Мамандар облыс тұрғындарына осындай кеңес беріп отыр. Яғни, тайғақ, боранды күндері жолға шықпау жөнінде ескерту келсе, оны елемеудің соңы жақсылыққа апармайтынын ескертті. Ал жауапты органдар өздері тарапынан тас жолдың қыста тұрғындарға жайсыздық тудырмауы үшін барынша қамданып жатқандарын жеткізді.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшысының орынбасары Олег Трещевтің мәлім-деуінше, қыркүйектен бері қыста жолда қолайсыздық тудырмаудың амалдары қолға алынған. Айтуынша, бүгінде республикалық және жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарының астынан су өткізетін құбырлар толық жабылған. Қыс мезгілінде қар құрсауында қалғандарды құтқарып, жылытуға арналған 15 мың адам сыятын барлығы 199 орын қарастырылыпты. 417 бірлік техника сақадай сай, дейді департамент өкілі. Мамандар жолдың кейбір бұрылыстары мен сәл жоғары көтерілетін тұстарында  қардың тау боп үйіліп, көліктердің кептелісіне көп жағдайда жол бойындағы темір қалқандар жетелейді дегенді алға тартып отыр.

— Желдің ұйытқуымен жеткен қар жолдағы темірлерге тіреліп, үйіле береді. Өткен қыстағы жағдайларға жүргізілген талдау нәтижесінде аймақ жолдарында қар басып қалатын 257 учаске анықталды. Сол кедергілерді уақытша ала тұрсақ, қыста жолдың қарға көмілуінің алдын алар едік. Бүгінде осыған құзырлы органдармен рұқсат алу бағытында  жұмыс жүргізіліп жатыр,  дейді О.Терещев. «Қазавтожол» компаниясының облыстық филиалы мамандарымен бірлесіп, тайғаққа қарсы қолданылатын қордың көлемін де бір пысықтап алыпты. Бүгінде 10 қоймада 14 мың текше метр құм, 5 мың тоннаға жуық тұз бар. Республикалық маңыздағы жолға 10 мың метр бойына қар ұстайтын қалқан орнатылыпты. Ал облыстық деңгейдегі жолда барлығы 4 мың метр болатын қалқан тұрғызылған. «Қазавтожол» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Алексей Логвиненконың мәлімдеуінше, аймағымызда респуб-ликалық маңыздағы 1663 шақырым жол болса, соның 1473 шақырымына «Қазсервис» фирмасы қызмет етеді. Ал ақылы жолдың 191 шақырымына «Яссы құрылыс» компаниясы жауапты. Алғашқысының меншігінде жолды қардан тазартатын 88 техникасы бар. Тағы 11 техниканы жалға алуға келісімге отырған. Енді жыл соңына дейін тағы 9 жолға арналған құрамдастырылған көлік жеткізіледі деп күтілуде. Екінші фирма иелігінде 26 техникасы бар, 5 көлікті жалға алмақ. Жыл соңына дейін 3 техника сатып алады. Былтыр республикалық маңыздағы жолдарда 145 учаскеде қар тоқтайтыны белгілі болған. Биыл 30 шақырымдай аумаққа темірбетонды қар ұстайтын қоршаулар қойылыпты. Одан бөлек, республикалық тас жолға жүргізілген орташа жөндеу жұмыстары кезінде 3 шақырым қалқан қарастырылған. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Инна Бейм жергілікті маңыздағы жолдардың қысқа әзірлігіне тоқталды. Айтуынша, 3859 шақырым жол болса, оның 1010 километрі облыстық, қалғаны аудандық деңгейге жатады. Облыстық жолдың жай-күйіне қыста 6 мердігер фирма жауап берсе, аймақтың аудандық маңыздағы жолдарына 22 ұйым қызмет көрсетпек. Олар қысқы жұмыстарға барлығы 218 техникасын әзірлеп отыр. Тайғақта жолды реттеу үшін 3,8 мың тонна материалын дайындап қойған. 387 мың тонна жанар-жағармай қарастырылған. Қар ұстап қалатын жерлерді ағаш-бұталардан, шөптерден тазарту жұмыстары жүргізілген. Одан бөлек, Екібастұз-Майқайың аралығында жолы көтеріңкі екі тұсқа қалқан орнатылыпты. Осылайша, жаз бойы қамданған мекеме мамандары атқарылған шаралардың нәтижесінде ақ ұлпа жиналатын аумақтар азаяды деген үмітте.