Қазақы қаймағы бұзылмаған Ертіс-Баян өңірі — ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Жаяу Мұса, Майра, Естай, Жарылғапберді сынды әнші, ақын, халық композиторларымен қатар Байғабыл Жылқыбаев, Темірболат Арғынбаев, Қали Байжанов сынды әнші-орындаушыларды түлеткен киелі мекен. Кереку төрінде осы өнер майталмандарының ізін жалғап, ұлттық ән өнерінің туын жықпай, дәріптеп жүрген дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Айтбаевтың 50 жас мерейтойына арналған дәстүрлі ән мерекесі дүрілдеп өтті.

Дарабоз әнші Қайрат Байбосыновтың төл шәкірті, Арқа ән мектебінің көрнекті өкілі Ербол Айтбаевтың Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияда өткен «Жайқоңыр» атты ән кешіне Жетісу, Арқа, Батыс әншілік мектебі және Сыр өңірінің жыршылық мектебінің саңлақтары қатысты. Дәстүрлі ән жәрмеңкесінде Халық әртісі Рамазан Стамғазиев, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері – Ерлан Рысқали, Дәуренбек Әркенов, «Құрмет» орденінің иегері Қайрат Кәкімов, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Толғанбай Сембаев, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығынын лауреаты Күнсұлу Түрікпен, күйші, мәдениет саласының үздігі Қайрат Айтбаев, республикалық байқаулардың лауреаттары – Дәуренбек Сләмғали, Салтанат Қисатова, Жайдар Шұнан өнер көрсетті. Кеш тізгінін ұстаған ҚР мәдениет саласының үздігі Медғат Манапов дәстүрлі әннің тарихына шолу жасай отырып, жоғары деңгейде жүргізді. Дәстүрлі ән кешінде шырқалған Мұхит әндері Жайықтың суы толқынданып кеп ерке Ертіске құйылғандай әсер етті. Сырнай сазымен тамылжыған Майраның әні қоңыр домбыраның үнімен әуелеген Біржан сал, Ақан сері, Құлтума, Жаяу Мұса әндеріне ұласты. Сыр өңірінің жыр-термелері құлақ құрышын қандырса, Тәттімбеттің шертпе күйлері тыңдарманын тебірентті. Әнші Рамазан Стамғазиевтің орындауындағы ақын Несіпбек Айтов сөзіне жазылған Тұрсынжан Шапайдың «Дариға-дәурен» әні жүректің қылын шерткені анық. Бұл күні Кереку аспанын ән тербеп, күй кернегендей болды.

— Бір кездері осы өңірдің өнер туы жығыла жаздап, бағы тайыңқырап, тұралап тұрған сәтінде Алла тағала елдің бағына Ерболды берді. Ерекең осы жолда қаншама тер төкті. Өңір аманатын арқалап, алашқа дәріптеп, сән-салтанатымен жеткізді. Сөйтіп жүріп өзі де жетіліп, тұлғалық деңгейге жетті. Бүгінде айналасы өзі қанаттандырып тәрбиелеген іні-қарындастарымен толығып, бір қауым елге айналды. Қазір бұл елге барсаң, ән мен күйдің Ерекең қалыптастырған ордалы ортасын көресің. Бұл — ұлт өнері үшін үлкен жетістік, — дейді әнші Ерлан Рысқали. Өнер кешінде облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Медет Тауасқан мерейтой иесі – әнші Ербол Айтбаевқа ат мінгізіп, шапан жапты. Өз кезегінде әнші Ербол Айтбаев өнерсүйер қауымның атынан жақында Халық әртісі атанған әнші Рамазан Стамғазиевтің иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Ән кешіне Ербол Айтбаевтың өнерін жоғары бағалайтын талғамы биік тыңдарман қауым жиналды. Дәстүрлі әннің дүлдүлдері қатысқан мерейлі кеште қалықтаған ән тыңдаушысының көңілін шарықтатты. Төл өнерге сусаған көрермен өнер майталмандарын зор қошеметке бөлеп, ыстық ықыластарын аямады.

 

Торғын ОРАЗАЛЫ.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.