Елімізде келесі жылдан бастап іске қосылатын «Ұлттық қор — балаларға» жобасы аясында жыл сайын 18 жасқа дейінгі әр баланың шотына шамамен 100-200 АҚШ доллары аударылады деп жоспарлануда.
Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында сөз болды. «БЖЗҚ» АҚ Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары Нұржамал Дүйсембаеваның айтуынша, аталмыш қор жас ұрпақтың игілігіне арналған жаңа жобаның жинақтау шоттарының операторы болып табылады. Яғни, Ұлттық қордан 0-18 жасқа дейінгі балаларға аударылатын қаржы БЖЗҚ-ға түсетін болады. Оның негізгі талаптары мен ережелерін түсіндірген Нұржамал Дүйсембаева:
— 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асатын «Ұлттық қор — балаларға» жобасына тек Қазақстанның азаматы болып табылатын 18 жасқа дейінгі ұл-қыздар ғана қатысады. Оларға жыл сайын Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы есептеліп, аударылып тұрады. Бұл ретте, табыс мөлшерлемесін есепті кезеңге өткен 18 жылдағы орташа жылдық мән негізінде айқындау жоспарлануда. Сондай-ақ, балаларға есепті жылға дейінгі уақытта есептелген сомалар Ұлттық қор активтерінің құрамында инвестициялануды жалғастыра береді. Нәтижесінде, оларға қосымша кіріс есептелетін болады, — дейді. Оның айтуынша, балалар қорда жиналған қаржысын 18 жасқа толғаннан кейін екі түрлі мақсатқа ғана пайдалана алады. Атап айтар болсақ, бұл қаражат тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және білім алуға ақы төлеу үшін ғана жұмсалуы тиіс. Ол жағын ҚР Әділет министрлігі қатаң бақылауға алмақ. Жинақтаушы қор әр қатысушының үлесін есептеп, деректерді ақпараттық жүйеге енгізетін болады. Ал бала 18 жасқа толған сәтте БЖЗҚ-да нысаналы жинақтау шоты ашылады. Ондағы қаражатты «Қазпошта» АҚ және екінші деңгейдегі банктер арқылы жоба талабында көрсетілген мақсатқа пайдалануға құқылы. Ол үшін алдымен қор жинақталған ақшасын алушы жастардың өтініші мен дұрыс бағытқа пайдалануын растайтын құжаттарды уәкілетті операторға жолдайды. Ол әбден тексеруден өтіп, мақұлданған соң ғана қаржы тиісті шотқа аударылады. Алайда, бұдан кейін (бала 18 жасқа толған соң) аталған шотты инвестициялау тоқтатылады. Ескеретін тағы бір жайт, Қазақстаннан басқа мемлекетке тұрақты тұруға кеткендер Ұлттық қордың қаражатын пайдалану құқығынан айырылады. Сонымен қатар, егер қазақстандықтар
18 жасқа толғаннан кейін 10 жылдың ішінде қордағы төлемдерін алуға өтініш бермеген жағдайда бұл қаражат автоматты түрде ерікті зейнетақы жарналары есепке алынатын жеке зейнетақы шотына аударылады. Сондай-ақ, көпшілікті «баланың шотына қаражаттың аударылып жатқанын қалай білуге болады?», — деген сұрақ мазалауда. Бұған жауап берген Нұржамал Дүйсембаева:
— Баланың бағдарламаға қатысушы болып табыла-тындығы туралы барлық ақпаратты оның заңды өкілдер egov.kz порталындағы өзінің жеке кабинетінен біле алады. Бұдан басқа, бағдарлама бойынша үнемі жасалып отыратын есептер БЖЗҚ-ның enpf.kz ресми сайтында орналастырылады, — дейді.
Нұржайна ШОДЫР.