23 жастағы павлодарлық гроссмейстер Әлішер Сүлейменов Дохада өтіп жатқан Qatar Masters Open турнирінің екінші айналымында әлемнің үздік шахматшысы Магнус Карлсенді жеңді. Магнус Карлсен әлемдік рейтингте бірінші орында тұр.
«Спорт Шредингера» Telegram-арнасы хабарлағандай, FIDE әлемдік рейтингінде Әлішер Сүлейменов 528-орында, ал Карлсен бірінші орында тұр. Ол өз жеңісі туралы әсерімен бөлісті.
— Өзімді қалай сезініп тұрмын дейсіз бе? Тіпті, не айтарымды да білмеймін. Шынымен өзімнің жеңіп кеткеніме әлі сене алар емеспін. Ойынның алдында егер тең ойын болса, керемет болар еді деп ойлағанмын. Жаттықтырушым да солай деген еді, – деді ол. Жас талапкердің жолы болып, қарсыласын ұтып, даңққа бөленді. Айта кетейік, Әлішер Сүлейменов Павлодарда туған. Ол өткен жылы Үндістанның Ченнай қаласында өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсетті. Турнирде ерлер құрамасы Қытайдан келген қарсыластармен кездесіп, 3:1 есебімен жеңіске жетті. Қазыбек Нөгербек пен Әлішер Сүлейменов ойындарын жеңіспен аяқтаса, Арыстанбек Оразаев пен Мұртас Қажғалеев тең есеппен аяқтады. Дохадағы турнирге Әлішер Сүлейменовтен басқа командамыздың басқа да мүшелері қатысуда. Олардың арасында Ринат Жұмабаев, Бибісара Асаубаева, Қазыбек Нөгербек, Алуа Нұрманова, тағы басқа сайыпқырандар бар.
Өз тілшіміз.