Облыс әкімі Асайын Байханов Екібастұз қаласына жұмыс сапары барысында кеншілер шаһарын абаттандыру жоспарларымен танысып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Келесі жылы Екібастұзда көшелерді жарықтандыру, жолдарды жөндеу, аулаларды асфальттау және балалар ойын алаңдарын орнату бойынша ауқымды жұмыстар атқарылмақ.

Алдымен аймақ басшысы Асайын Байханов энергетиктер қаласындағы Мәшһүр Жүсіп көшесі, 126 үйдің тұрғындарымен кездесті. Жергілікті тұрғындар аумақтарды абаттандыруды, футбол алаңдарын орнатуды, бір кездері жеке меншік иесі сатып алып, қараусыз қалдырған балабақшаның мәселесін шешуді сұрады. Себебі, иесі жоқ ғимарат ойын алаңының дәл жанында орналасқан. Қала тұрғындарының айтуынша, мұндай нысандарда жазатайым оқиғалар орын алуы мүмкін. Өз кезегінде, облыс әкімі қазір бұл ғимаратты сатып алып, оны әлеуметтік нысанға, балабақшаға айналдыру үшін келіссөздер жүргізіліп жатқаныдығын жеткізді. Сонымен қатар, Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин бүгінгі таңда қараусыз қалған мұндай нысандардың иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қауіпсіздік шараларын сақтау керектігі ескертілгенін айтты. Қала әкімінің айтуынша, абат-
тандыру жоспарына сәйкес келесі жылы 50 аулаға балалар ойын алаңы орнатылмақ. Айта кетейік, 2020 жылдан бастап Екібастұз қаласында 89 заманауи балалар ойын алаңы қосылды.

— 2024 жылы 50 балалар ойын алаңын орнату жоспарлануда. Бұл жоспар орындалса, аулаларды балалар ойын алаңдарымен қамту 56 пайызды құрайды. Екібастұз қаласында 279 аула бар. Бұл мақсатқа бюджеттен 750 миллион теңгеге жуық қаражат бөлу қажет. Сонымен қатар, біз тағы 50 аулаға асфальт төсеуді жоспарлап отырмыз. Автотұрақтар мен жол жиектері орнатылады. Жалпы, қаладағы аулаларға ойын алаңдарын орнатуға, асфальт төсеуге барлығы 1,2 млрд теңге керек, — деді қала әкімі. Облыс әкімі Асайын Байханов өзі де бір жылдары қоныс тепкен кеншілер шаһарындағы кейбір аулалардың келбеті 30 жыл бұрынғы кейпінде қалғанын айтып, кейбір аулалардың тіпті жөндеу жұмыстарын көрмегенін сынға алды. Сондықтан келер жылы қаланың қасбетін жақсарта түсуге үлкен мән берілмек.

– Екібастұз аулаларына тиісті көңіл бөлінбеді. Қыс бойы қаланы араладық, шынымды айтсам, абаттандырылған аулалар өте аз. Тіпті кейбір аулаларда асфальт, балалар ойын алаңдары жоқ. Сондай-ақ, қала көшелері жарық-тандырылмаған. Келесі жылы біз аталмыш мәселелерді шешетін ауқымды жұмыстарды бастап, кейінгі жылдары жалғастыруды жоспарлап отырмыз, — деді Асайын Байханов. Жалпы, 2018-2023 жылдар аралығында Екібастұз қаласын жарықтандырудың 3 кезеңі жүзеге асырылды. Биыл бұл жоспарға сәйкес жарықтандырумен қаланың 68 көшесі қамтылады. Бұл тізімге көшелер, әлеуметтік нысандардың кіреберістері, мектептер мен балабақшалардың кіреберістері кіреді. Аян Бейсекиннің мәліметінше, биыл бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 200 миллион теңге, қалалық бюджеттен 30 миллион теңге бөлінді. Жарықтандыру жұмыстары қараша айының соңына дейін аяқталады.

— Қаламыздың тағы бір түйткілді мәселесі – аулаішілік жарықтандырудың жоқтығы. Қаладағы аулалардың барлығы дерлік жарықтанбаған. Біздің есептеуіміз бойынша мәселені шешу үшін 900 миллион теңгеге жуық қаражат қажет. Жұмыс екі кезең бойынша жүзеге асады. Бүгінгі таңда Екібастұздағы 92 көше жарықтандырылған. Тағы 68 көшенің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді, — деді қала әкімі. Сондай-ақ, Аян Бейсекин «Шахтер» саябағына арналған ауқымды абаттандыру жұмыс-жоспарымен таныстырды. Жос-
парға сәйкес, мұнда аймақтарға бөлу жұмыстары жүргізіліп, демалыс күндері концерттер өтетін сахна орнатылады. Бұл ретте, қала әкімдігі саябақта өсіп тұрған барлық ағаштарды сақтап қалуға уәде берді. Естеріңізге сала кетейік, жергілікті тұрғындар, ардагерлер қауымы Мемлекет басшысының Екібастұзға сапары барысында қалалық саябақты абаттандыруды сұраған болатын. Осыдан кейін қала тұрғындарымен бірнеше кездесулер ұйымдастырылып, онда кеңістікті түрлендіру мәселесі талқыланды.

— Біз ауданы 28 гектарды құрайтын «Шахтер» саябағын қайта жаңғыртудың егжей-тегжейлі жобасын әзірледік. Саябақ аумағын функционалдық аймақ-тарға бөлдік. Жобаға сәйкес мұнда заманауи амфитеатр, құрғақ субұрқақтар, аға ұрпақтың тыныш демалыс аймағы болады. Оған қоса, саябаққа тоған орнатамыз. Жасыл желектерді автоматты суаруды қамтамасыз ету үшін тамшылатып суару жүйелері орнатылады. Бұдан бөлек, саябақта 10 спорттық және төрт ойын алаңы, қоғамдық іс-шараларды өткізуге арналған үш аймақ, екі фуд-корт алаңы, қоғамдық дәретханаға арналған үш модульдік ғимарат және иттерді серуендету алаңы болады, — деді шаһар басшысы. Облыс әкімі Асайын Байханов Екібастұзда балалы отбасылар, жасөспірімдер мен аға буын азаматтардың уақытын пайдалы өткізетін мұндай орын ауадай қажет екенін баса айтты. Сондай-ақ, аймақ басшысы «Шахтер» саябағы тұрғындардың әр түрлі топтары үшін қауіпсіз әрі жайлы болуы тиіс екенін атап өтті.

– Екібастұзда қазір азамат-тардың балаларымен келіп, серуендеп, кофе ішіп, тамақ ішетін жері жоқ. Осының барлығын «Шахтер» саябағында біріктіргіміз келеді. Бұл ретте жасыл желекке зиян тигізбеу қажет. Вандализммен күресу үшін камераларды пайдалану керек, — деді А.Байханов.

 

А.МҰҚЫШЕВ,

Екібастұз қаласы.