Аймақтың 9 айдағы аяқалысы облыстық әкімдікте облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында кеңінен айтылды. Яғни, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері талданып, әлі де жетілдіретін тұстар сөз болды. Жалпы, тоғыз айда облыста өсім бар, тек ауыл шаруашылығындағы ахуал даму қарқынына кері әсерін тигізуде.

Көмек — бес бағытта

Аппараттық жиында алдымен мезгіл мәселелері көтерілді. Мәселен, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Ақтаев қуаңшылықтан зардап шеккен тауар өндірушілерге жасалып жатқан қолдау шараларын баяндады. Субсидия, арзандатылған дизельді отын беру сынды жұмыстарды атады. Айтуынша, қазіргі таңда 152 шаруа несиесін өтеуде қиындыққа тап болған. Олардың 81-і қаржы институттарына несие мерзімін шегеруге қатысты өтінім түсірген. Мал азығын әзірлеу де жоспарлы түрде жүріп жатқанын айтты. Басқарманың мәліметіне сенсек, бүгінде аймақта 1 млн 100 мың тонна шөп шабылған. Жоспар — 1 млн 215 тонна. Яғни, жоспар 92 пайызға орындалған. Одан бөлек, былтырдан қалған 220 тонна шөп тағы бар. Облыста 27 400 жеке аула бар. Тұрғындардың да қажеттілігі 93 пайызға қамтылыпты. Облыс әкімі Асайын Байханов қуаңшылыққа байланысты шаруаларды қолдау бес бағытта жүргізіліп жатқанын айтты. Яғни, жергілікті бюджеттен 3 млрд теңге бөлініп, шөп шабу науқанына субсидия берілді. Бұл қолдауға 1,5 мың шаруа қол жеткізді. Екінші бағыт бойынша 38 мың тонна арзандатылған дизельді отын үлестірілді. Былтыр 4 мың тонна болса, биыл 10 мың тонна таратылды. Тағы бір бағыт 2021-2022 жылдарғы шаруалар қарызын өтеуге 6,2 млрд теңге бөлініп, игерілуде. Төртінші бағытқа тоқталсақ, «Павлодар» ӘКК-мен бірлесіп, 5 мың тонна жем-азық алынып, қор құрылды. Бесінші бағытта диқандардың несиелерін қайта құрылымдау мәселесіне мән беріледі. Аймақ басшысы төрт бағыттың жұмысы толық жүзеге асқанын, енді соңғысы бойынша істі ширатуды тапсырды. Шүлбі су қоймасы көлемінің максималды көрсеткіштен асуына байланысты Ертіс өзеніне күзде су жіберіліп, аймағымыздың шаруаларын әбігерге салғаны белгілі. Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаеваның айтуынша, қазіргі таңда қауіп жоқ. Себебі, екі апта бойы секундына жіберілген су көлемі 650 текше метрден 1 мыңға жетсе, бүгінгі күні қалыпты деңгейге қайта түсірілген. Қазгидромет мекемесімен бірлесіп, аймақта орналасқан гидробекеттер арқылы су деңгейі бақыланып отыр. Ямышев, Ақсу және Тереңкөл елді мекендеріне қосымша бекеттер орнатылыпты. Рельефі ең төмен Павлодар және Ақтоғай аудандарында мәселе туындаған. Павлодар ауданы әкімдігі қосымша су өткізу құбырларын орнатыпты. Жалпы, облыста шалғындарда 68 мың тонна шөп бар. Шабындық жерлерден шөп қорларын шығаруға 40 техника жұмылдырылыпты.

Күн суытқанша қамданып қал!

Аймақ басшысы алдағы аптада ауа температурасы нөлден төмен түсетінін ескертіп, жылу маусымының қазіргі жағдайына да айрықша тоқталды. Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Ержан Салхановтың мәлімдеуінше, Павлодардағы барлық әлеуметтік нысандар, көп пәтерлі үйлер жылуға қосылған. Облыс әкімі А.Байханов күннің суытатынын ескеріп, үйішілік жылу жүйелеріне қатысты мәселелерді апта соңына дейін реттеуді тапсырды. Жалпы, жылу маусымының басында мұндай кішігірім түйткілдердің туындауы қалыпты екенін де атады. Облыс орталығында бірқатар үйлерден шағым түскенін атап өтті. Сол үй тұрғындарына үйішілік желілерін реттеуге қолғабыс жасауды тапсырды. Ал Екібастұздағы 7-ші жылу магистралін іске қосуға байланысты бір шағын аудан тұрғындары жылудан ажыратылған болатын. Бұл жұмыстар бүгінге дейін аяқталып, кеншілер шаһарындағы 68 көпқабатты үй, 12 әлеуметтік нысан және 317 жеке үйлерге жылу қайтадан беріледі.

