«Кітап-АMANAT» атты республикалық жоба аясында «АMANAT» партиясының Павлодар облыстық филиалында кітап орталығының салтанатты ашылуы өтті. Жоба қазақстандықтардың отандық әдебиетке, кітап оқу мәдениетіне деген қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ, қазақ жазушылары мен баспаларға қолдау көрсетуге бағытталған.

Павлодар өңіріндегі кітап орталығының ашылу салтанатына Павлодар қаласына жұмыс сапарымен келген «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова, сондай-ақ қазақстандық жазушылар, публицистер, жергілікті жоғары оқу орындарының ректорлары және «АMANAT» партиясының өкілдері қатысты. Партия хатшысы Шолпан Каринова мұндай орталықтардың жұмысының маңыздылығына тоқталып, кітап клубының болашағы зор екенін атап өтті.

— Бұл — үлкен әлеуметтік және мәдени жоба. Партия филиалдарының қабырғасынан кітап орталықтарын ашу арқылы олардың руханият ошақтарына айналуына күш саламыз. Мұнда тұрғындар мәселелерін шешіп қана қоймай, рухани баю үшін де келіп, қазақ авторларының озық кітаптарымен танысуға мүмкіндік алады. Жергілікті ақын-жазушылардың қолдауының арқасында кітап клубы барша павлодарлықтың сүйікті орнына айналатынына сенімдімін, — деді Ш.Каринова. Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы Серік Елікбай, Торайғыров және Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық универ-ситетінің ректорлары Еркін Садықов пен Жанбол Жылбаев «Кітап-AMANAT» бастамасына оң баға берді.

— Жобаның рухани-ағартушылық тенденцияларды ілгерілету мәсе-лелерінде маңызы зор. Орталықты ілгерілету және дамыту мақсатында ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 165 жылдығына орай шығарылған университет ғалымдарының автор-лығымен алты томдық жинақты ұсынуды жөн көрдік, – дейді Еркін Садықов. Сондай-ақ, шара барысында павлодарлық жазушылар Ғалымбек Жұматов, Александр Вервекин және басқа да облыстың көрнекті қайраткерлері өз кітаптарын сыйға тартты.

— Бүгінде түрлі бағыттағы кітаптар шығарылуда. Оларға сұраныс та жоғары. Кітап клубында жастар классиканы оқып қана қоймай, психология, бизнес, тарих салаларындағы еңбектермен де танысады. Орталық үнемі кітап қорымен толығып, оқырмандар арасында сұранысқа ие болғанын қалаймын, — деп атап өтті ол. Облыстық мәслихат депутаты, «АMANAТ» фракциясының мүшесі, кәсіпкер Александр Толмачев Ақсу қаласындағы үлкен сауда және ойын-сауық орталығында «Кітап-АMANAT» оқу залын ашуға уәде берді.

— Шығармашылық үдеріс маған қатты әсер етті. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Ақсу қаласындағы Aksu Mall-да ауданы шамамен 36 шаршы метр болатын үлкен оқу залын жасағым келеді. Бұл сауда орталығына келушілерді қызықтырады деген ойдамын, — деп жоспарларымен бөлісті құрылысшы. Павлодарлық «Кітап-AMANAT» кітап клубына мыңға жуық кітап келеді деп күтілуде. Айта кетейік, бұған дейін мұндай орталықтар Астана, Алматы қалаларында және Жамбыл облысында ашылды.

Айдана БОРАНБАЕВА.