Кітапхана оқырманға қажетті кітапты ұсыну ғана емес, көпшіліктің демалыс орнына, жастардың бос уақытын тиімді пайдалана отырып, жаңа орта қалыптастыру аймағына айналып отыр. Бұған дәлел, кеше С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Кітапхана түні — 2023» атты әлеуметтік-мәдени акциясы өтті. Тақырыбы күз мезгіліне арналды.
Шараға арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова рухани және мәдени дамудың басты құралы кітап оқудың өміршеңдігін айтып өтті.
— Кітапхана – білім мен ғылым ордасы. Бұл демалуға, ойлануға, әрине көп нәрсе білуге болатын жер. Ал кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан беретін, ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы кітапханашылар. Өткен жылдан бастап кітапханашылар кәсіби мерекесін атап келеді. Бұл кітапхана ісінің төмендемей, керісінше қарқынды дамитынының белгісі. Мерекелеріңіз құтты болсын! – дейді А.Құрманова. Шара барысында бірқатар кітапханашылар облыс әкімінің Алғыс хатымен, ҚР Ұлттық кітапханасының «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгісімен және Қазақстанның Құрметті кітап-ханашысы төлбелгісімен марапатталды. Аталмыш кітапхана түні облыстық кітапханада 2017 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы жолғы тақырып «Күзгі vibe», яғни күз мезгілімен байланысты болды. Ғимараттың іші қызыл-сары жапырақтармен, осы жыл мезгіліне қатысты түрлі иллюстрациялық суреттермен безендірілді. Келген қонақтар әр бөлімде дайындалған 20-ға тарта алаңдармен танысты. Олардың арасында жергілікті қолөнершілердің шеберлік сағаттары, «Жапырақ жүрек жауһар жыр» поэзия кеші, Э.Соколкиннің «Хрестоматия по географии Павлодара» атты кітабының тұсаукесері және Күзгі бал бар. Павлодарлықтар, сондай-ақ кинозал бөлімінде түрлі отандық және шетелдік фильмдерді тамашалап, үстел ойындарын ойнауға мүмкіндік алды. Облыстық кітапхананың басшысы Шолпан Шахметова жыл сайын өткізіліп отыратын бұл шара оқырман қауым санының артуына үлесін қосары сөзсіз дейді. Бұл – жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін шара. Биыл әр оқырман өз қалауы бойынша бара алатын 20 алаң құрдық. Осы кітапхана түнінен кейін оқырмандарымыз көбейіп, келем деушілер артады деген сенімдемін, — дейді Ш.Шахметова. Құпияға толы «Кітапхана түні» оқырманға рухани білім мен демалыс сыйлаған тағылымды шара ретінде қабылданып, өз оқырмандарын қызықтырып, ерекше көңіл күйге бөледі. «Күзгі бал» шарасында ортағасырлық билерді билеуден жарысып, үздік атанған жұп Күз патшасы мен патшайымы атанды.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суретті түсірген – Есенжол Исабек.