келе жатқанын ескеріп, аудан-қалаларда да орталықтар жұмысын бастау қажет екенін тілге тиек етті. Екібастұз қаласында оған лайықты ғимарат табылды. Ал Ақсуда әзірше мұндай мүмкіндік болмай тұр.
— Балаларын орталыққа аудан-қалалардан әкелетін ата-аналар бар. Оларға күн сайын жол жүру оңай емес. Баспана мәселесі тағы ауыртпалық салады. Осыны ескеріп, жергілікті әкімдіктермен аудан орталығында оңалтуға арналған мекемелер ашу мәселесін қарастырып жатырмыз. Тым құрығанда көршілес екі ауданға ортақ бір орталық болуы тиіс, — деді А.Дисюпова. Облыстық мәслихаттың депутаттары бұл бастамаларды қолдады. Сондай-ақ, орталықтарды кешенді түрде кеңейту керектігін айтты.
— Психо-неврологиялық орта-лықта, оның күндізгі стационарында қосымша 10 орынды ғана ашумен шектеліп қалуға болмайды. Байқағанымыздай, кезекте жүз-
деген бала тұр. Олардың барлығы оңалту шараларымен қамтылуы қажет. Сондықтан орталықтардағы орындардың санын мейлінше көбейтудің тетіктерін қарастырған жөн. Бұл ретте жекелеген аудандар мен қалаларда сырқатқа шалдыққан балалардың нақты санын, олардың сұранысын айтсаңыздар, біз ауылдарды аралап, тұрғындармен, жергілікті билікпен жүздескен кезде түйткілді тарқатудың жолдарын қарастырамыз, — деді депутат Динара Айтжанова.
Жол жүруде жеңілдік жоқ
Тұрақты комиссия отырысында мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы жағдай жасау жолдары да қарастырылды. Әсіресе, үшінші топ мүгедектерінің мәселелеріне ерекше назар аударылды. Белгілі болғандай, оларға қоғамдық көлік-термен жүруде, тұрғын үй кезегіне тұруда ешқандай жеңілдік жоқ.
— Сонымен қатар, осы топқа жататын азаматтар арнайы аяқ киімдерді тек 50 пайыздық жеңілдікпен алады. Бұл олардың қалтасына салмақ салатыны рас. Себебі үшінші топ мүгедектігі бар адамдарға берілуі тиіс төлем көлемі 43 мың теңгеден аспайды. Олар денсаулықтарына байланысты ауыр жұмысқа да бара алмайды. Ары кетсе вахтер, күзетші сынды қызметтерді атқарады. Олардың айлығы ең төменгі жалақы — 70 мың теңге көлемінде. Зейнетақы қорының жарнасы, басқа да міндетті төлемдерді есепке алсақ, жалақыдан қалталарына тек 56-57 мың теңге түседі. Яғни, олардың бір айдағы кірісі аз. Сондықтан бұл мәселелерді депутаттардың қолдауымен шешіп, үшінші топ мүгедектігі бар тұрғындарға көмек көрсете білсек, жақсы болар еді, — деді Альмира Дисюпова. Тағы бір мәселе – Екібастұз қаласында бірінші топ мүгедектері және мүмкіндігі шектеулі балаларымен бірге еріп, оларға көмектесетін ересектерге қоғамдық көлікте жеңілдіктің жасалмауы. Мұндай жолаушылар ел қатарлы жолақының толық сомасын төлеуге міндеттеледі. Ал облыс орталығы мен Ақсу қаласында оларға бұрыннан жеңілдік бар. Облыстық мәслихат депутаты Байғабыл Майкотов Екібастұз қаласында да бұл әдісті енгізуге әбден болады деп пайымдайды. Сонымен қатар, басқарма басшысы депутаттардан нысан-дардың мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы болуын қатаң қадағалауды сұрады. Айтуынша, кейбір аудан-қала әкімдіктері бұл жағдайға аса мән беріп отырған жоқ. Атап айтқанда, биыл 259 нысанды бейімдеу жоспарланған. Оның ішінде 105 мекеме бірінші кезекте бейімделу керек. Алайда бүгінде оның тек 13-і жарымжан
жандарға ыңғайланған. Осы бағыттағы жұмыстарды назардан тыс қалдыруға болмайды. Өз кезегінде тұрақты комиссия өкілдері бұл мәселені жіті бақылауға алатынын айтты. Айта кетейік, аймағымызда 28 653 мың тұрғынның мүгедектігі бар. Оның қатарында 3593-і– бала. Олар оңалтуға бағытталған жеке бағдарламаларына сәйкес керек-жарақтармен қамтылады. Мысалы, жыл басынан бері мемлекеттік сатып алулар арқылы мүгедектігі бар алты бала мен бір ересек адамға есту қабілетін жақсартатын құралдар берілді. Сол сияқты 70-ке жуық тұрғынға протездік-ортопедиялық бұйымдар алынды. Бірақ мұндай тауарлардың бағасы қымбат. Сондықтан жекелеген адамдар түгілі кей кездері бюджеттің қазынасы да оның сомасын көтере алмайды. Айталық, өздігінен жүріп-тұра алмайтын азаматтарға арналған бір арба 4 млн теңге тұрады.
Бастысы — әлеуметті қорғау
Сонымен қатар, облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясы отырысында кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігінің сақталуы қаралды. Облыстық еңбек басқармасының басшысы Асқар Қапановтың айтуынша, биыл тұрғындардан барлығы 898 шағым түсті. Оның 64-і еңбек қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Соның негізінде инспекторлар тексеріс жүргізіп, 135 құқық бұзушылық анықталып, жалпы сомасы 1,8 млн теңге болатын 26 әкімшілік айыппұл салынды.
— Облыстағы кәсіпорындар мен мекемелерде 62 жазатайым жағдай тіркеліп, салдарынан 64 адам зардап шекті. Оның ішінде 38 адамның жарақаты ауыр. Өкінішке қарай, екі адамның өмірі жұмыс орнындағы оқыс оқиғадан үзілді. Мұндай қайғылы жайттарға еңбек қауіпсіздігінің сақталмауы, жұмыс процесстерінің дұрыс ұйымдастырылмауы, қыз- меткерлердің салғырттығы әкеліп отыр, — деді А.Қапанов. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін кешенді шаралар атқарылуда. Мәселен, 31 кәсіпорында «Нөлдік жарақаттану – Vision Zero» тұжырымдамасы енгізілген. Тағы 21 мекемеде «Халықтық бақылау» жобасы жүзеге асуда. Бұл қоғамның еңбек қауіпсіздігі техникаларын қадағалауына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, осы жоба арқылы кәсіпорын басшылығының мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа алуы қарастырылған. Тұрақты комиссияның жиынын қорытындылаған облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко әлеуметтік қорғауға баса мән берілуі керек екенін айрықша атап өтті.
— Депутаттар ел аралап, тұрғындармен кездесуі барысында, азаматтарды қабылдауы кезінде әлеуметтік мәселелер жиі көтеріледі. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға көп мән беріледі. Бұл тақырып мәслихат өкілдерінің күн тәртібінен түскен емес, түспейді де. Біз осы бір топ өкілдерінің жайлы жағдайда өмір сүруі үшін қажет шараларды қарастырамыз. Бүгінгі комиссия отырысында көтерілген мәселелер де уақыт оздырмай оң шешімін табады деген сенімдемін, — деп жиынды түйіндеді И.Теренченко.