Павлодар-Семей-Қалбатау бағытында қатынайтын жүк көліктері мен автобус жүргізушілері бұдан былай жолмен жүргені үшін ақы төлейтін болады. Тек жеңіл темір тұлпар тізгіндеген тұрғындар міндетті төлемнен босатылады.
2021 жылдан бастап Павлодар – Астана бағытындағы жолдың ақылы екені белгілі. Енді Павлодар – Семей – Қалбатау бағыты да 8 қазаннан бастап ақылы жолға айналды. Яғни, республикалық маңызы бар 453 шақырым жолмен өткен жүк көліктері мен автобус жүргізушілері бұдан былай міндетті төлем жасамақ. Бұл ретте 10-15 тонналық жүк көліктері үшін 2626 теңге, 15 тоннадан жоғары көліктерге 3283 теңге көлемінде ақы белгіленді. 16 орындық автобус иелері 656 теңге, 32 жолаушы тасымалдайтын қоғамдық көлік жүргізушілері 1313 теңге, 32-ден көп адамға арналған автобус тізгіндегендер 1969 теңге төлейді. Белгілі бір уақытқа, атап айтқанда, бір айға немесе бір жылға арналған абоненттік төлем де белгіленді. Оны сол елді мекеннің аумағында тіркелген көлік иелері сатып ала алады. Бір айлық абонементтің бағасы – 1-5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде. Яғни, 3450 теңгеден басталып, 17 250 теңгеге дейін жетеді. Жылдық абонемент көліктің салмағына байланысты 12 АЕК-тен 60 АЕК-ке дейін тұрады. Бұл дегеніңіз – 41 400 теңге мен 207 мың теңге аралығы. Айта кетейік, бүгінде еліміз бойынша 2,2 мың шақырым ақылы жол бар. Жыл басынан бері одан өткен көліктерден ел қазынасына 4 млрд теңге түсті. 14 қазаннан бастап Павлодар – Омбы бағытындағы жолды да ақылы ету жоспарланып отыр.
Өз тілшіміз.