Аймағымызда жануарлардан ауру жұқтырған тұрғындар қатары артуда. Тек осы жылдың алғашқы тоғыз айында 1836 павлодарлық антирабиялық көмекке жүгініп, оның 61-і медициналық көрсеткіштері бойынша ауруханада ем алған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биыл мұндай азаматтардың саны 7,1 пайызға көбейген. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында сөз болды.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Дощанованың айтуынша, өңірімізде құтыру, сарып (бруцеллез) сынды қауіпті аурулар тіркелген.
— Жануарлардан жұғатын аурулар адам денсаулығына кері әсерін тигізеді. Мәселен, құтыру — орталық жүйке жүйесінің зақымдануымен сипатталатын жұқпалы індет. Оны жұқтырғандар дер кезінде екпе егілмей, асқындырып алған жағдайда соңы өлімге дейін әкеліп соғуы мүмкін. Осы жағдайдың алдын алу мақсатында зардап шеккен жандарға жараны дереу сабынды жылы сумен және ерітіндімен жуу керектігін ескертіп, тәулік бойы көмек көрсететін травматологиялық пункттерге жүгінуге шақырамыз. Медициналық мекемелерде құтыруға қарсы егу курсы тағайындалады, — дейді З.Дощанова. Сонымен қатар, ол облысқа қарасты ауылдарда жыл сайын сарып ауруын жұқтыру дерегі тіркелетінін де атап өтті. Айталық, биыл жыл басынан бері осындай 33 жағдай орын алған.
— Бұл ауру да адамға жануарлардан жұғады. Сондықтан оларға күтім жасаған кезде өте мұқият болу қажет. Сондай-ақ, қайнатылмаған сүт және одан дайындалған термиялық өңдеусіз өнімдерден де жұғу қаупі бар. Дертті дер кезінде емдемесе, оның салдары мүгедектікке әкелуі мүмкін. Себебі, адамның жүрек-тамыры мен дененің тірек-қимыл жүйесі зардап шегеді. Мұндайға жол бермес үшін мал ұстайтын азаматтар оларға жүйелі түрде бруцеллез сынамасын жасатып отыруы тиіс, — дейді спикер. Ол әзірге облысымызда сібір жарасы ауруы тіркелмегенін, бірақ одан да үлкен қауіп барын айтып, сақтану жолдарын түсіндірді. Маманның сөзіне қарағанда, аурудың алдын алу үшін «тәуекел тобына» жататын адамдар вакцина алғаны жөн. Оларға санитарлық сала мамандары, ветеринария және зертханаларда, ет өңдеу кәсіпорындарында, мал сою пункттерінде, сібір жарасы ошақтарында жұмыс істейтін мамандар жатады. Биыл аталмыш ауруға қарсы 459 адам екпе егілген. Баспасөз мәслихатында өңірде эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында атқарылған ветеринариялық-санитариялық шаралар жайы да сөз болды. Бұл жөнінде баяндаған облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Асылтас Тілеубаев:
— Биыл 9,7 млн манипуляция жасау жоспарланды. Оның ішінде жануарларда кездесетін құтыру, аусыл, пастереллез, сібір жарасы, эмкар, ринопневмония, нодулярлық дерматит, инфекциялық ринотрахеит, вирустық диарея, құстардың жоғары патогенді тұмауы, Ньюкасл ауруы сынды 11 аса қауіпті ауруларға қарсы жануарларды вакцинациялау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, 212,5 мың туберкулезге және маңқаға аллергиялық зерттеулер, 25,6 мың итті дегельминтизациялау шаралары қолға алынуда. Облысқа қарасты қалалар мен аудандарға 9,2 млн доза ветеринариялық дәрі-дәрмек таратылды. Нәтижесінде, биопрепараттармен қамтамасыз етуге бағытталған жылдық жоспардың 94 пайызы орындалды. Енді қараша айында 470,3 мың доза дәрі-дәрмек қалдығы жеткізіледі, — деді. Оның айтуынша, биыл 20 қазандағы жағдай бойынша 532 160 ірі қара бруцеллезге тексеріліп, оның 2395-де ауру анықталған. Бүгінгі күні 2383 бас союға жіберілген. Осы бағыттағы жұмыстар үздіксіз жүргізілуде. Өкінішке қарай, соңғы кезде өңірде қаңғыбас иттер саны артуда. Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, аймақ бойынша осындай 25 мың салпаң құлақ бар деген болжам жасалуда. Ең қорқыныштысы, жануарлардың адамға шабуыл жасау оқиғасы тыйылмай тұр. Мәселен, ағымдағы жылдың тоғыз айында 1800 жануардың павлодарлықтарды тістегені тіркелген. Оның ішінде 686 оқиғаға байланысты иесі табылса, 481 иттің қаңғыбас екені анықталған. Бұл жағдайдың алдын алу мақсатында жақында Павлодар қаласында 300 орындық уақытша ұстау изоляторы пайдалануға берілмек. Мұндай мекемелер болашақта барлық аудан мен қала орталығында ашылады деп жоспарлануда дейді, Асылтас Тілеубаев. Айта кетерлігі, былтыр елімізде «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң қабылданған болатын. Сол бойынша қаңғыбас иттерді атуға тыйым салынуда.
Нұржайна ШОДЫР.