Өсім мен түсім

Аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына келсек, 9 айда өсім бар. Тек ауыл шаруашылығындағы көрсеткіштер биылғы жағдайға байланысты төмен болып отыр. Бұл салада өндірілетін өнім көлемі биыл 8,6 пайызға кеміген. Егін шаруашылығына қуаңшылық кері әсерін тигізгенімен, мал шаруашылығында, керісінше, өсім 7,2 пайызды құраған. Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчуктың мәлімдеуінше, өнеркәсіптік өндірісте 2,3 трлн теңгенің өнімі шығарылған. Бұл өткен жылғыдан 0,4 пайызға жоғары. Әсіресе, тау-кен, электрмен қамту секторында өсім тіркеліп отыр. Тоғыз айда облыс экономикасына 635 млрд теңге тартылған. Бұл көлем былтырғыдан 1,4 есеге артық. Инвестицияның басым бөлігі — кәсіпорындардың жеке қаражаты, дейді басқарма басшысы. Құрылыс қарқыны да артқан. Есептік кезеңде 214,4 млрд теңгенің жұмысы атқарылған. Жалпы, аймақта 200,6 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілген. Яғни, өткен жылғы көрсеткіштен 4,8 пайызға жоғары. Жыл басынан бері барлық тауарлар мен қызметтер инфляциясы 106,2 пайызды құраған. Бұл орташа республикалық деңгейден 1 пайызға төмен екенін айта кетейік. Бағаға тоқталсақ, биыл азық-түлік тауарлары 5,7 пайызға, азық-түлік емес тауарлар құны 6,2 пайызға өскен. Құзырлы орган басшысы барлық индикаторлар бойынша оң қарқын Екібастұз қаласы мен Ақтоғай, Ертіс, Аққулы, Май, Шарбақты, Павлодар аудандарында тіркелген. Павлодар, Ақсу қалалары мен Баянауыл ауданында өнеркәсіп саласында көрсеткіш орындалмаған. Ал Железин, Тереңкөл, Успен аудандарында ауыл шаруашылығы бойынша былтырғы деңгейге қол жеткізілмепті. Облыс басшысы жыл аяқталуға екі ай қалғанын, осы аралықта негізгі салалар бойынша макрокөрсеткіштерді қайта қарап шығуды тапсырды. Олқы тұстарды өзге бағыттар бойынша толықтыру қажеттігін айтты. Мәселен, егін шаруашылығында кеткен есені өзге резервтер арқылы қайтарудың жолдары қарастырылмақ. Жиында облыс бюджетінің игерілуі де пысықталды. Облыстық қаржы басқармасының басшысы Жеңіс Шақатовтың айтуынша, облыстың қазынасы жоспардан 5,2 млрд теңгеге асыра орындалып, 234,5 млрд теңгені құрады. Жеке табыс салығы  әлеуметтік салық есебінен асыра орындалып отыр. Облыс бюджеті он айда 99,6 пайызға игерілген. Қазіргі таңда 1,5 млрд теңге көлемінде қаржының игерілмеу қаупі бар. Негізгі сома – 1,1 млрд теңге Екібастұз қаласында қалыптасып отыр. Оның ішінде 928,8 млн теңгеден астамы жылу желілерін жаңғыртуға байланысты. Бұл нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы түзетуге жіберілген. 300 млн теңге — облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасына қарасты қаражат. Мұнда балық шаруашылығы кешеніне қажетті жабдықтың шеттен жеткізу жұмыстарының кешеуілдеуінен орын алуда. Облыс әкімі барлық салалық басқарма басшыларына жұмыстардың, жалпы жоспардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қадағалауды тапсырды.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Суретті түсірген — Валерий Бугаев.